Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушісі халықаралық турнирдің жүлдегері атанды.
Таяуда Атырауда грек-рим және еркін күрес түрлерінен жасөспірімдер арасында «Мұнайлы астана кубогы» халықаралық турнирі өтті. Оған 2009, 2010, 2011 жылдары туған жасөспірім ұлдар ғана қатыса алды.
- Атырауда мықты жарыс өтті. Оған Қарағанды облысы атынан екі команда болып бардық. Бірі - Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі болса, екіншісі Саран қаласынан,- деп атап өтті Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушысы Сүндет Бектибаев.
Халықаралық турнирде қаламыздан үш жас палуан өз күшін сынап көрді. 48 келі салмақта өнер көрсеткен Қадыржан Қайрат Әзірбайжандық спортшыдан жеңіліс тапса, дәл осы салмақта екінші жерлесіміз Артем Константинов керемет өнер көрсетіп, Ақтөбе мен Алматы облыстарынан келген қарсыластарын жеңіп, финалға шығуға сәл қалғанда Әзірбайжан палуанына жол берді. Дегенмен, 3-орын үшін өткен тартыста Артем Константинов Қызылордалық қарсыласын 9:0 есеппен, айқын басымдылықпен жеңіп, қола медальға ие болды. Ал 55 келі салмақ дәрежесінде күш сынаған жерлесіміз – Мәди Шәкен бірінші кездесуінде Атырау қаласынан келген қарсыласын жеңіп, келесі айналымда Ақтөбелік спортшыға жол берді.
Артем Константинов – Саран қаласының тумасы, №2 жалпы білім беретін мектептің түлегі, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенті, Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде грек-рим күресімен айналысып жүргеніне 5 жылдан асты. Биылға жетістіктері де айтарлықтай. Ақмола облысының Жақсы ауылында болған Т.А. Уәлиев атындағы «Спорттық мектеп» ЖШС жүлдесіне арналған грек-рим күресінен республикалық турнирде топ жарып, 1-орынмен марапатталды. Сонымен қатар ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ш. Харисовты еске алуға арналған республикалық турнирде де 48 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, чемпион атанды.
Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің грек-рим күресінен жаттықтырушылары әр жаттығуға ерекше назар аударады. Дәл қазіргі уақытта жас спортшылар 2026 жылда өтетін Қазақстан чемпионатына қызу дайындық үстінде.
Жерлестерімізге сәттілік тілейміз! Тәртіп пен табандылық болса, кез келген мақсатқа жетуге болады. Барлығыңызға биік белестер мен жарқын жеңістер тілейміз.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





