Бүгін: 25.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮНІНЕ ОРАЙ АРНАЙЫ ІС-ШАРА ӨТТІ.

Саран қаласының полиция бөлімі қалалық жастар ресурстық орталығы және «Карамелька» ойын-сауық кешенімен ынтымақтастық аясында шаһардағы Чкалов көшесінде орналасқан алаңның аумағында «Өз өміріңді бұзба» акциясын өткізді.

«Бұл акция жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Шара арқылы  осы проблемаға жастардың, жалпы қоғамның назарын аударғымыз келеді. Одан бөлек біздің бөлімнің қызметкерлері нашақорлықты түп тамырымен жою үшін күні – түні еңбек етеді. Мысалы жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар атқарылып, жиі тексерістер өткізіліп отырады», - дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі топтың бастығы Жасұлан Баядилов.

Шара барысында жастар арасында сауалнамалар жүргізіліп, тақырыпқа сай викториналық сұрақтар ұйымдастырылды. Жасөспірімдер арасында жүргізілген ашық әңгіме барысында нашақорлықтың алдын алу жолдары да жіті түсіндірілді.

«Бізде нашақорлыққа және есірткі заттарына қарсы күрес бойынша жыл сайын акция өтеді. Осы акция бүгін тимбилдинг ретінде ұйымдастырылды. Басты мақсаты – қоғамды біріктіру, салауатты өмір салтын насихаттау, сол сияқты жасөспірімдердің денсаулығын сақтауға бағытталған», - деді жастар ресурстық орталығының басшысы Сәнді Мұстафина.

Одан кейін «Карамелька» ойын-сауық кешенінің басшысы Людмила Ваймердің ұйымдастыруымен «Мен салауатты өмір салтын қолдаймын» ұранымен тимбилдинг өткізілді. Оған Саран қаласы мектептерінің оқушылары қатысты.

- «Өз өміріңді бұзба» акциясына белсене араластық. Осы арқылы өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын сақтауға, спортпен шұғылдануға шақырдық. Есірткінің адам денсаулығы үшін зиянын түсіндірдік», - дейді «Карамелька» ойын-сауық кешенінің басшысы Людмила Ваймер.

Ғасыр індетіне айналған нәубет бүгінде кең етек жайған. Ең қорқыныштысы бұл індетке шалдыққандардың қатарында жеткіншектер санының жылдан-жылға артуы. Шараға арнайы қатысқан шаһар мектептерінің девиантты мінез-құлқы бар оқушылары мен қаланың белсенді жастары нашақорлық жайлы, жалпы есірткі заттары туралы өздерінің ойларымен бөлісті.

«Біз осындай акцияға өткен жылы да қатысқанбыз. Ол кезде түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Қазір міне, тимбилдинг өтіп жатыр. Жеке өзім үлкен ой түйдім. Нашақорлық бұл өте жаман дерт. Ол адамдарды тәуелді қылып қояды», - деді № 1 мектеп-лицейінің оқушысы Милена Югай.

Аталмыш шара барысында ұйымдастырушылар қала тұрғындарына есірткінің адам ағзасына келтіретін зияндары жайлы толыққанды ақпараттар таратты.

Айта кетейік, 1997 жылы БҰҰ – ның кезекті ассамблеясында 26 маусым – «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» деп бекітілген болатын. Содан бері айтулы дата әлемнің барлық дерлік елінде аталып өтіледі.

Ғасыр індетімен қазір төтркүл дүние жұмыла күресуде. Дегенмен ол жыл санап көптеген жанның санасын улауда. Сондықтан осындай шараларды өткізудің маңызы орасан. Өйткені жастарға нашақорлықтың салдарын көрсету керек және мұндай жаман жолдың қайда апаратынын ұғындыру керек дейді ұйымдастырушылар.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ