21–25 қараша күндері аралығында Италияның астанасы - Рим қаласында әлемнің 18 елінен жиналған 623 команданы бір аренада тоғыстырған Fibonacci International Robot Olympiad халықаралық финалы жоғары деңгейде өтті. Қазақстан атынан 59 команда мен 96 қатысушы қатысып, ел намысын қорғады. Нәтижесінде 19 алтын, 13 күміс, 8 қола медаль және 12 «Jury Award» мотивациялық жүлде жеңіп, еліміздің абыройын әлемдік аренада жоғары көтерді. Қазақстан барлық 18 елдің ішінен медаль саны бойынша 1-орынға шығып, Fibonacci олимпиадасының абсолютті көшбасшысы атанды.
Ел намысын қорғаған командалар арасында Саран қаласының білім бөліміне қарасты №17 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушылары: Антон Евсеев пен Тимур Каримовтан құралған «Robo Stars Saran jr» командасы ерекше көзге түсті. Олар LegoFootball (робофутбол) санатында ел намысын қорғап, техникалық шеберліктерін, командалық ойын мен стратегиялық ойлау қабілеттерін дәлелдеп, әлемдік деңгейде 2-орынға ие болды.
- Бізге бұл жеңіске жету оңайға соқпады. Біз оған ұзақ жүрдік. Бастапқыда Түркияның Анталия қаласында өтетін жарыста өз командамызды таныстыруға лицензия алдық. Робофутбол – бұл жай ғана роботтармен футбол ойнау емес. Робофутбол — роботтарды құрастыру және тікелей бағдарламалау үдерісі. Яғни, робот ережелерге және талаптарға сәйкес болуы керек. Оның салмағы, бойы барлығы ескеріледі. Италияға жолдама алып, енді Римге келгенде ережелердің өзгергенін түсіндік. Бұған не себеп болғаны белгісіз, өйткені Анталияда мүлде басқа талаптар қолданылған еді. Біз де басқаша дайындалдық. Соған қарамастан, бірден өзімізді жинап, роботтарды реттеуге кірістік. Бұл – тәжірибемізді байытқан, жаңа жағдайға бейімделе алу қабілетімізді арттырған маңызды қадамдардың бірі болды, - деп өз әсерімен бөлісті №17 мектеп-гимназиясының информатика мен робототехника мұғалімі, «Robo Stars Saran jr» командасының жетекшісі Асель Акшалакова.
Роботтардың тілін таба білетін жас дарын иелерінің робототехникамен айналысып жүргеніне 3 жылдан асты. Осы уақыт аралығында тек бір бағытпен шектелмей, түрлі категориялар бойынша жарыстарға қатысып келеді. Олар First Lego League, «Роболенд», Fibonacci робототехника жарыстарында жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Жетекшілері: «Алдағы мақсат – қол жеткізген табыстарымызды еселеп, жаңа асуларды бағындыру, биіктен көріну», – дейді. Өйткені робототехника саласындағы мүмкіндіктер өте кең, бағыттар да сан алуан.
Қазір команда First Lego League жаңа маусымына қызу дайындық үстінде. Биыл қатысушылар археология бағытын қамтымақ. Осы орайда, жерлестеріміз ұсынылған тақырыпты тек сырт жағынан ашпай, маусымға толық дайындалу үшін балалар археология әлеміне терең бойлап, ғылыми ізденіс жүргізуде. Әрбір қатысқан жобаға, жарысқа үлкен жауапкершілікпен қарағанның арқасында үш жыл қатарынан Азия ойындарына барған. Биыл да үздіктер қатарынан көріну үшін көп еңбек етуде.
- Мектеп-гимназиясында жұмыс істеп жүргеніме бес жылдан асты. Балаларға сабақ бере бастағаннан-ақ олардың тілін тауып кеттім. Балалар ақпаратты бізге қарағанда әлдеқайда тез қабылдайды. Мен үшін олар жай ғана оқушы емес – менің отбасым, менің командам, – дейді ұстаз.
Бұл жеңіс — оқушылардың қажырлы еңбегі, жетекшілердің кәсіби дайындығы мен ата-аналардың қолдауының жемісі. Барлық қатысушыларды, ұстаздар мене ата-аналарды осы тарихи сәтпен құттықтаймыз!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





