Бүгін: 29.03.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласы Абай атындағы көпсалалы колледж түлектері Әділ ХАМИТ пен Нұрмұхаммед ЕРКЕБҰЛАН ағылшын тілін оңай меңгеруге арналған анимациялық оқулық құрастырып шығарды.

Жоба авторлары оқулықты құрастыруды 2020 жылдан бастапты. Оқу бағдарламасы 6 айға жоспарланған. Үш тілді аудармасы, электронды нұсқасы және бар. Яғни, білім алушы ұялы телефонына Earbook қосымшасын жүктеп, анимация арқылы өткен сабағын көзбен көріп, қатемен жұмыс істей алады. Ал, кітапты құрастыру үшін В.Шахназарова, К.Журавченко, В.Аракин және Е.Израилевич сынды мамандардың дүниелерін негізге алған. Бүгінде кітаптың электронды және анимациялық нұсқасы дайын. Тек, оны шығару үшін қаржы қажет.

– Біз кітапты базалық деңгейден бастап оқытуды жөн көрдік. Қазіргі жастар мектептен ағылшынша әріптің қалай оқылатынын, сөйлем құрауды меңгеріп келеді. Сондықтан, көп уақыт кетірмейік дедік. Иә, ағылшын тілін енді үйреніп келе жатқан адамға қиындық көп болады. Әсіресе, бүгін өткен сабақты ертесіне ұмытып қалып жатады. Сол себепті, өткен сабағын көзбен көріп, естіп, жадыда сақтап қалу үшін анимациялық бағытты таңдадық. Осы әдіс арқылы білім алушы әр оқиғаны тек оқып қана қоймай, анимациясын көріп, есте сақтау мүмкіндігі артады. Әр тақырыптың өз сюжеті бар. Келесі деңгейге көшкенімізде, сол оқиға аяқталмай, керісінше күрделендіріліп беріледі. Көптеген әдебиеттерді пайдаландық. Бірақ, олардың грамматикасы ауыр. Сол күйінде бере салсақ, тілді енді үйреніп келе жатқандар үшін қабылдау қиынға соғады. Сондықтан, осы бағытты таңдадық, – деді Әділ Хамит.

– Жалпы, біздің нәтиже – еркін сөйлеуге бағытталады. Сол себепті сабақтың 95 пайызы ағылшынша өтеді. Қарағандылықтардың шет тілін меңгеруге деген құлшынысы жоғары. Сабаққа да қалмай қатысты. Бір байқағаным, олар ағылшын тілінде сөйлем құрағанымен, еркін сөйлей алмайды. Келушілерді өз бағдарламамызбен таныстырып, оқытқан болатынбыз. Әр тақырыпта бір оқиға болады. Кез келген ертегіні алып қарасаңыз, зиянын тигізіп жүретін кейіпкер бар. Бізде де сол сияқты. Оқиға барысында мәтінді бұзып кететін кейіпкер болады. Мобильді қосымшада да солай. Ал, білім алушы сол қате бойынша жұмыс істейді. Алғашқы келген оқушыларымыз бұл әдіске таңданыспен қарап, қызығушылық танытты. Енді кітабымызды шығарып, үйірме ашсақ деген ниетіміз бар, – деді Нұрмұхаммед Еркебұлан.

Әрине, бұл – үлкен еңбек. Заманауи көзқарастағы жастардың дамып келе жатқандығының нәтижесі бұл. Тек, соларға қолдау көрсетіп, сенім артқан жөн. Сонда ғана еліміз жаңа белестерді бағындыратыны сөзсіз.

Ербол ЕРБОЛАТ,

ortalyq.kz