Бүгін: 06.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ 18 БАСТАП ШАҺАРДА «ЖОЛДА ҚАБЫЛДАУ» АКЦИЯСЫН ӨТКІЗУДЕ. АКЦИЯ АЯСЫНДА ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АЛТЫ КҮН БОЙЫ САРАНДАҒЫ ХАЛЫҚ КӨП ЖИНАЛАТЫН КӨШЕЛЕРДІҢ БОЙЫНДА ТАҢНАН ТҮНГЕ ДЕЙІН ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ. АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА ХАЛЫҚҚА ЫҢҒАЙЛЫ ЖАҒДАЙДА, ТҰРҒЫНДАРДЫ ТОЛҒАНДЫРЫП ЖҮРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚАРАСТЫРДЫ.

Акцияның негізгі мақсаты - жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасын сақтау, автокөліктерді тіркеу, көлік құралдарын қайта жабдықтау, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл төлеу мәселелері бойынша тұрғындардың сауалына жауап беру. Шара кезінде арнайы жабдықталған көліктерде сандық жүйе арқылы полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты өтініштер қабылданды. Әкімшілік айыппұлдар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы нақты ақпарат берілді.

«Әкімшілік полиция басқамрасына қатысты әкімшілік айыппұлдар салу, оларды төлеу жөнінде, «Egov» бағадрламасы бойынша төлеу, бұдан бөлек автокөліктерді қайта жабдықтауға, газбен жабдықтауға, жүргізуші куәлігін ауысытру, алу бойынша  мамандарды ұйымдастырып, азаматтарға тиісті мәселелері бойынша жауап беріп жатырмыз», - дейді Саран қаласының полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Нұрхат Хамитов.

Алты күн бойы өткізіліп жатқан шара кезінде 100 астам адам қатысып, сұрақтарына жауап алды.

«Өзімнің айыппұлдарымды тексертейін деп сұрақтай қойдым. Полицияның бүкіл салалық қызметкерлері осында отыр екен. Соларға көкейімде жүрген сұрақтарды қойып, жауаптар алдым. Өте ыңғайлы жасалған. Адамдардың барлығы келіп, сұрақ қойп, қанағаттанып жатыр», - деді есімін атамауды өтінген қала тұрғындарының бірі.

Шара аясында көлік жүргізушілеріне барынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

«Жиі қойылатын сұрақтарға жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін айырбастау, көлікті қайта жабдықтау  және тағы басқа.  Осыған байланысты халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары  ұйымдастыру, азаматтардың ішкі істерге деген сенімді арттыруға бағытталған шараны ұйымдастырамыз», – дейді Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Шоқан Қожанов.

Полиция ардагері, қалалық мәслихаттың депутаты Қайрат Шаяхметовтың айтуынша, акцияның басты мақсаты халыққа құқықтық білім беріп, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы көпшілікті ақпараттандыру, сондай-ақ тұрғындарды ұсақ  құқықбұзушылыққа «нөлдік төзімділікпен» қарауды қалыптастыру

«Біз осындай шаралардан қалмаймыз. Ардагерлер кеңесі бар. Әрқайсымыздың өз міндетіміз бар. Сұрақтар өте көп. Бәріне жауап беруге тырысамыз. Көп жағдайда жүргізушілер бір бірінен кеңес алып, ақылдасып жатады. Мұнда кез келген адам, көкейіндегі сұрағына кәсіби жауап алады», - дейді полиция ардагері Қайрат Үлгіліұлы.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары түнгі уақыттарда жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға шақырған іс-шара ұйымдастырды.

Полиция өкілдерінің айтуынша, тәртіп сақшылары тарапынан жол қауіпсіздігіне қатысты түрлі шаралар, акциялар мен рейдтер ұйымдастырылғанымен, апаттық жағдайлардың алдын алу мүмкін болмай отыр.

Жол-көлік оқиғаларының басты себептерін саралап, ең негізгі себептерінің бірі - жылдамдық режимін сақтамау, қозғалыстың қарсы бағытына шығу, жаяу жүргіншілердің ереже бұзуы және т.б. екені анықталды.

«Жүргізушілер жылдамдық режимін сақтауы қажет. Алда келе жатқан көлікпен арақашықты сақтаған және маневр жасаған кезде абай болған жөн. Көктайғақтың жаяу жүргіншілер үшін де қаупі жоғары. Жолдың рұқсат етілмеген жерлерінен өтпеу керек. Өйткені көлік жүргізушісі байқамай қалуы әбден мүмкін», - дейді дейді Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Шоқан Қожанов.

Сондай-ақ, полицейлер синоптиктер мен төтенше жағдайлар қызметінің ауа райының өзгерістері жайлы ескертулеріне назар аударуға кеңес береді. Алыс сапарға шықпастан бұрын, көліктің техникалық жағдайының дұрыс екеніне көз жеткізу керек. Жолда оқыс жағдайға тап болған жағдайда Жергілікті полиция қызметі бөлімшесіне немесе 102 арнасына хабарласуға болады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА