Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БИЫЛ – АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖЕТЕКШІЛЕРІНІҢ БІРІ, ӘДЕБИЕТТАНУШЫ ҒАЛЫМ, ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ, ҰЛТ ҰСТАЗЫ – АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ. САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН АҒАРТУ САЛАСЫНА САРП ЕТКЕН ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСЫП ДАМУЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ӨЛШЕУСІЗ. МҰНЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫ ҒАНА ЕМЕС, ЕҢКЕЙГЕН ҚАРТТАН МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН ЕНДІ АТТАҒАН ОҚУШЫ БАЛАҒА ДЕЙІН БІЛЕДІ.

Aхмет Байтұрсынұлының есімі барша оқырман қауымға таныс болғанымен, оның өмірі, ағартушылық жолы туралы кей деректерді біле бермеуі мүмкін.

Оны қазақ даласының «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп аталатын атақты адамдарына жатқызуға болады. Ол талантты әдебиеттанушы, терең ойшыл, жарқыраған публицист, жанқияр саясаткер, ізденуші ғалым, керемет ұйымдастырушы және өз халқының дамуына қызығушылық танытқан қоғам қайраткері болды. Ол энциклопедиялық ақыл мен ерекше қабілеті бар, өмірді жақсы көретін және айналасындағы адамдардың тағдырына бей-жай қарамайтын адам. Ол айналасындағылардың барлығын өзінің таусылмайтын  қуатымен терең мағыналы тіршілігімен тарта білді. Ахмет Байтұрсынұлының сан қилы оқиғаға толы өмірі бүгінгі күні де адамдарды таңғалдырады және өмір сүруге, жасампаздыққа деген ұмтылысын оятады!

Халқымыздың өмірінде және бүкіл Еуразия кеңістігінде болып жатқан «өзгерістер дәуірінің» драмалық оқиғаларына қарамастан, оның өмірін конъюнктуралық деп айту қиын, дегенмен ол әрқашан ең өзекті әлеуметтік проблемалардың басында жүрді. Сонымен қатар, оның қоғамдық өмірге ат салысуындағы әрекетін өте дәйекті және мұқият деп айта аламыз. Ахаң басы қасында болған жобалардың әрқайсысын кемелдіктің шекті деңгейіне жеткізді. Қазақтың Ахметі халқы үшін, - «түнгі аспанның төрінде жарқырап тұрған шоқ жұлдыз!»

Ахаңның өміріндегі ең маңызды істер қатарына үш ірі бастамасын жатқызуға болады: Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен бірлесе отырып, өз заманы мен бүкіл қазақ халқы үшін тұтас ұлттың сауаты мен білім айнасына айналған «Қазақ» газетін басып шығару; Араб графикасын қолдану  арқылы «Төте жазу» жасау және «Алаш-Орда» үкіметінің қызметіне қатысу. Әрине, Ахмет Байтұрсыновтың өмірінде өзгеде айтулы оқиғалар болды, алайда дәл осы оқиғалар қазақ халқының өмірінде терең із қалдырды, оны өз елінің көрнекті ұлы етті, оның тәуелсіздігі туралы арманын асқақ етті.

«Қазақ» газетінде сол кездегі  қайта өркендеген қазақ қоғамы үшін танымның кең көкжиегін ашқан мазмұны терең және тақырып бойынша алуан түрлі материалдар басылып шықты. Осы басылымның арқасында қазақтар қазіргі өркениетті ұлттың қалыптасуы жолында өте маңызды қадам жасады деп айтуға болады.

Дәстүрлі көшпелі қазақтың «ұзын құлағы» осы газеттің арқасында ақпарат беру құралынан ұлтты тәрбиелеу және кеңінен ағарту құралына айналды. Қазақ зиялыларының айтуынша, бұл  белгі қазақтар арасында Еуропалық ғылым мен өнердің таралуын, «Қазақ» газетінің қазақ халқы үшін мәдениеттің терезесіне айналуын және өзгелердің зиянынан қорғаушысы болу ниетін білдірді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Бауыржан Момышұлы Қазақ тілі туралы былай деп жазады: «біздің ана тіліміз – біздің халықтық қадір-қасиетіміз бен мемлекеттілігіміздің мәні, тот баспайтын өзегі. Ана сүтімен сіңірген ана тілімізді білмеу - барлық ата-бабаларымызды, бүкіл тарихымызды ұмыту дегенді білдіреді».

ұлттығымыздың айғағы – туған тіл ­туралы сөйлесек, Ахметтің ардақты есімі ­қатар айтылады. Оны айтпасқа құқымыз да жоқ. ­Себебі қазақтың ана тіліне ғылыми жүйеде түрен салып, негіздеуші – Ахмет!

Тізбелеп көрейікші.

Біріншіден, ХХ ғасыр басында жетілген жұрт тілінің жетегінде адасқан Алаштың әліпбиі мен әліппе­сін ұлттық болмысқа ла­йықтап түрледі, түзіп берді. Дәлел – 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы» қазақша әліппе кітабы. Осы әліппе жүйесімен әлі күнге сауатымызды ашып келеміз. «Қазақ әлiпбиiнiң» 1912 жылы Орынбор қаласынан басылып шығып, елiнiң қолына тигенiне де, мiне, биыл –110 жыл толмақ.

Екіншіден, жұртымыз орыс патшалығына бодан болып тұрғанда «қырғыз» атанған еліне «қазақ» деген төл атауын қайтарды. Дәлел – Орынборда 1913-1918 жылдары жарияланған «Қазақ» газеті арқылы жүзеге асырғанын мұқым ел біледі.

Үшіншіден, Қазан төңкерісімен келген «Жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер!» дейтұғын бейнетқорлар көсемі Лениннің бұқараға беретін теңдігі кезінде ұлтына дербес ел болу үшін шекарасы анықталған автономия әперді. Дәлел – Орынбордың 1920-1924 жылдары қазақ елінің рух көтерер ордабасы болуы. Өкініштісі, бұл рухани орда өзгенің еншісінде кетті, десе де бұдан бүгінгі ұрпақ сабақ алуымыз қажет. Алдағы уақытта ата-бабадан қалған киелі жерімізді болашақ ұрпақ үшін көзіміздің қарашығындай сақтауға мүдделіміз.

Тізе берсең, ұлт алдында тарихи істері таудай теңдессіз тұлға, кемел ер – ол Ахмет Байтұрсынұлы! ХХ ғасыр басында ел мүддесі үшін күрескен тұлғаны замандастары «Қазақ халқының көсемі», «Ұлттың ар-ожданы» деп ұлықтап, есімін тура атамай, «Алаштың Ахаңы» деп дәріптеген.

Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданының Сарытүбек ауылында өмірге келген.

Заманында Ахаң атанған Ахмет тарихта есімі мәшһүр тұңғыш тархан Жәнібекпен түбі бір, текті атаның балалары. Қошқар ұлы Жәнібектің атасы – Көшей, бабасы – Шақшақ. Жәнібек пен Ахметті таратып алатын түп-тегіміз, осы ұлы баба Шақшақтан бастау алады. Жәнібек батыр Шақшақтың шөбересі болса, Ахмет – Шақшақтың тоғызыншы тармақтағы үрім-бұтағы, яғни жалғасты ұрпағы. Ахметтің әкесі Байтұрсын бес ағайынды. Олар: Ақтас, Байтұрсын, Данияр (кейбір деректе Сабалақ, мұны ғұрып бойынша жеңгелері қойған), Ерғазы, Ермағанбет. Атасы Шошақ он ағайынды болса, бабасы Таңбай жеті ағайынды екен. Таңбайдың әкесі Аралбай бес ағайынды. Үлкен бабасы Аралбай Үмбетейдің бел баласы. Байсейіттен Үмбетей мен Сейтімбет туған. Байсейіт атадан жалғыз, оның әкесі Қалқаман Көшейұлы (5 ағайынды). Қалқаманның сүйегі – Арғын (6 ағайынды). Үлкен ата, ру атына айналған Арғын тайпасынан бері таратар болсақ: Арғыннан – Тәнбі сопы (5), одан – Елемес (1). Елеместен – Ермен (1), Ерменнен – Шағыр (3), одан – Аманжол (3),  Аманжолдан – Шақшақ (3),  Шақшақтан – Көшей (6) туған. Енді отбасылық әулет шежіресі бойынша таратсақ, Ахметтің руы – Арғын, оның ішінде Тәмбісопы. Тәмбісопыны Өткірсопы дейтін де деректер кездеседі. Тәмбісопыдан – Елемес, одан – Ермен, Ерменнен – Шағыр, одан – Аманжол, Аманжолдан – Шақшақ, одан – Қалқаман, Қалқаманнан – Байсейіт, Байсейіттен – Үмбетей туған.

Ахметтің ұлы бабасы – Үмбетей батыр ру басына айналған үлкен ата, оның есімі заманында қалмақпен соғысқан ұлы шайқастарда танылған, ел билеген тұлға екені мәлім. Жұрты Қостанайдың Наурызымы мен Торғайдың Ақкөлі аралығын мекендеген. Деректерге сүйенсек, Үмбетей батырдың некелеп алған 7 әйелі болғаны, оның әр әйелінен 5-6 баласы, жиынтығы – 26 ұрпақ сүйгені жөнінде әулет шежіресінде толық қамтылған. Үмбетейден – Аралбай туады, одан – Таңбай, Таңбайдан – Шошақ туған. Шошақтың баласы – Байтұрсын, Байтұрсыннан – Ахмет туған. Ахмет әке-шешеден 4 ағайынды. Үлкен ағалары: Қали (1868-1925), Кәкіш (1869-1924), кіші інісі Мәшен (1873-1930), жалғыз қарындастары Зиляш 1876 жылы дүниеге келген.

Ахмет Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебін 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады.

Ұлт ұстазының саяси қызмет жолы 1905 жылы басталды. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі де Ахмет Байтұрсынұлы  болатын. Қарқаралы петициясында сол кездегі қазақ жұртшылығының мүддесі қамтылған еді. Петициядан кейін жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Ресей ІІМ-нің ерекше кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Ахметті қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылы 9 наурызда  Орынборға келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913-1918 жылы өзінің ең жақын әрі  сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ, қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Ахмет Байтұрсынұлы Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында еді. Ол «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға жабылды.

Ахмет Байтұрсынұлы 1921-1925 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылдың 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес, Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды.

Ұлт ұстазы атанып, соңына өшпес із қалдырған Ахмет 1937 жылы желтоқсанда жазықсыз атылып кетті.

Ақынның алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрген. Халқын «Маса» боп оятқан Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген. «Әдебиет танытқыш» – сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндірген ғылыми зерттеуі. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ, ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923 ж.) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926 ж.) кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет дүние екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті.

Қорыта айтқанда, тұлғаның толайым тағдырына қарап, саяси қайраткердің пролетариат көсеміне арнаған мақаласындағы: «...патша заманында жұрт жұмысына бүтіндей кіріскен адамның көретін күні белгілі – абақты мен айдау» деген жолдар өзіне қаратылып айтылғандай көрінеді. Саналы ғұмырын жұрт жұмысына жұмсаған, ұлт мүддесі үшін білімнің шыңына шыққан ақиық Ахмет, пайғамбар жасына қараған шағында тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Күрескер түрмеде отырып та замандастары айтқандай «тізесін үстел ғып», қаламының қарымын тартпай демі үзілгенше елінің қамын жеп, ой толғаған.Ғұламаның:«…қасиеттi тiлдiң түп-төркiнiн ақтарып, ғылым жасадым. Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп… «Әдебиет тарихы» деген еңбек жазып, сол бойынша қазақ оқу-ағарту наркомында, Орынборда, Қызылордада дәрiс оқып, адамзат қауымын iлгерiлетер демеушi күш ғылым мен техникада жатқанын қадап айттым» деп жазған мәлiмдемесi соның айғағы.

Бұл күні мыңдаған мақала мен жүздеген зерттеулердің нысанына айналған Ахмет Байтұрсынұлының аты ғасырдан ғасырға ұрпақ жадында «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» ретінде мәңгілікке жазылды.

Материалды дайындаған Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ