Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ ҚАУЛЫСЫМЕН 10 ТАМЫЗ «АБАЙ КҮНІ» БОЛЫП БЕЛГІЛЕНІП. МЕМЛЕКЕТТІК МЕРЕКЕЛЕР ТІЗБЕСІНЕ ЕНДІ. БҰЛ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТІ, ЖАЛПЫ ҰЛТ РУХАНИЯТЫ ҮШІН ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ. ОЛАЙ ДЕЙТІНІМІЗ, АБАЙ МҰРАСЫ – ЖАЛПЫАДАМЗАТҚА ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚ, ҰЛТТЫҚ АҚЫЛ-ОЙЫМЫЗДЫҢ КӨРІНІСІ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұра­сы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай адамзатты әділетке шақырып, өз қандастарын өзгелермен қатар тұра алатындай өнер-білімге, еңбексүйгіштік пен ыждаһатқа үндеді», – деген бо­латын.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» мақаласында: «Абай – біздің ұлтымыз бен жұрты­мыз­ды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеу­сіз, халық­тың рухани азығына айнал­ған мұра қалдырды», – дей келе, ХХІ ғасырға қадам бас­сақ та, Абай көзқарасының заман­ауи із­гі­лік қағидаттарына және Қа­зақ­стан қо­ғамының басты құндылық­тарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай ке­летінін атап көрсетті.

Осы ретте, Абай мұрасы біздің темірқазығымыз болуы керек. Ұлы ойшылдың «Толық адам» ілімі жеке тұлғаның интеллектуалдық мәдениеті мен қалыптасуының ғана емес, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың өзегі. Туған халқының бүгіні мен ертеңіне кемеңгерлікпен қарап, ел болашағының білім мен ғылымда екендігін көрсеткен Абай, ұлт болып ұйысудың, қазақ қоғамын әлемдік өркениетке танытудың жолын көрсетті. 

Осы орайда Абай атамыздың есімін арқалаған білім ошағында ұлы ойшылдың мұрасын ұлықтауға арналған тағылымды шаралар ұйымдастырылып, арнайы бағдарлама әзірленді. Қазақтың бас ақынының туған күні қарсаңында тамыздың 1 мен 8 жұлдызы аралығында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» тақырыбында апталық өтті.

Бұдан бөлек, мектеп ұжымы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай  ұлы ақынның шығармалары мен қара сөздерін жатқа, мәнерлеп оқу бойынша челленж ұйымдастырды. Қазіргі уақытта Instagram желісінде бұл науқан бойынша 10-нан аса жарияланым бар. 

Аталмыш challenge-ді бастаған мектеп ұжымы бізге науқан жайлы айтып берді. Олар таратуға мүмкіндік беретін ресурс ретінде осы әлеуметтік желіні пайдалануды ұйғарыпты. Себебі мектеп ұжымының айтуынша, challenge-дің көбі осы әлеуметтік желі арқылы кең таралады.

«Абай қазақ руханиятының басты тұлғасы. Оның шығармасы қазақ жерінде жылдан жылға мұра болып ұрпақтан-ұрпаққа беріліп қана қоймай, әлем тілдеріне аударылып, ғаламға тарады. Абай әр қазақтың сүйікті ақыны. Ұлы тұлғаның өлеңдері мен шығармаларын білмейтін қазақ жоқ шығар. Әрқайсыңыз Абайдың кем дегенде бір өлеңін жатқа білесіздер. Сондықтан, Абайды дәріптеп, шығарамасынан бір үзінді оқитын challenge бастаймыз», - делінген Абай атындағы мектептің іnstagram әеуметтік желісіндегі парақшасында.

Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Тау тұлғалар да солай. Зерттеп, зерделеген сайын ойы тереңдеп, сыры құпиялана түседі. Абай мұраларының әдебиеттану, лингвистика, педагогика, өнертану, философия ғылымдарының назарына ілігіп, зерттеу нысанына айналғанына да екі ғасырға жуық уақыт болды. Қазақ ғылымында Абай шығармашылығына байланысты жүздеген монография, мыңдаған ғылыми мақалалар жазылды, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Ұлы Әуезов негізін қалаған «Абайтану» ғылымы өмірге келді. Бірақ Абай әлемінің сырын ішіне бүккен әлі талай жұмбағы бар. Соның бірі ақын поэзиясы мен қара сөздеріндегі ұлттық философияның астарын ашу, М.Әуезов айтқан «Сыншыл ақылдың» діни-исламдық тереңіне сүңгу, лирикадағы ой ағысын зерделеу болмақ.

Айта кетсек, Президент тапсырмасымен 10 тамыз – Абай күні болып мемлекеттік мерекелер тізбегіне енгізіліп, 2020 жылы алғаш рет атап өтілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «…Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен ба­ғалай­тынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныс­тыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақ­тың қастерлі борышы»,-дей келе: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.

…Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал», - деген еді.

Ендеше, ақын арманы мен аманатына адал болайық! Абай мерекесі – ұлт руханиятының мерекесі, ұлттық мереке! Мереке құтты болсын!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ