Бүгін: 26.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«ӘКІМ БОЛ – ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ» ДЕГЕН ҚАҒИДАНЫ САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРЖАН ТЕМИРХАНОВ ҰМЫТПАСА КЕРЕК.

Осы принципті берік ұстанған Ержан Оралұлы үстіміздегі жылдың 22 маусымында шаһардағы кәсіпорындарды аралап, сондағы халықтың мұңы мен мұқтажын біліп қайтты.

Ондағы мақсат – Сораңды тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысу, қала тұрғындарымен еркін диалог алаңын құрып, жұртшылықтың жұмыс барысындағы емес, күнделікті тірлігіндегі мұң-мұқтажын, өтініш-шағымдарын білу, ұсыныстары болып жатса, оларды да қаперге алу, билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайту, күнделікті мәселелердің дұрыс шешімін табу және қалада атқарылып жатқан жұмыстармен тұрғындарды таныстырып өту.

Сондықтан да болар, шаһар әкімі өзімен бірге тек орынбасарларын ғана емес, әкім аппаратының басшысы мен мемлекеттік мекемелердің басшыларын да ертіп апарған.

Қала әкімі Ержан Темирхановтың шаһар тұрғындарымен еркін форматтағы диалог алаңы алдымен «Sunpaper» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде орын алды.

– Бұл шара билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтудың, халықпен тығыз қарым-қатынас жасаудың тиімді тәсілі. Сондықтан да осы кездесуді тұрғындармен тығыз байланыс жасау, қоғамға ашықтығымызды көрсету мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Жалпы, қала тұрғындарын су, жарық, жол, аулаларды жөндеу мәселелері толғандырады. Біз қала тұрғындарының өтініштерін мұқият тыңдап, түйткілді мәселелердің шешімін табуға тырысамыз. Шара барысында бүгінгі таңда қалада атқарылып жатқан іргелі істеріміз туралы жұртшылыққа қысқа да нұсқа ақпарат беріп өтуді де мақсат қыламыз, – деді шаһар әкімі Ержан Оралұлы кездесуде.

Өз кезегінде «Sunpaper» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыскерлері көбіне ауызсу тапшылығы коммуналдық сұрақтар, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелерге қатысты уәждерін айтты.

Ал шаһар әкімі шара шеңберінде тұрғындардың күнделікті тірлігіндегі мұң-мұқтажын, өтініш-шағымдарын тыңдап, түскен өтініштерге тиісті жауаптарын берді.

Қала әкімінің тұрғындармен кездесуі одан әрі «Kazcentrelectroprovod» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасын тапты. Ондағы атқарылған жұмыстарды көзбен көріп, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып, «Kazcentrelectroprovod»-тың ғимаратын аралады.

– Бұндай кездесулер билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтудың, халықпен тығыз қарым-қатынас жасаудың тиімді тәсілі. Бұл ізгі шараны тұрғындармен тығыз байланыс жасау, қоғамға ашықтығымызды көрсету мақсатында ұйымдастырып жатырмыз. Көбінесе азаматтар қалалық құрылым өкілдеріне жұмысбастылықтың кесірінен бара алмай жататын кездері болады ғой. Ал бұл іс-шарада қалалық құрылым өкілдері жұртшылықпен жүздесіп, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді шешу үшін халықтың алдына өздері келіп отыр. Сондықтан жиі қозғалатын жол, аулаларды абаттандыру, ауызсу сынды тағы да басқа сіздерді толғандырып жүрген мәселелеріңізді осы қазір ортаға салсаңыздар деймін. Біз қала тұрғындарының өтініштерін мұқият тыңдап, түйткілді мәселелердің шешімін табуға тырысамыз. Кездесу барысында көтерілген мәселелер күн тәртібіне қойылып, шешімін алдағы уақытта табатын болады. Сол себепті мен өзіммен бірге орынбасарларымды, әкім аппаратының басшысын, қаладағы бөлімдердің басшыларын да ертіп келіп отырмын. Сіздер көтерген бірде-бір мәселе жауапсыз қалмайды. Әрбір түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін тиісті органдарға тапсырма беремін және олардың орындалуын өзім қадағалайтын боламын, – деді Ержан Оралұлы «Kazcentrelectroprovod» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі шаһар тұрғындарымен кездесуі барысында.

Кездесу барысында Ержан Темирханов тұрғындарды алаңдатып жүрген су, газ, электр қуаты және жол сұрақтары бойынша жауапты мекеме жетекшілеріне түйінді мәселенің шешімін тез арада табуды тапсырды.

Мұнан кейінгі сапар «ККК Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Ержан Оралұлы кәсіпорын ғимаратында жиналған жұртшылыққа кездесудің мақсатын түсіндірді.

 

– Жұмысты жоспарлау үшін әуелі проблемаларды білу қажет. Ал ол үшін қала тұрғындарымен бетпе-бет жүздесу керек. Негізі қала әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен жауапты мамандары маған шаһардағы әрбір қордаланған мәселелер туралы мәлімдеді. Оның үстіне көптеген тұрғындар әлеуметтік желідегі әкім аппаратының немесе менің жеке парақшам арқылы да тікелей менің өзіме мазалаған сұрақтарын жазып отырады. Алайда мен халықпен бетпе-бет жүздесіп, шаһар тынысын жергілікті тұрғындардың өз ауызынан естігенді де жөн көріп отырмын. Өйткені, бұл біздің қызметтік міндетіміз, – деп атап өтті Ержан Оралұлы кездесуде.

«ККК Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өткен кездесу барысында тұрғындар өздерін мазалаған мәселелерге қатысты уәждерін айтты.

Қала басшысы тұрғындардың көкейінде жүрген көптеген мәселеге заң шеңберінде жауаптар беріп, кейбір шешімін табу үшін уақыт талап ететін мәселелер бойынша жан-жақты зерделеп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Жалпы кәсіпорындарда болған кездесулер барысында тұрғындар қала басшысына алғысын айтып, арнайы келгеніне ризашылықтарын жеткізіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп жатты.

Ал шаһар тұрғындарымен еркін диалог алаңын құрып, жұртшылықтың жұмыс барысындағы емес, күнделікті тірлігіндегі мұң-мұқтажын, өтініш-шағымдарын білген әкім, халық өтінішін екшеп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Межелі мерзімді де белгіледі.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Фото: Султанбек Егембергенов