26 қараша күні Қарағанды облысында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында «Құқықтық тәртіп әліпбиі» жобасы бастау алды. Жоба барысында Саран қаласының полиция бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Zoom платформасы арқылы басталған ауқымды іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Тлекбаев, саясаттанушы Серік Мұстафин, сондай-ақ қала депутаттары, белсенділер және Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж бен Саран техникалық колледждің студенттері қатысты.
Қалалық полиция бөлімінің бастығы Асылбек Сейтжанов қатысушыларға іс-шара бағдарламасының мақсаты мен негізгі бағыттарын айқындап, топтардың жұмыс жоспарымен таныстырды. Өз сөзінде, өткен жылмен салыстырғанда биыл қала бойынша қылмыс саны шамамен 13 пайызға азайғанын атап өтті. Бұл күнделікті түрде атқарылып жүрген жүйелі жұмыстың жемісі екендігі жеткізілді. Кейін қалалық полиция бөлімінің ақпараттық саясат тобының инспекторы Жұлдыз Джумашева қатысушыларға биыл жөндеу жұмысынан өткен, іші жаңартылған полиция музейін көрсетті.
2021 жылы полиция ардагерлері мен қызметкерлерінің күшімен ашылған бұл музей қалалық полиция бөлімінің бірінші қабатында орналасқан. Музейдің қақ ортасында ХХ ғасырдан бері сақталып келген сол уақыттың жұмыс үстелі, сол кезеңде қолданылған техникалар мен қызметтік құралдары орналасқан. Ақ қабырғада Ішкі істер бөлімін басқарған басшылардың фотосуреттері, қызметін абыроймен атқарған полиция ардагерлері туралы мәліметтер және полиция бөлімінің тарихынан сыр шертетін түрлі стендтер орналастырылған. Жұлдыз Джумашеваның айтуы бойынша, музейдегі әрбір зат ерекше құнды. Себебі бұл жәдігерлер арқылы қалалық полиция бөлімінің қалыптасу тарихын, оның әр кезеңдегі қызмет жолын айқын көруге болады. Экспозициялар полиция қызметкерлері және ардагерлерінің ерлігі мен елеулі еңбегін көрсетіп қана қоймай, сол дәуірдің жұмыс ерекшелігін, қолданған техникасы мен құралдарын да жан-жақты таныстырады. Музей жинақтары – келешек ұрпаққа полиция қызметінің маңызын түсіндіруді, ардагерлердің өнегелі өмір жолын құрметпен дәріптеуді мақсат етеді.
Тағылымды таныстырудан соң, қалалық ПБ кезекші бөлімінің бастығы Нұрбол Ченгильбаев қатысушыларға оқу-жаттығу қару-жарақтарға және арнайы құралдарға шолу жасады. Колледж студенттері арнайы қорғаныс құралдарын байқап көру үшін үстілеріне оқ дәрі өткізбейтін кеудешені киіп, оның салмағы мен ыңғайлылығын өздері сезініп көрді. Ал ПБ жедел криминалистикалық тобының криминалисі Регина Набиева болса, жұмыс барысында қолданылатын арнайы құралдармен, саусақ іздерін анықтау тәсілімен таныстырды. Қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Мақсат Майпасов қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – интернет алаяқтыққа қатысты ақпарат бере отырып, киберқауіптерді анықтау және алдын алу тәсілдерін түсіндірді.
- Бұл өте маңызды іс-шара. Студенттеріміз полиция қызметкерлерінің жұмысымен жақын таныса алды. Менің ойымша, біздің студенттерге бұл шара ұнауда. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, - деп атап өтті Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Жаяубав.
Сонымен қатар, қатысушылар жедел басқару орталығында болып, оның жұмыс жүйесімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Бір күнін полиция қызметкерлерімен бірге өткізу барысында олар учаскелік полиция инспекторларының, ювеналды полиция бөлімінің, жол-патрульдік полицияның және қоғамдық тәртіпті сақтауда алдыңғы шепте жүрген өзге де полиция қызметкерлерінің жауапты еңбегін өз көздерімен көрді. Тіпті, сот отырысына қатысып, құқықтық үдерістің қалай өтетінін бақылап, зор әсер алды.
Күн соңында қалалық полиция бөлімінде іс-шараның қорытынды жиыны өткізілді. Онда қоғам белсендісі, саясаттанушы Серік Мұстафин іс-шараның мән-маңыздылығын түсіндіріп, полиция қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалады. Өз сөзінде, полиция музейіне ерекше назар аударып, оның тәрбиелік мәнін атап өтті.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА










