Бүгін: 07.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Баршаларыңызды қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі, мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Әлемнің әр түкпірін мекендеген мұсылмандар бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбан шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысады. Адам осындай ізгі амалы арқылы Раббысына жақындай түседі. Ал «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Бұл күні қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз жүздерін Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін тілеп, екі дүниенің бақытын сұрап, Жаратқанға жалбарына дұға жасайды.

Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы зор. Алланы бір, пайғамбарды хақ деп білген мұсылмандар мешіттерімізде айт намазын оқып, дұға жасап, бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болғаннан кейін құрбандық шалады. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектерге таратылады. Осылайша адамда мейірім, қамқор, кешірім, қайыр-шапағат, сабыр сынды көркем мінез қалыптасады.

Қадірменді ағайын, бауырлар!

Алла тағала шынайы ниеттеріңізді, ізгі амалдарыңызды және шалған құрбандықтарыңызды қайырымен қабыл еткей! Жаратушы Иеміз баршамызға екі дүниенің бақытын нәсіп етіп, жүзімізді жарық еткей! Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі тыныштығы мәңгілік болғай!

Бейбіт өмірді мұрат тұтқан мұсылман қауымының ұлық мерекесі құтты болсын, ағайын!

Мұхамедқали қажы Саликов,

Саран қалалық орталық мешітінің бас имамы