Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ІЛГЕРІ ДАМЫҒАН САЙЫН ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ «ЖАСЫЛ» ОРТАҒА ТИГІЗЕР ЗАЛАЛЫ КӨБЕЙЕДІ. БҮГІНДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ КЕЗ КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕСІНЕ АЙНАЛҒАН.

Ауаның ластануы, орман ағаштарын кесу қарқыны апаттық деңгейде. Мамандардың айтуынша, жыл сайын жер бетінен 13 миллион гектар орман жойылады екен. Соның кесірінен құстардың әрбір төртінші түрі және қосмекенділердің әрбір үшінші түрі жойылып кетуге шақ тұр.

Бүгінде қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер – дамушы елдер. Бұл қатарда біз де бармыз.

Оған бірнеше себеп бар.

Бірінші, тұрмыс қалдықтарын өндейтін технология жолға қойылмаған. Екінші, қажетті ресурстар тапшы. Үшінші, күнде өте үлкен көлемде қалдықтар шығады. Сонымен қатар, адамдар үйілген қоқыстың залалын, экологияға және өз денсаулықтарына тигізер қаупін толық сезінбейді.

Күнбе-күн қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын ешкім мұның бәрі қайда кетеді деп бір сәт те болса ойланбайды. Пластика пакеттерге тамақ қалдықтарын, жуындыны, қағаздар мен тағы басқа қалдықтарды бірдей салып, тастай береді.

Осы орайда Саран шаһарында пилоттық жоба іске қосылды. Қаладағы көп қабатты үйлердің аулаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер пайда болды.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен әзірге бес алаңда 25 түрлі-түсті бак орнатылды. Саран қаласының әкімі Ержан Темірхановтың айтуынша, бұл шаһардың экологиялық сауаттылыққа алғашқы қадамы.

«Қоқысты сұрыптау біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігі болуы керек. Бастапқыда ыңғайсыз, үйреншікті емес болатынын түсінемін, бірақ тек біз өз болашағымыз үшін, ұрпақтарымыздың болашағы үшін мұны әдетке айналдырып, өз балаларымызға үйрете аламыз. Кез-келген үлкен жол бірінші қадамнан басталады. Бұл қаншалықты күлкілі болса да, экологиялық таза Қазақстанға апаратын жол әрқайсымыздың қоқысымызды сұрыптаудан басталады. Мұнда бәрі анық: біз үйде қоқысты әртүрлі шелектерге, пакеттерге жинап, оларды контейнерге тастаймыз. Барлықтарыңыздан қолдау көрсетулеріңізді сұраймын!» - деді қала әкімі Ержан Темірханов өзінің Instagram парақшасында.

Атап айтқанда, қоқысты бөлек жинауға арналған контейнерлер Ленин даңғылында орналасқан №10 үйдің, 1А ықшам ауданындағы №20 үйдің, Жамбыл көшесіндегі №59 үйдің, Қожанов көшесіндегі №21 үйдің, Абай көшесіндегі №21 үйдің ауласында орналастырылды.

«Қазіргі таңда экологиялық тазалық бүкіл әлем күресіп жатқан күрмеулі мәселелердің бірі. Осы проблеманы шешу үшін әр елде, облыс, қала, аудандар мен ауылдарда тың бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Өйткені өзін қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету әр тұрғынның денсаулығы үшін өте маңызды, әрі адами парызы. Сол үрдіске біз де өз үлесімізді қосып, өзіміз үшін әрекет етіп жатырмыз. Бұл атқарылып жатқан жұмыстың бәрі де қала тұрғындары үшін. Қоршаған ортаны, табиғатты, қаламызды бірге таза ұстайық!», - дейді Саран қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Марғұлан Анаев.

Әр мемлекет өз қалаларына ерекше көңіл бөледі. Заманауи инфрақұрылым, жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер, балабақшалар мен мектептер, қызмет көрсету және демалыс орындары – бәрі-бәрі шаһардың көркін ашатын, мәртебесін арттыратын нысандар болуы шарт. Халық көп шоғырланған мегополистерде көше, аула, ауа тазалығын сақтау және бір тәулікте тау болып жиналатын қоқыс мәселесі еріксіз алаңдатады.

Қазіргі таңда қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер – дамушы елдер. Мұның түрлі себебі бар, біріншіден тұрмыс қалдықтарын өндейтін технологияның жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың тапшылығы, күнделікті шығатын қалдықтардың үлкен көлемі, сонымен қатар, адамдардың қоқыстан болатын залалдың, экологияға әкелетін қауіпті толық сезінбеуінде. Күнбе-күн қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын көпшілігіміз бұның бәрі қайда кетеді деп ойланбаймыз да. Пакеттерге тамақ қалдықтары, жуынды, қағаз, пластик аралас салынып, толассыз тасталып жатыр.

Қоқысты тікелей полигонда сұрыптаумен қызмет көрсетуші айналысады. Контейнерлерді орнату бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ