Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ТАБИҒАТ БАЙЛЫҒЫНЫҢ БІРІ – ОРМАН. ОНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУДАҒЫ МАҢЫЗЫ ӨТЕ ЗОР. АЙТА КЕТСЕК, СУ РЕЖИМІН БІРҚАЛЫПТЫ ҰСТАП, ТОПЫРАҚТЫ ТҮРЛІ ЭРОЗИЯЛАРДАН САҚТАП ҚАНА ҚОЙМАЙ, АУАНЫ УЛЫ ГАЗДАРДАН ТАЗАРТЫП, ОТТЕГІ БӨЛІП ОТЫРАДЫ. ТАБИҒАТ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІН САҚТАП ТҰРУШЫНЫҢ НЕГІЗГІ СЕБЕПШІСІ ДЕ СОЛ – ОРМАН.

Алайда ондағы әртүрлі өсімдіктер мен жануарларға үлкен залал тигізетін қатердің бірі өрт екені белгілі. Өрттің негізгі себептеріне тоқталсақ, олардың табиғи факторлар есебінен орын алатыны өз алдына, адамзат тарапынан себепші болуы да басты мәселе болып тұр.

Біздің өңірдегі қазіргі құрғақ және желді климат, шөптесін өсімдіктердің көп болуы, орман, дала өртінің тез өріс алуына мүмкіндік туғызады.

Шілде айының басында табиғи өрттерді сөндіру кезінде қызметтердің іс-қимылын пысықтау мақсатында қалалық төтенше жағдай бөлімінің ұйымдастыруымен Саран-Шахан тас жолы бойындағы Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының ағаш отырғызу аумағында табиғи өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.

Оқу – жаттығу барысында өрт сөндірушілер өз міндеттерін қалтықсыз орындап, төтеншеліктердің шеберліктері шыңдалды. Жаттығуға Саран қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, № 24 өрт сөндіру бөлімі, өртке қарсы ерікті құрылым, Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы тартылды. Аталған шараға орман шаруашылығы ұйымдары мен  табиғатты қорғау инспекциялары да қатысты.

Оқу-жаттығуға барлығы 4 бірлік техника мен жеке құрамнан 22 адам жұмылдырылды. Осылайша қатысушылар жауынгерлік дайындық арқылы  алға қойған міндеттерін  мүлтіксіз орындап шықты.

Оқу-жаттығуды өткізу барысында күштер мен құралдардың өзара іс-қимылы, табиғи өрттерді сөндіру бойынша күштер мен құралдарды тарту тәртібі мәселелері пысықталды. Өрт сөндіру барысында қолданылатын техниканың, жабдықтар мен құралдардың ақаусыздығы және дайын болуы, хабарлауды ұйымдастыру шаралары пысықталды.

- Жаттығудың мақсаты табиғи өрттің алдын алу.Төтенше жағдайға  қарсы құрылымның  кәсибилігін жетілдіру.  Өйткені мамандар әр кезде сақадай сай болуы тиіс, - дейді Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенко.

Ыстық ауа райы орман алқаптарында туындайтын өрттің санын одан сайын арттырады. Апаттың негізгі себебі – сөндірілмей тасталған алаулар, темекі тұқылдары және өрт қауіпсіздігінің ережелерін сақтамау. Сол себепті де Саран қаласының төтенше жағдай бөлімі қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарына ағаштар мен бұталардың жанында құрғақ шөпте немесе жапырақтарда от жағуға болмайтынын ескертеді.

Оқу-жаттығу жұмыстары сәтті өтті. Мамандар алдарына қойған міндеттерін мінсіз атқарды. Осылайша, оқыс оқиға кезінде бірлесе жұмыс істеуі керек бірнеше қызмет түрлері өзара іс-әрекеттерін тағы бір пысықтап алды.

 

Сценарий бойынша орын алған жалын тек жаттығуда ғана болсын.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ