Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«БАСТАУ БИЗНЕС» ЖОБАСЫ БОЙЫНША ОНЛАЙН ОҚЫТУ БАСТАЛДЫ. БҰЛ ТУРАЛЫ ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛДЫҢ 25 ШІЛДЕСІНДЕ САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ӨЗІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ ПАРАҚШАСЫНДА ХАБАРЛАДЫ.

Онда берілген мәліметтерге сүйенер болсақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне Skills.enbek.kz платформасында онлайн оқуға болады.

«2022 жылғы 25 шілдеден бастап «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жаңа форматта қолжетімді болды. Өз ісін бастауды жоспарлап отырған қазақстандықтар енді Skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн режимде бизнес жүргізу үшін базалық білім мен дағдыларды ала алады.

«Бастау Бизнес» жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба (бұдан әрі – ұлттық жоба) арқылы азаматтардың бизнес-бастамаларын қолдаудың мемлекеттік шаралар кешені шеңберінде іске асырылады» делінген жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған материалда.

Оқу курсына жазылу үшін бар болғаны Business.enbek.kz порталына тіркеліп, оқыту шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеруден өту қажет. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы Skills.enbek.kz платформасына өтіп, оқуға кірісе алады.

«Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» онлайн курсының қатысушылары бола алатын үміткерлер келесідей:

1) жұмыссыздар;

2) ісін жаңадан бастаған немесе жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер;

3) зейнеткерлік жасқа жетпей жұмыстан қысқартылған қызметкерлер;

4) жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлер;

5) отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар;

6) табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар;

7) табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері.

Оқыту 14 күнтізбелік күннен аспайды. Әр қатысушы курсты жеке-жеке меңгерумен айналысады. Оқу толығымен тегін.

Оқыту келесі кезеңдерден тұрады:

— бірнеше модуль бойынша онлайн оқыту курсы;

— қорытынды тестілеу;

— оқудан өткені туралы сертификат алу.

Оқу барысында пайдаланушы бірнеше сабақтардан тұратын 12 модульден өтуі керек. Әрбір модуль аяқталған соң аралық тестілеу өткізіледі. Келесі оқу модуліне өту үшін қатысушы тестілеуді тапсыру кезінде дұрыс жауаптардың кемінде 70%-ын жинауы керек. Аралық тестілеуден өту әрекеттерінің саны шектелмейді.

Егер қатысушы қорытынды тестілеуді тапсыру кезінде дұрыс жауаптардың 70% — дан астамын жинаған жағдайда ол «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» онлайн курсынан өтті деп есептеледі. Дұрыс жауаптардың 70%-ынан төмен жинаған қатысушыға қорытынды тестілеуден 2 рет қайта өту мүмкіндігі беріледі.

Оқыту қорытындысы бойынша қатысушы бірегей нөмірі бар электрондық сертификат алады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаттың қолданылу мерзімі 3 жылды құрайды.

«Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту»  онлайн курсынан өткен қатысушылар ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға грант алуға үміткер бола алады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ