Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінің мәртебесі артып, беделі өсті. Көп ұлтты мемлекетімізде қазақ тілін үйреніп, мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің де қатары көбейді. Соның бірі мен -  Карина Марченко. Ұлтым орыс, орыс мектебінде оқыдым. Бірақ қазақ тілін үйренуге бала кезімнен құштар болдым. Мектепті бітірген жылы колледжге қазақ тілі бөліміне түсуге бел будым. Қазір өкінбеймін. Өйткені тіл саласында жұмыс істеймін.

Тіл саясатының басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мемлекеттік басқару тілі ретіндегі рөлін нығайту. Бұл бағытта Саран қаласында батыл бастамалар қолға алынып, тиянақты тірліктер атқарылды. Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі,  тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен жыл басынан біраз іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында мекемелер арасында «Ұлттық ономастика – ел айнасы», қазақ тілі курсынан өткен тыңдаушылар арасында «Үздік тыңдаушы», мемлекеттік мекемелердің іс жүргізушілері мен аудармашылары қатысуымен «Аударма мәдениеті, ресми құжат сауаттылығы және мемлекеттік тілде іс жүргізу» тақырыбында қалалық семинар өтті. Мемлекеттік тілді үйрету курсының тыңдаушылары Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған челленджге қатысып, сөздік қорларын кеңейтуде.

Сонымен қатар қаладағы көрнекі ақпараттың тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестігі үнемі қадағаланып отырады. Осы бағыттағы жұмысты жүргізу үшін қаладағы тіл жанашырларынан «Тіл қорғаны» атты жұмыс тобы құрылған. Осы топтың мүшесі ретінде түсіндіру жұмыстарына жиі қатысып отырамын. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтінімді көрген қала тұрғындары, қайдан, қалай үйрендің деп сұрап, тіл үйренуге қызығушылықтарын білдіріп жатады.

Заң талаптарына сәйкес келмейтін нысандардағы дүкен иелеріне көрнекі ақпараттарын тіл туралы заңнамаларға сәйкестендіру туралы ұсыныс хаттар беріледі. Биылғы жылы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 115 шаруашылық субъектісі көрнекі ақпараттарын заң талабына сәйкестендірді, «Жедел желі» бойынша 100 жеке кәсіпкерге әдістемелік көмек көрсетілді.

Ақтас кенті әкімінің қатысуымен 2022 жылы сәуірде кент кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңдарының талаптары түсіндіріліп, қысқа мерзімді курстарға шақырылды.

«Саран қаласы тілдерді дамыту орталығы» КММ қызметкерлерімен қызмет көрсетуге арналған әр сала бойынша «Тілашар» әзірленді. Әзірленген сөздіктер «Саран газеті» беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланды.  Барлығы 41 сабақ жарық көріп, сабақтар электрондық оқулық болып шықты.

Тіл волонтерларының қатысуымен «Қазақ тілі: загружай и изучай» акциясы өтті. Акция барысында қызмет көрсетушілерге арналған «Қазақша сөйлейік!» оқу құралы таратылды. Оқу құралын кез келген қызмет көрсетуші мен тұтынушылар QR кодты телефон арқылы сканерлеп үйрене алады. Осындай қала бойынша жүргізілген жұмыстарға ат салысқаныма, Қазақстанда тұрып, қазақша сөйлей алатыныма мақтанамын әрі мұны азаматтық міндетім деп санаймын.

Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы екені сөзсіз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Мен Отанымның азаматы, патриоты ретінде туған елімнің тілін дамытуға бар күш-жігерімді саламын!

К. Марченко, «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» КММ әдіскері