Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Елімізде әр 23 маусым күні – мемлекеттік қызметші күні атап өтіледі. Мемлекеттік қызметкерлерге артылатын жауапкершілік әрдайым жоғары болған. Халықтың талап тілегін орындайтын осы азаматтар. Сондықтан да олар өз жұмысын абыроймен атқарып қана қоймай, елдегі саяси тұрақтылықты сақтауға да өздерінің елеулі үлестерін қосуда. Себебі халықтың сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды.

«Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінде қазіргі таңда он мемлекеттік қызметкер қызмет етуде. Әрбірінің өзіне жүктелген тапсырмасы мен негізгі қызметі бар. Көпшілікке байқалмаса да, олардың тек жұмысы ғана емес, жүріс-тұрысы да ұдайы назарда. Қойылатын талап пен мойындарына артылатын жауапкершілік жүгі де екі есе. Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері халық игілігі үшін қызмет етіп, мемлекеттік қызмет көрсетіп, тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін мекеме. Бұл бөлімде жеті жыл қажырлы еңбек етіп жүрген, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол, түйгені көп жандардың бірі - Сапар Смаилов. Оның негізгі жұмысы – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету. Трактор жүргізушілеріне трактор машинист куәлігін беру және уақыты өткенін алмастыру, ауыл шаруашылығы және жол құрылыс техникаларын есепке алып, мемлекеттік нөмер мен техникалық паспорт беру, ауыл шаруашылығы мен жол құрылыс көліктерін техникалық байқаудан өткізу мен осы техникаларды кепілге алу, куәлігін беру сынды қызметтерді атқарады.

Білікті маман – Қарқаралы ауданының тумасы. Кіндік қаны тамған туған жеріндегі № 1 қазақ орта мектебін бітіріп, Қарағанды қаласындағы политехникалық институтының «Жол транспорт» факультеті «Автомобиль және автомобиль шаруашылығы» мамандығын тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын Жезқазған облыстық агрокешені автобазасында бастаған. Содан көптеген қызметте болып, біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдаған. Бүгінде өз қызметіне әрдайым жауапкершілікпен қарайтын, қарапайым да байсалды мінезімен сыйлы жан «Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінде бас маман болып қызмет етуде. Оның  пайымы бойынша, елге қызмет ету арқылы әрбір адам өз жұмысының маңыздылығын сезініп, елінің патриоты бола алады.

- Мемлекеттік қызметкер - билік пен қарапайым бұқара халқының арасын жалғайтын алтын көпір, байланыстырушы буын.  Мемлекеттік қызметте болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да мемлекеттік қызметкер халыққа жақын болып, барлық жағдайда да әділ және елдің мүддесін бірінші орынға қоя білу керек, - дейді Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Сапар Смаилов.

Кез келген мемлекеттің жетістігі мен өркендеуі мемлекеттік қызметкерлердің тиімді және кәсіби қызметіне негізделеді. Сырт көзге мемлекеттік қызмет дегеніміз – күнделікті сегіз сағаттық жұмыс қана, ал шындығында ол – тәулік бойы міндет пен жауапкершілік. Бұл өте жауапты да қиын және қызықты қызмет.

- Кәсіби мерекеге қарай әріптестерімді мемлекеттік қызметкерлер күнімен құттықтаймын! Әрқашан өздеріне білдірілген сенімді абыроймен атқарып, еліміз –  Тәуелсіз Қазақстан гүлденіп, көркейе берсін. Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын. Отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, - деп Сапар Бейсенбайұлы әріптестеріне арнап, ізгі тілегін жолдады.

 ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Барлық мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз. Жанұяларыңызға зор денсаулық пен бақыт, қызметтеріңізге сәттілік тілейміз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА