Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ИӘ, ЖАРАТҚАН, ХАН КЕНЕ ҚАЙТЫП КЕЛЕР КҮН ҚАЙДА?! ҚАЗАҚТЫҢ СОҢҒЫ ХАНЫ КЕНЕСАРЫНЫҢ БАС СҮЙЕГІ ТУҒАН ТОПЫРАҒЫНА ҚАЙТА ОРАЛАТЫН КҮН БАР МА? ЖАРТЫ ӘЛЕМДІ БИЛЕГЕН ҰЛЫ ҚАҒАН ШЫҢҒЫСТЫҢ ТІКЕЛЕЙ ҰРПАҒЫ БОЛЫП КЕЛЕТІН БАҺАДҮР КЕНЕСАРЫ ХАНДЫ ШАРИҒАТ ШАРТТАРЫНА САЙ ҚАЙТА АРУЛАП ЖЕРЛЕМЕСЕК МҰСЫЛМАНДЫҒЫМЫЗ КӘНІ?! ТЕКТІЛІГІМІЗ ҚАЙСЫ?!

Әсілінде жаулап алушы, отарлаушы елдер найза кезеніп барған елдің тарапынан қатты қарсылыққа ұшырап, қан кешсе, сол елдің сағын сындырып, рухын өшіру үшін көтеріліске шыққан жұрттың көсемінің не қас батырының басын кесіп алып, қанжығаға бөктеріп кететін қатыгез салт бар. Еуропа елдерінің құлдық қамытын киген қара құрлықтан да, анау қызыл терілі үнділер жайлаған мұхиттың арғы жағындағы алапат өлкеден де бұндай мысалдарды көзінен тізіп келтіруге болады.

Қырғыз жерінде шабылып, соңынан жым-жылас жоғалған ұлы баһадүр бабамыз Кенесарының басы да сондай кепке ие. Ел иесінің бассыз қалуы – елдің бас иесіз қалуы. Жасанған жауына жасындай атылған көкжал көсем арадан кеткен соң елдің еңсесі түсіп, еңіреулі тағдыр кешеді екен-дүр. Қазақ сол еңіреулі тағдырдың ең сорақысын басынан өткерді.

Кенесары кім еді? Бұл сұрақтың жауабын бәріміз де білеміз. Әйтсе де, орыс патшалығы мен Қоқан, Хиуа хандықтарының озбырлығына қарсы тұрған оғлан жайында тарих сөйлесін.

Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, Ұлт-азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы – қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі – қалмақ Хочу-мерген ноянның қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары – осы Қасым сұлтанның баласы. Қасымның соңынан ерген балаларының бәрі кілең көкжал, кекті де текті еді. Бәйбішесінен – Есенгелді мен Саржан, екінші әйелі Бибіден – Кенесары, Құдайменде, Әбілғазы, Уақ, Шуақ, Сапақбай және Бопай, Бопан, Бопыш атты үш қыз, үшінші әйелі Асылтастан – жалғыз, арыстан жүректі Наурызбай туған. 1802 жылы Көкшетау өңірінде өмірге келген Кенесары осынау текті ұрпақтың ішінен оқ бойы озық тұрған, жаратылысы тым оқшау, нақ топжарғанның өзі болды.

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қазақтардың патша өкіметіне қарсы барынша бұқаралық сипат алған және ұзаққа созылған көтерілістерінің бірі болды.

Кенесары Қасымұлы 1837 жылдың желтоқсанында бірнеше рет дипломатиялық қадам жасай отырып, I Николай патшаға хат жолдап, тиісті талаптар қояды. Алайда, заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяқасты болып, елі мен жерінің тұтастығына қауіп төнгендіктен, тұлпар мініп, ту ұстап,  қол бастайды. Сақа саясаткер әрі шебер әскери қолбасшы ретінде ол әскери қақтығысқа жан-жақты дайындалған. Соның арқасында Кенесары хан 20 мың сарбаздан тұратын жауынгерлік қабілеті мығым әскер жасақтай алды. 1841 жылы қыркүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан болып сайланады. Бұл патша өкіметі үшін жағымсыз жаңалық болғаны анық. Ал, Кенесары хан болса, 1844-1845 жылдары ұлт- азаттық күресті табысты жүргізу үшін бір орталықтан басқарылатын мемлекет  құрып, оған өзі басшылық жасайды.

Кенесары хан – жеке басының қамынан елдің мүддесін жоғары қойған, талай қиын түйінді тапқырлығымен шешкен, сатқындыққа, әділетсіздікке жол бермеген тарихи тұлға. Ол азаттық үшін шайқаста қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап еткен. Алайда, патша өкіметімен құпия байланыста болған қырғыз манаптары оған мойынсұнбайды. Кенесары хан оларға шабуыл жасайды.

1847 жылы Кенесары 10000 сарбазымен қырғыз елінің солтүстігіне басып кірді. Кенесары ханның қырғыз жасағымен соңғы шайқасы 1847 жылы 17-25 сәуір аралығында   Тоқмақтың шығыс жағындағы Кекілік-Сеңгір тауының бөктеріндегі Шу өзеніне 1-2 шақырымдай жердегі Майтөбеде болды. Қырғыз манаптарының жасағы, генерал Вишневскийдің пулемет пен  зеңбірекпен қаруланған офицерлері мен солдаттары, Қоқан хандығының сарбаздары қазақ, қырғыз зерттеушілерінің болжауынша, 100 мыңдай адамды құраған. Бас қолбасшылық Орманның қолында болды. Кенесары қолы өзінен  күші 10 есе басым жаумен үш күн бойы соғысты. Шешуші шайқас қарсаңында Рүстем төре мен Сыпатай батыр соңына ерген жасақтарымен ұрыс алаңын тастап шықты. Бұл оқиғаның Кенесары қозғалысын тұйыққа тірегені тарихи шындық болатын. Иман (Аманкелдінің әкесі), Бұғыбай, Бұқарбай, Құрман батырлар опат болды. Қырғыздардың  қолына 1000-нан аса қазақтар тұтқынға түсті. Тұтқында қалғандар арасында Кенесары, сұлтандар – Құдайменді, Ержан және басқа да 32 төре тұқымдары бар. Үлкен ерлікпен  жау тобын бұзып шыққан Наурызбай, Ағыбай, Жекебатыр тобы болды. Бірақ, аз ғана  адамымен Кенесарының жау қолына түскенін естіген Наурызбай ағасын қимай, жау әскеріне өз еркімен келіп беріледі. Тұтқынға өзі келіп түскен інісін көргенде Кенесары інісіне «бекер болды-ау, сен ат үстінде жүргенде бұлар маған ештеңе ете алмас еді. Енді, бәрі бітті» деген екен. Патша әскерінің кеңесімен қырғыз манаптары екі батырдың да басын шапты. Кенесары – 45 жасында, Наурызбай – 25 жасында өлген. Кенесарысыз Наурызбай жоқ, Наурызбайсыз Кенесары жоқ. Халық ұғымында ешқашан ажыратылмай, екеуі бір аталады. Кенесары да, Наурызбай да тәуелсіздік үшін, болашақ үшін өлетінін білсе де, өздері ұрпақтардың бақыты үшін құрбан болған батырлар. Наурызбай – өзі әнші, өзі ақын, өзі күйші-сазгер. Осы арада арнайы айта кетейік, «Төрелер күйі» деп аталатын көп күйлер бар. Сол «Төрелер күйлерінің» бастауында жиырмаға жуық күй шығарған заңғар Абылай хан тұр. Осы «Төрелер күйлерінің» бір өкілі Наурызбай еді. Соның бәрінен де Наурызбайдың батырлығы басым болған. Кенесары қысылтаяң, қиын жерлерге тек, көбіне, соны ғана жұмсаған.

Орыс үкіметі Кенесарыны «жазалаушылардың» «еңбегін ұмытпады». Жантай Қарабеков патша үкіметінен алтын медаль, арнайы мақтау қағазына ие болды. Орманға алтын жіптермен тігілген халат тапсырылды. Қалығұл Әлібеков ханның басын Қапалдағы  генералға жеткізгені үшін  күміс медальмен марапатталды.

Кенесарының жеңілу себептерінің бірі – бір жағынан, орыс үкіметінің, екінші жағынан,  Қоқан билеушілерінің қырғыздарды айдап салуының да салдары екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Қазақ халқының азаттық күресі шын мәнінде, Ресейдің қырғыз жерін де,  Қоқан хандығын да жаулап алуын біраз уақытқа шегерді. Әсіресе, Ташкент бектерінің,  одан қырғыз манаптарының Кенесарыға қарсы қимылдары царизмнің Орта жүздің басты аудандарын, әсіресе, Ұлы жүзді алуға жол ашқандығын түсіну қиын емес. Феодалдық бытыраңқылық пен жегідей жеген ішкі қайшылықтардан туған қауіпті жете ескермеу, қырғыз, қазақ және өзбек халықтарын, кейіннен түркімендерді патша үкіметінің  бодандық бұғауына байлап берді.

Патшалық Ресейдің әскерилері мен шенеуніктер қызмет талабы бойынша Хан Кенеге қарсы соғысса да, оған шынайы баға беріп, «Хас Батыр», «Қырғыз даласының митридаты»,  «Бүлікшіл сұлтан», «Батыл басшы», «Қырғыздың ұлттық батыры», «Барлығын талқандаушы дала дауылы», «Қырғыздың Шәмілі», «Ұлы батыр», «Дала батыры» және басқа деп атап, құрмет тұтқан.

Өзінің нағыз адамға тән қасиеттері арқылы әйгілі басшы өзінің жанына түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін топтастыра білді. Көтерілісшілер арасында қазақтан бөлек, орыстар мен башқұрттар, қарақалпақтар мен өзбектер, татарлар мен поляктар болған. Олардың кейбірі қазақ ханының сеніміне ие болып, тіпті жоғары лауазымдарды да иемденген.

Мысалы,  Кенесарының хатшысы бұрынғы орыс сарбазы болса, оның сүйікті інісі Наурызбай сұлтанның шабарманы да  Николай Губин есімді орыс болған. Бедашев пен Малкин есімді орыс сарбаздары хан әскерінің отрядтарын басқарған. Малкинді қазақтар «Кичик» деп атаған. Ол жеңілмейтін палуан еді, сондықтан да оны хан «Батыр Мұрат» атты лақап атпен атаған. Кейіннен ол Отанына қайтқысы келгенде, Кенесары қасына төрт қазақтың батырын қосып, еліне аттандырған. Араға уақыт салып ол қазақ ханына қайта оралып, қазақтың азаттығы үшін күресін ары жалғастырады.

Татар өкілі Әлім Ягудин Әскери Кеңестің мүшесі болса, ондаған жылдар бойы ханның дипломатиялық қызметін Сайдақ-қожа Оспанов есімді өзбек басқарды. Олардың барлығы Кенесары әскеріне жүйелілік енгізіп, көтерілісшілерге әскери және басқару тәжірибелерін берді. Бұл туралы Л.Мейер былай деп атап өтеді: «Кенесарыны сипаттаған сәтте оның орыс тұтқындарына өте әділетті қарағанын атап өту керек. Бұл факт көптеген мысалдармен бекітіледі. Ол өзіне өзгелерді сендіре алған ұлы қасиетке ие еді. Онда бірнеше орыс әскері соғысты».  Кенесары ұрысқа қабілетті 20 мың әскерді жасақтай білді. Ол Шыңғысхан іспетті өз әскерін ондыққа, жүздікке және мыңдыққа бөлді. Ұрыс даласында ерлік танытып, көзге түскен батырларға ол «жүзбасы» және «мыңбасы» атақтарын берді.

Кенесары мергендердің басын қосып, «мергенбасы» басшылық ететін ерекше жасақ құрды. Орыс әскерінің мысалында ол өз әскерлеріне ерекше айырым белгілерін жасатты. XIX ғасырдағы қазақ даласын жақсы білген ағылшын зерттеушісі Т.В. Аткинсон былай деп жазды: «Кенесары қырғыздардан (қазақтар) керемет әскер жасақтады. Маған көпшілік жігіттердің найза мен балтаны ұрыста керемет қолдануы күші басым жаумен соғысуға мүмкіндік бергенін айтты. Оларда мықты офицерлер болса, қырғыздар әлемдегі ең мықты кавалерияны құрайтын еді!».

Кенесарының қолбасшылық өнері туралы сипаттамаларды орыс тарихнамасынан да байқаймыз. Әскери тарихшы В.А.Потто 1872 жылы өзінің «Қырдағы жорықтар хақында» деп аталатын дәрістерінде көтерілістің көсемін «жеңімпаз хан, қырғыздың Шәмілі» деп баға берген. XIX ғасырдың бірінші жартысында Ресейде болған ұлт-азаттық қозғалыстардың ішінен имам Шәміл мен Кенесары бастаған көтерілістің ерекше  дараланып тұратынын еске алсақ, бұл бағаның орынды екенін пайымдаймыз. Орыстың әскери тарихшысы Н.Середа өзінің «Қырғыз (қазақ) сұлтаны Кенесары Қасымовтың дау-дамайы» деген еңбегінде: «Кенесары өз жасағының мәртебелі әміршісі бола білді.  Кенесарының қолы жорықтарда, қамал алдында бөгелмейтін. Қайта бөгеттер оның  қайтпас еркін  қайрай түсетін, мақсатына жету жолында кездескен кедергілерді жайратып,  қаһарлы күшті тасқындататын. Көтеріліс қолбасшысы өз басына түскен небір қиыншылық, күйзеліс, қуғын-сүргінге қарамай, жауына бет қаратпай дауылдап тиюші еді», – деп Кенесарының халқы үшін басын бәйгіге тіккен батыр екенін жарқырата суреттейді.

Сонау XIX ғасырдың басында Кенесары бабамыздың: «Қазақ жеріне өзі ие болмай, жеке мемлекет құрмай, ел болып жарытпайды», – деген көрегендік сөзін тарих, өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қазақ елінің  тарихында бостандық үшін болған көтерілістердің ішінде ең маңыздысы – Кенесары басқарған ұлт-азаттық қозғалыс. Ол бүкіл өмірін халқының бостандығы үшін арнап, он жыл бойы өте қиын жағдайда Ресей империясына, Қоқан, Хиуа хандықтарының  басқыншылық шабуылдарына тойтарыс беріп отырды. Ерлігімен, даналығымен, әділеттілігімен абырой алып, хан болып сайланды. Кене хан мен Наурызбай қозғалысына қатысқан ата-бабаларымызды құрметтеу – бәріміздің міндетіміз. Елін, жерін қорғаған бабаларымызды құрметтеу жас ұрпақтарымыздың патриоттық сана-сезімін қалыптастыруға қызмет етуі керек.

Айта кетейік, биыл патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы күрескен ең ірі ұлт-азаттық көтерілісінің ұйымдастырушысы әрі қолбасшысы, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл толып отыр.

Материалды дайындаған Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ