Бүгін: 07.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

МАУСЫМ АЙЫНЫҢ 28 ЖҰЛДЫЗЫНДА Саран қаласы прокуратурасының бастамасымен ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНДЕ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЕСЕБІНДЕ ТҰРҒАН ТҰЛҒАЛАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ. НЕГІЗГІ МАҚСАТ - ЖАЗАСЫН ӨТЕП ШЫҚҚАН ЖӘНЕ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНДЕ ЕСЕПТЕ ТҰРҒАН АЗАМАТТАРДЫ ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕП, ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ. ОЛАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ, МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ТҮСІНДІРУ, КӘСІПКЕРЛІККЕ ҮЙРЕТУ.

Қала прокурорының орынбасары Алмаз Бекмағамбетов пен Саран қаласы әкімінің орынбасары Ералы Оспанов төрағалық еткен жиынға пробация қызметі және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында әр түрлі сала мамандары сотталғандарға өзінің жеке кәсіпкерлік ісін бастау үшін жеңілдетілген несие алу жолдары, жұмысқа орналасу және жеке басын анықтау құжатын қалпына келтіру бойынша ақпарат беріп, түсіндірді.

Толғауы тоқсан тіршілікте қателеспейтін адам болмас, сірә. Десекте түрме дегеніміз кәдімгі түзеу мекемесі болғанымен, онда жазасын өтегендер шын мәнінде түзеліп шығады деу қиын. Аңдаусызда шалыс басып, ойламаған жерден шайтан азғырып, опық жеген кейбір жандар қателерін түсініп, түрмеден сабақ алар-ау. Бірақ ондайлар жүздің ішінде біреу ғана. Ал әрбір сотталған азамат жаза мерзімін өтегеннен кейін бостандыққа шығып, қоғамға қайтып оралатындықтан, сол кезде оның құқықтарын сақтап, әлеуметтік бейімделуі қажет екенін ескерген жөн. Көп жағдайда жазасын өтеушілер тиісті мерзімі аяқталып, қамаудан босаған соң қоғам өміріне сіңісіп кете алмай жатады. Соның салдарынан түрмеге бойы үйренген немесе қоғамдық қарым-қатынасты жат санайтын азаматтар қайта қылмыс жасап, темір торға тоғытылады.

Міне, сондықтан да өзіне де, қоғамға да қауіп төндіретін осындай жағдайлар орын алмас үшін, қателікке ұрынған жандарды кеудеден итермей, қоғамға бейімдеуде пробациялық қызметке үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

«Айта кетсек, бүгінгі таңда Саран қаласының пробация есебінде тіркеуде тұрған 45 адам бар. Олар: әртүрлі қылмыс үшін бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны атқарушылар, шартты түрде сотталғандар және жазасын кейін өтейтіндер. Оларға әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Пробациялық есепте тұрғандарға әлеуметтік көмек көрсетумен бірге оларды әлеуметтік оңалту, қайта жасалатын қылмыстың алдын алу, болдырмау мақсатында олармен тәрбиелік мәні бар түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді», - деді Саран қаласының пробация қызметі бөлімінің бастығы Адай Есмағамбетов тілшілерге берген сұхбатында.

Жиынға шақыртумен келген сотталған азаматтар қылмысқа бейім санатқа жатады. Басым бөлігі бас бостандығын шектеу жазасын өтеуде. Аталмыш тұлғалар сот жүктеген міндеттерді атқаруға тиіс. Атап айтсақ, тұрғылықты мекенжайды өзгертпеу, аумақтық бірліктен асып, тыс шықпау, жұмысқа орналасу және уақытылы пробация қызметі бөліміне келіп, белгіленіп отыру. Егер бұл талаптар орындалмаса бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Жиылған қауымға осы тарапта қателіктер жібермеу туралы ескертілді.

Жиналыс барысында бас бостандығынан айырылғандарға арналған мекемеден босап шығып, жаңа өмір бастауға ниетті азаматтар кездескен кедергілерімен бөлісті. Бірі аз қамтылғандарға көмек сұрағын көтерсе, енді біреуі - жұмысқа орналасудағы қиындықтарға тап болған. Бұл орайда жиынға Саран қаласының жұмыспен қамту орталығының өкілі де шақыртылған. Ал қала прокурорының орынбасары аталған мәселеге қатысты пробация қызметінде есепте тұрғандарға өз жауабын берді:

«Сіз сотталған деп, қандай да бір компания сізді жұмысқа тұрғызудан бас тартты делік. Ал сіздің қолыңызда жұмысқа орналасуға жазбаша сұрау салу болса және оған тиісті жауап болса, онда ол ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдайда сіздің азамат ретіндегі құқығыңыз бұзылып отыр. Егер араларыңызда мұндай оқиғаларды байқағандар болса, бізге прокуратураға жүгініңіздер. Пробация қызметіне де мәселеңізбен келуге болады, біз олармен бірігіп жұмыс жасаймыз. Тіпті заңды тұлғалардың жауапкершілікке тартылған фактілері де бар», - деп атап өтті Саран қаласы прокурорының орынбасары Алмаз Бекмағамбетов.

Әлеуметтік және құқықтық көмекке қатысты көптеген жеке мәселелер қозғалды. Әкімнің орынбасары әрбір істің шешімін жеке қадағалауға алатынын айтты. Сонымен қатар, ол 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға арналған  Саран қаласы әкімінің «Идеядан шынайылыққа қарай» атты конкурсына қатысып, өз кәсіптерін дөңгелетуге бір миллион теңге көлеміндегі қаржылай қолдау алуға мүмкіндіктері бар екендіктерін атап өтті. Жиында тағы бір өткір мәселе - сотталғандардың жәбірленушілердің өтемақы қорына төлем бергісі келмеуі туралы да тілге тиек етілді.

«Көп жағдайда пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған тұлғалар ресми түрде емес ақша тауып жатады. Сол себепті сот орындаушысы табыс көзі бар екендігін білмейді. Біреулер қомақты қаражат алып отырады, бірақ неге екенін білмеймін,жәбірленушілердің өтемақы қорына төлем беруді жөн көрмейді. Прокурор дұрыс айтып өтті, қаражат мемлекеттің қалтасына кетіп жатқан жоқ. Ақшаның барлығы қылмыстан зардап шеккен адамдарға көмек ретінде қолданылады. Яғни жәбірленушілерге жіберіледі. Біздің тарапыздан сіздерге қолдау көрсетіледі, бізбен жауап беріп, байланыс орнатып отырсаңыздар болды», - деді жиын барысында сөз алған Саран қалалық сотының жеке сот орындаушысы Хусейн Висмурадов.

Кездесу соңында барлық қатысушыға пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандарға көмек көрсететін ұйымдар қызметкерлерінің байланыс деректері ұсынылды. Жиналыстан кейін әркім камерадан тыс өз мәселесімен бөлісе алды.

Түйін

Өмірімізде болып жатқан әрбір оқиғаға, әрбір өзгеріске 100% өзіміз жауаптымыз. Жеңілдетіп айтатын болсам — өміріміздегі барлық өзгеріске біздің тиіттей де болсын қатысымыз бар. Қылмыс жасасақ, қылмыстан кейін жазаланып жатсақ, бұл бізге «керек» болғаны. Осы «керектің» алдын алу қиын. Өйткені ол бейсаналы деңгейде жүзеге асады. Әрине, жаны мен тәні сау, махаббат пен мейірімге толы отбасында өскен жан ешуақытта мұндай қадамға бармайды.

Бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеген азаматтарды қоғам өміріне қайта бейімдеуге ықпал ету үшін пробация қызметтерінің рөлі аса маңызды. Бір рет жаңылған адамды ғұмыр бойы жаңылды деуге әсте болмас. Осындай кезде «Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» дейтін аталы сөз ойымызға орала берді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ