Бүгін: 17.09.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҚҰТҚАРУШЫ НЕМЕСЕ ӨРТ СӨНДІРУШІ БОЛУДЫ АРМАНДАЙСЫЗ БА? ОНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТЖМ М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫ СІЗДІ ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛУҒА ДАЙЫН.

Бұл туралы Көкшетау қаласындағы М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының Өрттің алдын алу кафедрасының бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі, аталған оқу орнындағы қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Макишев Жандос Қуандықұлы инстаграм желісінде өткен тікелей эфир барысында мәлімдеді.

Онлайн шараны Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенко ұйымдастырып, тікелей эфирді Сергей Сергеевичтің өзі жүргізіп отырды.

Азаматтық қорғау академиясы «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша жоғары білімді, жоғары моральдық және іскерлік қасиеттері бар, Төтенше жағдайлар органдары мен бөлімшелерінде қызмет ету үшін әртүрлі сипаттағы төтенше жағдайларда міндеттерді шешуге қабілетті білікті офицерлерді даярлауды жүргізетін жоғары оқу орны болып табылады.

Бұл жоғарғы оқу орнының тарихы 1973 жылдан басталады. Алматы қаласынан Көкшетау қаласына Қазақ КСР ІІМ басқармасының әскерилендірілген өрт күзетінің оқу жасағы көшіріліп, кейін өрт күзетінің кіші және орта басшы құрамын даярлау және қайта даярлау мектебіне, содан кейін ҚР ІІМ Алматы өрт-техникалық училищесінің Көкшетау филиалына айналды. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің Көкшетау техникалық институты болып қайта аталды. Оқу орны ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институты атты ескі атауын 2004 жылдың 29 қыркүйегінен бастап алған.

Аталған академияның Өрттің алдын алу кафедрасының бастығы Жандос Қуандықұлының мәлімдеуінше, бүгінгі күні академия 4 білім беру бағдарламасы бойынша білікті мамандарды даярлайды: «Өрт қауіпсіздігі», «Төтенше жағдайларда қорғау», Азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық және «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару ісі».

Азаматтық қорғау подполковнигі Макишев Жандос Қуандықұлы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында 2008 жылдан бастап жұмыс жасайды. Азаматтық қорғау органдарында 2004 жылдың тамыз айынан бастап еңбек етіп келе жатқан жайы бар. Техника ғылымдарының кандидаты. Өрттің алдын-алу кафедрасының бастығы лауазымында 2019 жылдан бастап қызмет етуде.

Білімі - жоғары. 2008 жылы Қазақстан Республикасы ТЖМ Көкшетау техникалық институтын, яғни бүгінгі біз әңгіме етіп отырған академияны «Өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014 жылы жоғарғы мектеп оқытушысы қосымша біліктілігін алды. 2013 жылдан 2016 жылға дейін Мәскеу қаласындағы Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет Академиясының адъюнктурасының күндізгі оқу бөлімінде оқыған. Ал қазіргі таңда М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының Өрттің алдын алу кафедрасының бастығы ретінде табысты еңбек етуде.

«Академияға орта білімі бар, 16 жасқа толған, әскери қызметке және оқуға жарамды Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.

Оқуға қабылдау Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігімен өткізілетін ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) немесе кешенді тестілеу (КТ) қорытындылары сертификаттарының балдарына сəйкес жүргізіледі. Институтқа оқуға қабылдау медициналық, дене бітімі жəне психофизиологиялық көрсеткіштері бойынша іріктеу қорытындыларын ескере отырып, ҰБТ жəне КТ қорытындылары бойынша сертификат балдарына сəйкес конкурс бойынша жүргізіледі.

Конкурсқа қатысу үшін ҰБТ шекті баллы - 50. Курсанттар республикалық бюджет есебінен оқытылады. Барлық оқу кезеңінде киім-кешекпен, тегін тамақтану және мемлекеттік шәкірт ақымен қамтамасыз етіледі. 1-3 курс курсанттары казармалық жағдайда, 4- курс – Көкшетау қаласында тұрады.

Академияны бітірген тұлғалардың білім алу уақыты әскери қызметті өтеу уақытына теңеледі және лейтенант атағы беріледі, тұрғылықты жері бойынша ТЖМ бөлімшелеріне кепілді түрде жұмысқа орналастырылады.

Академияға оқуға түсуге ниет білдірген азаматтар тұрғылықты жері бойынша аумақтық төтенше жағдайлар бөлімдеріне өтініш берсе болады», - дейді Жандос Қуандықұлы.

Академия өкілінің айтуынша, институтта күндізгі, қашықтықтан оқыту, қосымша білім беру және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультеттері жұмыс жасайды екен.

Институт тарихында бүгінгі күнге дейін 5000-нан астам маман даярлағанын атап өткеніміз жөн.

 

 

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ