Бүгін: 20.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Жасыл ел»-2022: дамудың жаңа кезеңдері

«Жасыл ел» жобасының негізгі міндеті жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу. Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандырумен айналыса отырып, жас ұрпақ отбасылық бюджетті толықтыруға мүмкіндік алып қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік өзара іс-қимыл дағдыларын игереді, өз бойында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады.

Балалар жылы деп жарияланған 2022 жыл Қарағанды облысындағы «Жасыл ел» үшін үлкен өзгерістер әкелуде.

Жобаны іске асыруға биылғы жылы жергілікті бюджеттен 289 млн.теңгеден астам қаражат қарастырылған, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп (137,4 млн.). Бұл ретте қаражаттың негізгі бөлігі қалалар мен аудандардың бюджеттерімен бөлінеді, өз кезегінде бұл жағдай жоба қатысушыларына жалақының уақтылы төленуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

1-31 наурыз аралығында өткізілген құжаттарды қабылдау қорытындысы бойынша 2022 жылғы еңбек маусымына 2,5 мыңнан астам өтініш қабылданды. Айта кету керек, жаңа маусымда ниет білдірушілердің үлкен легі байқалады, бұл оқушылар мен студенттер арасында «Жасыл ел» жобасының танымалдығының артуын көрсетуде.

Өтініштерді қарау нәтижесінде 2 211 адам жұмысқа орналастыру мақсатында іріктеліп алынды. Мұнда халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдерді «Жасыл ел» қатарына қабылдау басымдылығын атап өту маңызды. Жаңа маусымда қатысушылардың 39%-ға жуығы мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін жасөспірімдер: көп балалы отбасылар (380 адам), толық емес отбасылар (261 адам), аз қамтылған отбасылар (106 адам), «қандастар» санаты (63 адам) және жетім балалар (52 адам).

Ең көп қамтуды Қарағанды (350 адам), Теміртау (300 адам) қалаларында және Бұқар жырау ауданында (180 адам) ұйымдастыру жоспарлануда.

Бұдан басқа, биылдан бастап «Жасыл ел» жобасы аясында еңбекке ақы төлеудің жаңартылған моделі қолданылатын болады, оған сәйкес қатысушылардың жалақысы жұмыс істеген сағат көлеміне байланысты 60 мыңнан 90 мың теңгеге дейін құрайды. Барлық қатысушылар спорттық костюм ретінде қолдануға болатын «Жасыл ел» фирмалық киіммен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 47 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Жасыл ел» XVIII жазғы еңбек маусымының ашылуы 27 мамырда жастар спартакиадасы форматында өтеді. Еңбек маусымы 1 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады.

Жасалып жатқан жағдайларды «Жасыл ел» қатысушылары мен ата-аналар қоғамдастығы лайықты бағалайды деп ойлаймыз.

«Жасыл ел» – жазды пайдалы өткіз!

Қарағанды облысының

жастар саясаты мәселелері

жөніндегі басқармасы