Бүгін: 24.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«БАЛАЛАР ЖЫЛЫ» АЯСЫНДА САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БӨЛІМІНЕ ҚАРАСТЫ БІЛІМ ОРДАЛАРЫ «БІР ТҮЛЕК – БІР АҒАШ» АТТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЧЕЛЛЕНДЖГЕ ҚАТЫСУДА.

Қоршаған ортаны, табиғатты аялауға, оған қамқорлық көрсетуге бағытталған қалалық челлендж 11 мамырдан бастау алып отыр. Ең бірінші болып құптап, осы күнге дейін сауапты істі жалғастырып келе жатқан білім ордалардың бірі - № 2 жалпы білім беретін мектеп болды.

Таяуда ғана № 2 жалпы білім беретін мектептің 1986 жылғы түлектері қалалық челлендж аясында мектеп аумағында қарағай көшеттерін отырғызса, 13 мамыр күні мектеп оқушылары «Күміс алқа» иегері, педагогикалық еңбек ардагері Лира Елемесовамен, Қазақстан ТЖМ құрметті ардагері Людмила Номоконовамен, Қарағанды қаласының ақыны Вера Голобородькомен және қалалық «Мудрость» ардагерлер хорының өкілі Анна Цепенюкпен бірге сирень көшеттерін егіп, аулаларын түрлендірді. Сондай-ақ, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Жүсіпбекова, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккері, қалалық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Нина Порохненко, ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Надежда Скачкова, интернационалист жауынгер Василий Коземир мен «Күміс алқа» иегері, мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Алена Бакал да бұл игі шараға бір адамдай атсалысты.

- Мектеп аумағында көшеттер отырғызылды. Отырғызылған әр көшетке күтіп-баптайтын, суаратын және өсімдіктерді бақылайтын мектеп оқушылары бекітілді, - деп атап өтті мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Илья Карпов.

Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бағбан болсаң, бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген аталы сөз бар. Тал егу, жеміс ағаштарын отырғызу бір жағыннан сауапты іс болса, екінші жағынан экологияны жақсартады. Сол себепті № 13 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушылары мектеп парламентінің «Экология және еңбек» фракциясы мүшелерінің көмегімен аталмыш челленджге қатысып, педагогикалық еңбек ардагері, бастауыш сынып мұғалімі Наталья Клейменовамен бірлесе сирень мен шие көшеттерін отырғызды.

№ 1 мектеп-лицейінің оқушылары да челленджге қатысуға бел буып, білім беру ардагері Елена Рейслермен мектеп аумағын сирень, шие, қарақат, қара өрік көшеттерімен толықтырды.

16 мамыр күні Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің жоғары сынып білім алушылары мектеп ауласына әдемі көрік сыйлатын шырша ағашын отырғызды. Аталмыш мектептің ардагер ұстазы Оралхан Жетенқызы оң бастамаға ақ батасын берді. № 7 мектеп-интернаты да мектеп аумағына терек көшеттерін егіп қойды. Бұл - бастамасы ғана. Білім ордалары осы іспен тоқтап қалмай, әрі қарай да абаттандыру жұмыстарын жалғастыратын болады.

- «Балалар жылы» аясында осындай қалалық челлендж өтіп жатыр. Оған мектеп парламентінің «Экология» фракциясының балалары бастамашы болды. Челлендж аясында мектеп түлектері құрметті қонақтардың қатысуымен ағаштарды, көшеттерді отырғызады. Әзірге бес мектеп қатысты. Бірақ 25 мамырға дейін және 25 мамыр күні де мектептер «Бір түлек – бір ағаш» челленджін өткізетін болады, - деді қалалық білім бөлімінің әдіскері Елена Коробова.

Жерге шаншылған әрбір көшеттің күтімі жақсы болса, күні ертең жапырақтары дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болары анық. Экологиялық ахуалды да жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға зор әсер тигізбек. Таза көңілмен, ақ ниетпен отырғызылған әр көшет жемісін беруін тілейміз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА