Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ТЕК БАЛАЛАРДЫҢ ҒАНА ЕМЕС, АТА-АНАЛАРДЫҢ ДА КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ЛАГЕРЬ БИЫЛҒЫ ЖАЗҒЫ МАУСЫМЫН СӘТТІ АЯҚТАП ОТЫР.

Биыл бірінші маусым – халықаралық балаларды қорғау күнінде Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі базасында ағылшын тіліне үйрететін «Lingvo land», ана тілді насихаттайтын «Қазына» және спорттық бағыты басым «Шуақ» атты жазғы балалар лингвистикалық лагерьлерінің ашылуы салтанаты өтті. Лагерьлер ашылған сәттен бастап балаларды патриотизмге, толиранттылыққа тәрбиелей отырып қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйретуге бағытталған арнайы әзірленген бағдарламаларымен таныстырды. Бүгінде әр лагерь өз жұмысын сәтті аяқтап отыр. Солардың бірі - «Қазына» лагері колледж қабырғасында «Жадыралы жаз» атты концерттік кешін ұйымдастырып, осы уақыт аралығында жасаған жұмыстарын көрсетті.

-              Бүгінгі іс-шараның мақсаты – «Қазына» лагері балаларының лагерь бойы үйренген өнерін, әндерін, билерін, жалпы шығармашылық қабілеттерін ата-аналарға көрсету. Біз жаз бойы түрлі іс-шаралар арқылы, ойындар арқылы балаларға қазақ тілін, орыс тілін, ағылшын тілін үйретіп отырдық. Мінекей, бүгінгі концертімізде балалар үш тілде ата-аналарына жаттаған әндерін, өлеңдерін айтып береді,- деп шара барысымен бөлісті «Қазына» лагерінің жетекшісі  Индира Төлегенова.

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің сахнасына шыққан кішкентай бүлдіршіндер, балалар өздерінің қорытынды кешінде «Әрқашан күн сөнбесін» әнін үш тілде шырқап беріп, өлең жолдарынан шашу шашып, мың бұрала би билеп, ертегі әлеміне саяхат жасап, көріністерден де паш етті. Көрермендердің ду-қол қошеметі бір үзілмеді. Олардың қатарында отырған ата-аналар балаларының өнеріне тәнті болып,  лагерьдің жұмысына көңілдері толып отырды.

- Осы лагерьге ұлым бірінші рет барып жүр.  Барып жүргеніне екі апта болып қалды. Қалмайды, үнемі барады. Қызықты, көңілді уақытын жақсы өткізіп келеді. Ұнайды. Сенбі және жексенбі күндері де барғысы келеді. Бүгін сахнада өнер көрсететін еді. Соған ата-ана ретінде ұлымның қатысқанын көрейін деп келдім, - деп Саран қаласының тұрғыны Маржан Оралбаева ата-ана ретінде жылы лебізін білдірді.

 «Қазына» лагері Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде сегіз жыл қатарынан істеп келеді. Осы жылы да екі апталық жазғы маусымын сәтті аяқтап отыр. Биыл лагерьге қырық бала барды. Оның тең жартысының көбісі қорытынды кеште қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

- Біріншіден ата-аналарымызға көп рақметімді айтқым келеді. Балалар біздің болашағымыз. Біздің қуанышымыз. Әрбір отбасыға тілерім, балаларыңыз үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерден көріне берсін. Елімізде бейбітшілік болсын, - деп кеште құттықтаған Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев лагерь қатысушыларын марапат қағаздарымен марапаттап, естелік сыйлықтарды табыс етті.

Аталмыш лагерьде таңертең міндетті түрде көңілді көтеретін, ұйқыны ашатын ырғақты таңғы жаттығулар жасалады. Осы уақыт аралығында балалар кітапханаға саяхат жасауға, қалалық мәдениет үйінен түрлі мультфильмдерді тамашалауға үлгерді. Салауатты өмір салтын ұстануға да ұмытпады. Қалалық стадионда өткен эстафеталарға қатысып, бір күндерін таза спорттық іс-шараларға арнаған.  Қорытынды кеште спорттық жарыстарға белсене қатысқан лагерь қатысушыларын Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің методистері алғыс хаттарымен марапаттады.

Лагерьге барған балалардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Ең кішкентайы – төртте болса, ең үлкені – 12 жаста. Одан бөлек балалар саусақ, қолғап театрларына барып, әдемі естеліктерімен асфальт бетіне сурет салу арқылы да бөліскен.

- Біз жас ерекшеліктеріне сай жұмыс жасауға тырысамыз. Бірнеше аудитория алғанбыз. Кішкентай балаларға би үйретсек, үлкен балалармен шахмат ойнап жатамыз. Сондай жұмысымызды балалардың жас ерекшеліктеріне сай топ-топпен бөліп, өткізуге тырысып отырдық. Менің жетекшілігімде сегіз үшінші курс студенті бар. Бұл жерде жазғы педагогикалық тәжірибелерін өтіп жатыр, - деді Индира Қайыржанқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, биыл Балалар жылы аясында «Қазына» лагері балаларға ерекше етіп, есте қаларлықтай ұйымдастыруға тырысқан.

- «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдармасы аясында колледжіміздің базасында үш лагерь ашылды. Лагерьге қатысушыларды жинақтау мақсатында орта мектептерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Лагерь жұмысы компъютер кабинеттерінде, лингофон кабинеттері мен спорт залында,  табиғат аясындағы ойын алаңдарында жүргізілді. Сабақтар заманауи үлгіде қозғалыс ойындары, жарыс сабақтары түрінде өткізілді. Барлық қатысушыларға сертификаттар беріледі, - деп атап өтті Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Фото: Камила ОСПАНОВА