«Саран қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, 47-бапқа сай көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелеріне тұрғын үйді басқарудың екі нысанының бірін таңдау керек болады: мүліктің меншік иелері бірлестігі немесе тікелей бірлесіп басқару.
Мүліктің меншік иелері бірлестігі (ММИБ):
Бұл басқару нысаны пәтер саны 36 және одан көп болатын көппәтерлі тұрғын үйлерде құрылады. Аталған нысан мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап заңды тұлға құқықтарына ие болады. Үй кеңесінің шешімен ММИБ төрағасын үш жыл мерзімге сайлайды. Банкте ағымдағы және жинақ шоттары ашылады.
Мүліктің меншік иелері бірлестігі - көппәтерлі үйдің ортақ мүлкін басқаруды қамтамасыз етеді, меншік иелерінің өзара әрекеттесуін үйлестіреді, ғимараттың күтімі мен пайдаланылуы, коммуникациялардың техникалық қызметі және басқа да тіршілікке қажетті мәселелерді шешеді.
Тікелей бірлесіп басқару (ТББ)
Бұл нұсқа пәтерлер саны 36-дан аз болатын шағын үйлерге арналған. Мұндай басқару нысаны заңды тұлға құруды немесе ағымдағы және жинақ шоттарын ашуды талап етпей, пәтер иелерінің хаттамалық жиналысы арқылы қалыптасады. Меншік иелері ортақ мүліктің ағымдағы күтімі мен жөндеу мәселелерін бірлесіп шешеді.
Пәтер иелері кооперативтерін (ПИК/KСК) қайта ұйымдастыру
Маңызды өзгерістердің бірі – пәтер иелері кооперативтерінің (КСК) басқарушы компания мәртебесінен басқару субъектілері санатына ауысады. Бұрынғы КСК өздігінен басқарып-шешім қабылдау құқығынан айырылып, кондоминиум объектісін басқару қызметтерін көрсететін мердігерлерге айналады (51-4-бап).
Енді ПИК ғимараттар мен құрылыстарға техникалық қызмет көрсетумен, жөндеумен және күтіп ұстаумен айналысатын мамандандырылған сервистік кәсіпорындардың рөлін атқарады. Оларды тек шарттық негізде және меншік иелерінің тапсырмалары бойынша қызмет көрсету шеңберінде ғана жұмылдыру мүмкін болады.
Осылайша, өзгерістер көппәтерлі үйлерді басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, азаматтардың лайықты өмір сүру жағдайларына құқықтарын қамтамасыз етуге және процестің барлық қатысушылары арасында міндеттерді әділ бөлуге бағытталған.
Басқарудың ешқандай түрі жоқ үйлерде тұрғын үй инспекциясы уақытша басқарушы компания тағайындауға құқылы екенін бөлек атап өткен жөн.
Уақытша компанияны іріктеу ықтимал басқарушы ұйымдар берген кемінде үш өтінімнің ішінен байқау негізінде жүргізіледі. Байқау қорытындылары бойынша тұрғын үй инспекциясы кондоминиум нысанын басқару міндеттерін өзіне алатын уақытша басқарушы компанияны тағайындайды.
Мұндай тағайындаудың маңызды ерекшелігі – оның уақытша сипаты. Басқарушы компания пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері басқарудың тұрақты нысанын немесе осы функцияларды өзіне алатын субъектіні анықтағанға дейін ғана жұмыс істейтін болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА







