Бүгін: 07.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«ӘКІМДЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН НАҚТЫ ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ШЕШУ НӘТИЖЕЛЕРІ БОЙЫНША БАҒАЛАЙТЫН БОЛАМЫН». ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӘКІМДЕР ҚЫЗМЕТІНЕ ОСЫЛАЙ БАҒА БЕРЕТІНІН АЙТТЫ. АҚОРДАДА АЙМАҚ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ БАРЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ЖОЛЫНДА ЖАҢА МІНДЕТТЕР ҚОЙДЫ. ӘСІРЕСЕ, ХАЛЫҚПЕН ЖАҚЫН БОЛЫП, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ ОЛАРДЫҢ СҰРАҚТАРЫНА ЖАУАП БЕРУДІ МІНДЕТТЕДІ. ЯҒНИ, АШЫҚТЫҚ ПЕН ЖАРИЯЛЫЛЫҚТЫ КЕҢІНЕН НАСИХАТТАП, ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖАСАУДЫ ТАПСЫРДЫ.

   Қазақта «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекерге айтылмаған. Ақ жағалылар ішінде қара халықпен жұмыс істейтіндер – әкімдер. Әсіресе, аудан басшылары, ауылдық округтің әкімдері тікелей халықпен жұмыс жасайды. Олардың мұң-мұқтажын біліп, жоқ-жітігін түгендеп отыратындар да солар болуы тиіс. Бүгінгі заманда ел басқару оңай емес, көптің көңілінен шығу қиын.

Жұртшылық арасында «Әкім» сөзіндегі төрт әріп «әділдік, кішіпейілділік, іскерлік, мейірімділік» атты төрт ұғымды білдіреді деген пікір бар. Ауылдан облысқа дейінгі қолына билік тізгіні сеніп тапсырылған лауазым иелерінің бойларынан халық тап осындай тамаша қасиеттерді көргісі келетіндігі анық. Тек сол төрт талап үдесінен түгел көрініп, абырой-беделге бөленіп жүрген әкімдердің саусақпен санарлық екендігі жасырын емес.

Президент мемлекеттік қызметшілерге халықпен жақын болуды тапсырып, заманауи коммуникация құралдарын кеңінен қолдануға кеңес бергені сол еді, әр өңірдегі түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшылары әлеуметтік желілерге жаппай тіркеле бастады. Алайда, бұл мәселеге Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов баяғыда-ақ назар аударып қойған.

Естеріңізде болса, 2019 жылдан бастап «әкім бол, халқыңа жақын бол» принціпін ұстанған Ержан Оралұлы жұртшылықтың жұмыс барысындағы емес, күнделікті тірлігіндегі мұң-мұқтажын, өтініш-шағымдарын білу, ұсыныстары болып жатса, оларды да қаперге алу мақсатында шаһардағы кәсіпорындар мен ұйымдарды аралап, тұрғындарымен еркін диалог алаңын ұйымдастырған болатын. 2020 жылға дейін жалғасын тапқан игі бастаманы әлемді әбігерге салған пандемия кезінде белгілі себептерге байланысты уақытша тоқтатуға тура келді.

Араға екі жыл уақыт салып, тәжтажал құрықталғаннан кейін, міне осыдан тура бір апта бұрын шаһар әкімі аталмыш игі дәстүрді қайра қолға алған болатын. Яғни, үстіміздегі жылдың 22 маусымында Ержан Оралұлы Саран қаласындағы «Sunpaper», «Kazcentrelectroprovod», «ККК Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды ірі кәсіпорындарын аралап, сондағы жұртшылықтың мұңы мен мұқтажын біліп қайтқан-тын.

Саран қаласының әкімі Ержан Темирхановтың шаһар тұрғындарымен еркін форматтағы ашық диалог алаңы бұрнағы Ақтас кентінде орналасқан «ЗАВОД ЖБИ-5» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасын тапты.

Әкімнің тұрғындармен өткен кездесуіне әдеттегідей қала басшысының орынбасарлары, әкім аппаратының басшысы, бірқатар халық қалаулылары мен мемлекеттік мекемелердің басшылары да қатысты.

«Жұмысты жоспарлау үшін әуелі проблемаларды білу қажет. Ал ол үшін қала тұрғындарымен бетпе-бет жүздесу керек. Сол себепті де мен сіздерге әдейі өзім келіп отырмын. Бұл шаралар билік органдарының халықпен тығыз байланысын, билік қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді, билік пен халықтың диалогын тереңдетіп, кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар қала жұртшылығының бәрі де менің қабылдауыма келе бермейді ғой. Оның үстіне қабылдауға жазылу, тағы басқа деген сияқты оның да өз машақаттары бар. Сондықтан да осындай қадам жасап жатқан жайымыз бар. Бұл біздің қызметіміздің ашықтығына, дер кезінде шешім қабылдауға, объективті ақпарат алуға ықпал етеді. Себебі, менің жеке өзіме қойылған өте өзекті, түрлі салалар бойынша сұрақтар болады. Білім беру, медициналық қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылымның дамуы, басқа да – жалпы елдің дамуы бойынша да, Саран қаласының дамуы бойынша да толғандыратын сауалдарыңыз болып жатса қоя беріңіздер, мен сіздермен ашық әңгімеге дайынмын», - деді «ЗАВОД ЖБИ-5» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған кездесуде Ержан Оралұлы.

Кездесуде оннан астам азамат өз пікірлерін білдіріп, сұрақтар қойды.  Жиналған жұрттың басым көпшілігі  газдандыру, үйге келетін ауыз судың қысымы, Ақтас кентіндегі кейбір жолдарды асфальттау, кентке кіре берістегі жиналып қалған қоқысты тазарту сынды мәселелерді көтеріп, кентте балаларға арналған ойын алаңдары, аулаларда спортпен айналысатын құрылғылар орнатылса деген өтініштерін айтты.

Ал қала әкімі азаматтардың ұсыныс пікірлерін тыңдай келе, бұл мәселелер бойынша жан-жақты  зерделеп шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді:

«Біз тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, түйткілді мәселелердің шешімін табуға тырысамыз. Кездесу барысында көтерілген мәселелер күн тәртібіне қойылып, шешімін алдағы уақытта табатын болады. Сол себепті мен өзіммен бірге орынбасарларымды, әкім аппаратының басшысын, қаладағы бөлімдердің басшыларын да ертіп келіп отырмын. Сіздер көтерген бірде-бір мәселе жауапсыз қалмайды. Әрбір түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін тиісті органдарға тапсырма беремін және олардың орындалуын өзім қадағалайтын боламын», - деді Ержан Оралұлы.

Иә, әкімнің өзі басшылық ететін өңірдің түкпір-түкпірін аралап, табан тоздыруы көп шаруаның тігісін жатқызуға мұрындық болып жатқаны белгілі. Мұндай сапарлар, кездесулер тұрғындардың шынайы әлеуметтік жағдайымен танысуға кең мүмкіндік берді. Сонымен қатар әкімнің шаһардағы мәселелермен танысу, оны шешудің жолын қарастыруда қарапайым халықтың пікіріне құлақ түру тәжірибесі де сөзсіз өзін-өзі ақтап жатқаны тағы бар.

ТҮЙІН.

«Көшбасшы болмаса, ел оңбайды» демей ме көреген халық. Әкім болу әр адамның ісі, халқына жақын болу нар адамның ісі. Сондай нар тұлғалы азамат, ел қамын ойлаған адал жанға айналуды азаматтық парыз деген тұлға ғана елінің ертеңіне сара жол салары анық. Тоқаев тапсырма берді, енді әкімдер ел үшін ерінбей еңбек етуі тиіс. Қалғаны уақыт еншісінде...

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Фото: Султанбек Егембергенов