Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жер бетінде адамзат баласы пайда болғаннан бері қаншама соғысты басынан өткізгенін санап айту мүмкін емес. Біздің заманымызға дейінгі уақытты айтпағанда қазіргі кездің өзінде қаншама қанды қырғындар, алапат соғыстар болып жатыр. Ал егер тарихқа көз жүгіртсек, осы сансыз соғыстардың ішіндегі ең алапаты, қасіреті және ең көп адам шығынын алып келгені – Екінші дүниежүзілік соғыс екендігі белгілі. 1941 жылдың 22 маусымында басталған қанды қырғын 1945 жылға дейін созылды.

Майданға қазақ  ұлдары  мен бірге өрімдей жас қара көз қыздар да өз еріктерімен  аттанды. Олар майданда ерлерден кем ерлік көрсеткен жоқ. Бастарын бәсекеге тігіп жауға қарсы тұра білді. Сондай батыр қыздарымыздың бірі Мәншүк Мәметова  болды. Мәншүктің мергендігі, сол соғыстағы ерлігі мойындалып, есімі кеңге таралды.

Бүгінде  осы қазақтың батыр қыздарының бірі Мәншүк Мәметованың туылғанына 100 жыл болды. Ол 1922 жылы Орал облысының Орда ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Мәнсия. Бес жасынан бастап әкесінің немере інісі Ахмет пен әйелі Әминаның тәрбиесінде болған. Ол екеуі Мәнсияны үлкен қара көздері мен пысықтығы үшін еркелетіп «Моншағым» деп атаған екен. Кейін өзінің де құлағы сол атауға үйренсе керек, «атың кім?» деп сұрағандарға «Мәншүк» деп жауап қайтарады.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда ол небәрі он сегіз жастағы бойжеткен болатын. Мұның құрбылары ол кезде оқу, жұмыс, тұрмыс құру сынды мәселелерді ойлап жүргенде, батыр қыз еш ойланбастан соғысқа аттануға сұранған еді. Өз өтінішінде ол: «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз. 1939 жылдан бері комсомолмын» деп мәлімдеген. Ал, бұл өтінішті Мәншүк 1941 жылдың 7 тамызында жазған екен. Алғашында М. Мәметованың мұндай талап-тілектерін басшылық қабыл алмады. Тек бір жыл бойы үздіксіз сұранғаннан кейін ғана 1942 жылдың 13 тамызында ол Алматыдан 100-ші атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанды

Әскери өмірге Мәншүк тез үйренді. Ерлермен бірге ол жер жорғалады, су кешті, ну ормандарды кесіп өтті және де пулемет атуды үйренді. Қарудың тілін жетік меңгерген бойжеткен 21-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының ең жақсы пулемет атқышы атағына да ие болды. Майдангерлері Мәншүкті үнемі мақтан тұтатын және ерліктің үлгісі ретінде көретін. Майданда тек пулеметші болып қана қоймай - радист, телефонист қызметін атқарып жүріп, жаралыларды емдейтін. Алған бетінен қайтпайтын.

1943 жылдың 15-ші қазанында Псков облысындағы Невель қаласын босату үшін Изоча станциясындағы 173,7 биіктігінде өте қатал соғыс болды. Мәншүк бұл кезде өзінің әскери бөлімін пулемет отымен қолдаған. Жау оғы қазақ қызының басына тиді. Соңғы демін жинаған ол фашистерге бетпе-бет шығып, пулеметтан оқ жаудырып, жақтастарының жолын ашып берді. Өкінішке қарай, Мәншүк осы қанды шайқаста қаза тапты.

Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылдың 1-ші наурызында неміс басқыншыларымен соғысу майданындағы қолбасшының әскери тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін, көрсеткен ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қаршадай қыздың ерлігі көптеген жауынгерге үлгі болды. Павлодар облысының колхозшылары батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталады. Невель қаласында да ескерткіші бар. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» атты көркем фильм түсірілді. Алматы қаласында Мәншүк Мәметова атындағы мектеп бар. № 28 орта мектеп пен медециналық институт алдында ескерткіш тақта орнатылған. Ең бастысы Батыр жерлесіміздің туған өлкесі әсем қала Оралымызда Мәншүкке орнатылған ескерткіш мемориалдық мұражайы бар.

№3 кітапхана қорында Мәншүк апамызға арналған кітаптар жинағы бар, қазақтың қайсар қызы жайлы оқып білгілеріңіз келсе, біз сіздерді кітапханада күтеміз.Осы әділет жолында, қасық қанын қиып, ұрыс даласында ерлікпен шайқасып, қаза тапқан батыр қаһарманымыз Мәншүк Мәметова әрқашанда ел есінде, оны әрдайым еске алып, құрмет көрсету біздің парызымыз.

А. Мусина,

№3 кітапхана филиалының кітапханашысы