Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ДӘРІГЕР, ФЕЛЬДШЕР, ЖЕДЕЛ-ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН САНИТАРЛАР. МАУСЫМ АЙЫНЫҢ ӘР ЖЕКСЕНБІСІ - МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ. БҰЛ ТІЗІМДЕГІ ӘРБІР МАМАННЫҢ ӨЗ ОРНЫ БАР. БІРІ ЖОҚ БОЛСА, НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫС ІСТЕУ МҮМКІН ЕМЕС. ОСЫ АПТАДАҒЫ СӘРСЕНБІНІҢ СӘТІНДЕ ӨЗ МЕЙРАМДАРЫН САРАН ШАҺАРЫНЫҢ ДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МАМАНДАРЫ ДА АТАП ӨТТІ.

Өз ғұмырында адамдар бірнеше рет медициналық көмекке жүгінеді. Өзінің ең қымбат денсаулығын, кейде тіпті өмірін дәрігерлерге сеніп тапсырады. Сондықтан, медицина мамандарының еңбегі еленуге тұрарлық және үлкен жауапкершілік пен жанкештілікті талап етеді. Одан өзге, бір де бір мамандыққа адам өмірі мұншалықты тәуелді емес. Әрбір науқастың жан қиналысын өз бойларынан өткізетін медицина қызметкерлерінің жылына бір рет келетін мерекесі барша жұрттың қуанышы деуге болады.

Салтанатты жиын Саран қаласының мәдениет үйінде өтті. Бұл күні ән мен күй, құрмет пен алғыс та осы Гиппократ антын арқалаған ақ халатты абзал жандарға арналды. Осылайша, шаһардағы медицина қызметкерлері сый-құрметке бөленді.

Медицина қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап, марапаттау рәсіміне қала басшысы Ержан Темирханов қатысты. Сонымен қатар, адал еңбегі үшін құрметке бөленген дәрігерлерге арналған марапаттарды Қарағанды облысы денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенова табыстады.

Салтанатты кеш Ержан Оралұлының құттықтау сөзімен басталып, шаһар әкімі  денсаулық сақшыларына арнаған жүрек жарды лебізін білдірді.

«Жыл сайын, маусым айында, біз ең ізгілікті мамандық өкілдері – өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтетін қаланың медицина қызметкерлерін қарсы аламыз. Бұл өзін адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға арнаған адамдардың мерекесі. Дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Бүкіл әлемді әбігерге түсірген пандемия кезіндегі батылдықтарыңыз бен қайсарлықтарыңыз үшін сіздерге деген халықтың құрметі шексіз.

Гиппократтың өзі айтып кеткендей: «Медицина ісіне деген жауапкершілік пен махаббат – адамзатқа деген жауапкершілік пен махаббатты білдіреді». Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге рақмет айтамыз! Және де барлық медицина қызметкерлеріне үлкен алғысымызды білдіре отыра, әрқайсыларыңызға бақыт, еңбекте табыс, төзімділік пен күш-қайрат және отбасыларыңызға береке-бірлік тілейміз», - деді өз құттықтау сөзінде Ержан Оралұлы.

Одан кейін шаһар басшысы үлкен ризашылыққа лайық дәрігерлерге, медбикелер және кіші медициналық қызметкерлерге Қарағанды облысы әкімінің және Саран қаласы қала әкімінің грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады.

Мәселен, амбулаторлық-емханалық қызметтің жетекшісі Михалевская Людмила Федоровна облыс әкімінің грамотасымен марапатталса, дәрігер-хирург Шушканов Олег Сергеевичке салтанатты түрде облыс әкімінің алғыс хаты табыс етілді.

Саран қаласы әкімінің грамотасымен дәрігер-терапевт Лосев Игорь Николаевич, жалпы тәжірибе медбикесі Нурмаханова Лариса Алиевна, акушер Түсіпова Ботагөз Оралтайқызы, жалпы тәжірибе дәрігері Задорожная Валентина Сергеевна, дәрігер-терапевт Ярошик Елена Викторовна және дәрігер-психиатр Төртбаев Талғат Әнуарбекұлы марапатталды.

Ал қала әкімінің алғыс хатын дәрігер-педиатр Федоркова Галина Николаевна, психиатрдың медбикесі Фахретдинова Рузалия Рафисовна, аға медбике Дайрабаева Дидар Тоқпанбайқызы, бас медбике Құсайынова Тазагүл Зейнулақызы, медбике Лукиян Оксана Владимировна және тағы бір медбике Круподеря Людмила Сергеевна иеленді.

Михалевская Людмила Федоровна, Саран қалалық орталық ауруханасының  амбулаторлық-емханалық қызметтің жетекшісі:

- Өте қуаныштымын бұл біз үшін үлкен мотивация, сол деңгейді ұстап тұру және одан да жоғары көрсеткішке  жетуге жақсы бір талпыныс болды.

Пандемия дендеген жылдар әсіресе денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды дейді жиналғандар. Дегенмен, облыстық  медицина саласындағы  зор әлеуеті арқасында талай қиындық еңсерілді.

Одан кейін мерекелік құттықтауымен сахнаға көтерілген Қарағанды облысы денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенова медицина қызметкерлеріне ақ жарма тілегін жеткізіп, кәсіби мерекелеріне байланысты өз ісіне деген адалдығы мен халықтың денсаулығын қорғаудағы сіңірген еңбегі үшін бірқатар денсаулық сақшыларына «Еңбек ардагері» медалі мен «Денсаулық сақтау ісінің үздігіне» төсбелгісін, сондай-ақ, Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет грамотасы» мен алғыс хаттарын табыс етті.

Өз құттықтау сөзінде Бибігүл Райханқызы: «Сіздердің еңбектеріңіздің өлшемі – өмірмен қайта табысқан адамдардың тағдырымен байланысты. Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Ал оның иесі болу – үлкен мәртебе. Сондықтан ақ халатты абзал жандар ретінде әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат беріп,«Гиппократ антын» өзінің өмірлік кредосы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегі, атқарған істері үшін алғыс айтамыз. Мерекелеріңіз құтты болсын!», - деді.

Аталмыш марапат биігіне көтерілген медицина қызметкерлерінің қатарында мәселен, «Еңбек ардагері» медалін иеленген акушер-гинеколог дәрігер Петрикова Наталья Михайловна, «Денсаулық сақтау ісінің үздігіне» төсбелгісін иеленген директордың медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Шаравина Татьяна Николаевна мен жалпы терапия бөлімшесінің меңгерушісі Быкова Наталья Николаевна, Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған функционалдық диагностика дәрігері Бассалыго Григорий Григорьевич, сәулелік диагностика дәрігері Сатубалдин Алмазбек Икзикович, № 1 отбасылық денсаулық орталығының аға медбикесі Макишева Сәуле Шөкенқызы және Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының алғыс хатын иеленген № 3 отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі Тарасевич Ирина Николаевна мен фтизиатрия медбикесі Ахметова Гүлнар Абековналар бар.

Ал дәрігер-хирург Каримов Джахангир Яшаоглы «Ѕеnіm» қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Макишева Сәуле Шөкенқызы, № 1 отбасылық денсаулық орталығының аға медбикесі:

- Екі жылда алғаш кездесіп отырмыз. Ауыр дертпен күрестік. Науқастардан да әріптестерден де айырылдық. Көп нәрсе үйрендік. Тәжірибе жинадық. Бүгінгі мейраммен барлық әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын.

Тағы айта кетерлігі, мәдениет үйінің бірінші қабатындағы фойеде Саран қаласының тұрғыны, суретші Евгений Мурашовтың өз қолымен салған суреттерінің көрмесі ұйымдастырылыпты.

Суретшінің өзімен тілдескенімізде, ол барлық суреттерді сатылымға қойғанын және сатылымнан түскен қаражатты жұлын бұлшықетінің атрофиясына шалдыққан Сәрсен Айкүмістің еміне беретінін айтты.

«Мен Айкүміс туралы жаңалықтардан естіп білдім. Ал күні кеше ғана осы мәдениет үйінде кішкентай бүлдіршініміздің еміне қайырымдылық концерті өткен екен. Сәл кешігіп қалдым. Әттең, негізі ол туралы интернет желісінде хабарланған екен. Өкінішке орай, жасыма байланысты мен заманауи ақпараттық технологиялармен аса қатты таныс емеспін. Ұялы телефонды тек қоңырау шалуға және қоңырау қабылдауға ғана пайдаланамың,  ал былай әлеуметтік желілерді білмеймін ғой. Десе де, теледидардан жаңалықтардан көріп, бірден қайырымды іске атсалысуға бел шештім. Суреттердің сатылымынан түскен ақшаны Айкүмістің ата-анасының шотына жіберетін боламын», - деді жерлесіміз Евгений Николаевич.

Кез келген қоғам үшін ең маңызды болып табылатын, адам денсаулығы мен оның белсенді өміріне адал қызмет ететін ең игі, мейірімді, ардақты мамандық-дәрігер мамандығы екені баршаға аян. Еліне адал қызмет етіп, халық денсаулығын сақтау жолында аянбай тер төгіп жүрген абзал жандар-медицина қызметкерлері, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, еңбектеріңіздің жемісін көріп, алғысқа бөлене беруіңізге тілек қосамыз.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген: Камила ОСПАНОВА