Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

          «Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз» - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" Қазақстан халқына Жолдауынан

 

          Біз өмірдегі қиын жағдайлардан ешкімнің сақтандырылмағанын барлығымыз білеміз.

          Бүгін біз қай кезде мемлекет тарапынан білікті заң көмегі көрсетілетін жағдайлар жөнінде айтамыз.

          Сонымен, мемлекет қай кезде және қалай заң көмегін көрсетеді?

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13 бабына сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі.

          Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 26 бабына сәйкес мыналар заң көмегінің нысандары болып табылады:

- өтеулі негізде көрсетілетін заң көмегі;

- мемлекет кепілдік берген заң көмегі;

- кешенді әлеуметтік заң көмегі.

Бұл ретте, заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп танылады.

Құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі келесі санаттарға көрсетіледі:

- Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға;

- Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;

- Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге;

- алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсететіледі. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.

Ал, кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету әлеуметтік жауапкершілікті іске асыру нысандарының бірі болып табылады және Заңның 19 бабында көрсетілген тұлғаларға өтеусіз және ерікті түрде жүзеге асырылады.

Білікті заң көмегіне онлайн режимінде қол жеткізу үшін «Е-Заң көмегі» бірыңғай заң көмегінің ақпараттық жүйесін қолдануға болады.

Ағымдағы жылдың 20 маусымында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, ол мемлекет кепілдік берген заң көмегіне құқығы бар тұлғалар тобын кеңейтуді, және бұл қызметке заң консультанттарын тартуды көздейді. Осы нормативтік құқықтық акт оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

Тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтатын болсақ, құқықтарды бұзу қауіпін тудыратын қиын жағдайлардан құтылу үшін біздің мемлекетте заң көмегі кепілдігі заңнамада бекітілгенін сенімділікпен айтуға болады.

 

 

Құқық түсіндіру және халыққа

заңгерлік қызмет көрсету

бөлімінің басшысы                                                        Изатов А.Т.