Бүгін: 07.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛҒЫ 24 МАУСЫМДА САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МУЛЬТИМЕДИЯЛЫҚ КАБИНЕТІНДЕ «ҮЗДІК ТЫҢДАУШЫ» ҚАЛАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ.

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырып отырған байқау ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды.

Оның ерекшелігі неде? Байқауға орталықта мемлекеттік тілде білім алып жатқан тыңдаушылар қатысып, қазақ тілінде сауатты сөйлеп-жазу шеберліктерін көрсетті. Байқаудың негізгі талабы: сөздерді дұрыс жазу мен оларды айту сол арқылы сөйлемдер құрау.  «Білімді тексеру» деп аталатын шарттар да қойылды. Оларды ойын түрінде тексеруге шешім қабылданды.

Байқау төрт кезеңнен тұрды. Біріншісінде - қатысушылар өздерін таныстырса, екіншісінде – грамматиканы тексерді. Одан кейін сөйлем құрап жазу дағдылары бағаланса, төртіншісі аудио тыңдау бойынша талаптар қойылды.

Мәселен, «Сәлем – сөз анасы» деп аталған байқаудың І турында әрбір қатысушы 3 минут ішінде өзін таныстырды. Қазылар алқасы қатысушылардың сөйлеу дағдыларына объективті баға берді.

«Кім жылдам?» деп аталған ІІ турда грамматиканы меңгеру деңгейі тексерілді, тапсырмалар «kahoot» платформасы арқылы орындалды.

«Сауатты жазу - біліктілік өлшемі» деп аталған ІІІ турда жазу дағдылары бағаланды, қатысушылар экранда көрсетілетін ұяшықтар бойынша тақырыпты таңдап, таңдалған тақырып бойынша 5-6 сөйлемнен тұратын мәтін жазды.

«Тыңдай білу – үлкен өнер» атты ІV турда тыңдау дағдылары тексерілді, қатысушыларға сөздер қалдырылып берілген тапсырмалар таратылды, әрбір қатысушы аудиомәтін бойынша бос орындарды толтырды.

Әр кезең бес балдық жүйе бойынша бағаланды. Бағалау кезінде негізгі назар сөйлеу, оқу, жазу, тыңдау дағдыларына аударылды. Тыңдаушының сөйлеу дағдысы, өз ойларын дұрыс жеткізуі, тілді түсіну деңгейі ескерілді.

Қатысушылардың пікірінше, Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі тиіс екен.

«Мен қазақ тілін үйрену қажеттілігін түсінемін. Біз осы елде тұратындықтан, оны білуіміз міндетті. Мұны тіпті қазақ тілінде де айтып жеткізе аламын. Менің ойымша, қазақ тілін үйрену - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті болуы шарт», - дейді байқауға қатысушы № 1 отбасылық оқу кітапханасының кітапханашысы Ирина Мирошникова.

Мемлекеттік ұйымдарда қазақ тілінің мәртебесін көтеруді және азаматтардың сауатты сөйлеуін көздейтін іс-шараны Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы ұйымдастырған.

«Жалпы жыл сайын тілдерді дамыту орталығы тұрақты негізде мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастырып отырады. Биыл біз екінші мәрте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тіл саясатын жүзеге асыру бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында белгілі бір уақыт бойы тілді үйреніп жүрген тыңдаушылар үшін «Үздік тыңдаушы» конкурсын ұйымдастырып отырмыз. Ондағы мақсат - тіл саясатын жүзеге асыру, қазақ тілі курсына қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін айқындау мен дамыту және мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылықтарын арттыру, мемлекеттік тілді насихаттау болып табылады», - дейді Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Береке Жарылғапова.

Барлық белестен сүрінбей өткен қатысушы жеңімпаз атанады. Байқау қорытындысы бойынша, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Евгения Бенко бірінші орынды жеңіп алса, екінші орын «Саранкоммунсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске шебері Руслан Султановқа бұйырды, ал «Қарағанды Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маманы Татьяна Федулова үшінші орынды иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сонымен қатар қалған қатысушыларға ақшалай сыйлықтарға сертификаттар мен дипломдар, естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор