Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңгі болашағы. Сол ұрпақты саналы да білімді етіп тәрбиелеу – төл міндетіміз. Соның бірі – патриоттық тәрбие мәселесі. Бұл адамзат тарихында ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат. Қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлттық менталитеттін, тарихын білмейтін жастарымыз көп. Бүгінгі күнде патриоттық сана-сезімнің әлсіреуі, адамдардың өз елі мен оның жетістіктері үшін ұлттық мақтаныш сезімнің өзгеруі. Қазіргі жастардың патриоттық рухы жоқтығы.

Жас ұрпақты Отанына, халқына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, олардың бойына сіңіріп қалыптастыру халық тәрбиесінде жетекші орын алады. Патриоттық тәрбие беру арқылы оқушының саналы сезімін көзқарасын қалыптастырады. Оқу орнында патриоттық тәрбиенің тереңдеуі Отанымыздың саналы да белсенді күрескерлерін  тәрбиелеуге, оларды еліміздің игілігіне жанқиярлықпен еңбек етуге, Республикамыздың мүддесін қорғауға жаңа мүмкіндіктер туғызады.  Жастардың Отанды қорғауға даярлау,  жас азаматтардың патриоттық тәрбиесінің танымдары мен мінездерін қалыптастыру күрделі және сан түрлі процесс. Оқушының дүние танымын,  білімін,  көзқарасын қалыптастыруда мектеп шешуші рөл атқарады. Аға ұрпақтың лайықты мұрагері болу үшін жастарға халқымыздың Отан мүддесі жолында жасаған ерлік істерінің ұлылығын жете түсіндіре отыруымыз қажет. Сол арқылы әр жас жігіт, бойжеткен қыз еліміздің келешегі жолында табанды күрескер болуы керек екенін түсінуі тиіс. Ер жүрек адамды,  табанды күрескерді тәрбиелеудің негізі мектепте басталады.

Қазіргі уақытта қоғамның дамуына байланысты оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу және дамыту міндеттері барған сайын күрделеніп бара жатыр. Басты міндеттің бірі: орта мектепті бітірген оқушы өмірге белсене араласа отырып, ғылымның шапшаң дамуына ілесуі, ашылған жаңалықтарды өздігінше оқып меңгеру, оларды өзі қызмет ететін салаларына қатыстыларын іс жүзіне асыра білуі, өмірде қолдана алуы. Сонымен қатар оқушылар мектеп қабырғасында жүріп –ақ әлемдік құрылым қалыптасуының негізгі ғылыми ұстанымдарын, ойлаудың әдіс-тәсілдерін, Отан деген сүйіспеншілік,  патриотизм, танымның заңдылықтарын игеруі тиіс. Осыған орай патриоттық тәрбие мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан,  мектеп оқушыларының бойындағы Отанға деген  сүйіспеншілігін, яғни патриоттық санасын дарытуда. Сондай – ақ бұл ұғымның маңызын ашып көрсету жас буындарды тәрбиелеуде  бүгінгі күннің кезек күттірмейтін қажеттігінен туындап отыр. Патриотизмге тәрбиелеудің үлкен ортасы – мектеп екені белгілі. Ондағы жоспарлы тақырыптық сабақтармен қатар, пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар патриотизмге тәрбиелеудің бір бағыты болып отыр.     

Қазақстандық патриотизмнің арқауы қазақ мемлекетіне деген сүйіспеншілік, ұлтына сенімі, нанымы, саяси көзқарасы, т.б. қарамастан, әрбір қазақстандық өзі өмір сүріп, күн көріп отырған мемлекетін - «Отаным» деп тануы, оның негізін салып отырған қазақ ұлтына сыйластық, оның заңдарында бас ию, рәміздеріне құрмет, жетістігіне сүйсініп, мақтану, кемшіліктерін болдырмаудың жолын қарастыру Қазақстандық патриотизмнің белгілері болуы керек деген ой келіп туады.

Патриоттық тәрбие тұлға қалыптасуының құрамдас бөлігі болып табылады, ол жастардың алған білімдерінің негізінде азаматтық  борыш  ұстанымымен, жекебастық мүдделері қоғамдық ұстанымдармен астасып жататын тіршілік әрекеті үлгісіне даярлығын қамтамасыз етуі тиіс. Демек, қазақ патриотизмі – рухы биік жеке тұлғаны қалыптастырудағы ата – бабаларымыздың қаһармандық батырлық, отансүйгіштік  тәлім – тәрбие  беру идеалдарының жиынтығы деп айтуымызға болады. Осы анықтама негізінде, біз «Қазақстандық патриотизм – Қазақстанды Отаным деп сезініп, басқа этностардың қазақ халқына құрметпен қарауын,  әр этностың құқықтық еркіндігін қуаттай отырып, туған жерін және оны қорғауға дайын болу » - деп дәйектейміз. 

Қазірде қазақ халқының дәстүрлері негізінде жүзеге асырылатын патриоттық тәрбие әлеуметтендіру процесін тұлғаға дәл осы Отанға, Атамекенге қызмет ету арқылы, өз тарихы үшін, өз Отанының әлеуметтік дүниенің ғылымына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына қосатын үлесі үшін мақтаныш сезімі арқылы өз қабілеттерін мейлінше терең ашуға мүмкіндік беретін деңгейге жеткізеді.

Ұрпағын өз халқының патриоты етіп тәрбиелеу - қай халықтың болса да тәрбиелеу жүйесінің негізгі талаптарынын бірі. Ал біздің халқымызда бұл талап әрдайым жоғары болған.  Ата - бабаларымыз кең далада өмір сүрген де, сондықтан оларға «Атамекен, туған жер» ұғымы - әрдайым қастерлі де қасиетті ұғым. Бұл қасиеттер ұрпақ бойына оқумен, біліммен, үйренумен, талпынумен бітеді. Патриоттық рухата өсуін қамтамасыз ету жан – жақты қарастырылған. Онда жастардың саяси белсенділігін арттырып, қоғам өміріне араласуына жағдай жасайтын түрлі шаралар көзделген.

Біз ата дәстүріне сүйене отырып, халқымыздың өркениетті елдер қатарына жетуін армандаймыз. Қазіргі кезеңде «Жаңа қазақстандық патриотизм» ұғымына зор мән берілуде. Көп ұлтты Қазақстан халқының отансүйгіштік сезімін қалыптастыратын – азаматтық келісім, ұлттық бірлік. Егемен еліміздің тәуелсіздігін сақтау ұлттық келісім, ішкі үндесім барша халқымыздың ынтымағы мен өзара жарасымдылығында. Туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар – жалпы ұлттық құндылықтар ешкімді де бейтарап қалдыра алмайды. Олар сөзсіз адам жүрегінде жылулық, жақындық, туыстық сезімдерді ұялатып жатады. Бір сөзбен айтқанда, патриотизм қасиетті ұғым. Қазақстандық патриотизмге келсек, ол тек қазақтардың ғана өз Отанына деген сүйіспеншілігі емес, онда мекендейтін бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне қатысты дүние. Бұл ұғымның мағынасы терең, ауқымы кең. Өз Отанын адамның өзі тануы тиіс. Оны жете біліп, қадір – қасиетін ұққанда, тарихын, өткен жолын, қиындықтарын, рухын, тар жол, тайғақ кешулерін көз алдынан өткізіп, жанымен сезе білгенде оған деген мақтаныш сезімі оянады.

Отаншылық, Отансүйгіштік, Патриотизм – адамның Отанына, туған еліне, оның тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімі. Көшпелі қазақ өркениетінде Отаншылдық ең қасиетті міндеттердің бірі саналды. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа жазылған Күлтегін ескерткішінде ел билеушілерінің Отаншылдық үлгісі көрініс тапқан. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Ақтамберді, Бұқар жыраулар және ХХ ғасырдың басындағы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, т.б. ұлт зиялылары мен қайраткерлері Отаншылдықты сөзбен ғана емес, іспен де көрсете білген. Әйтеке би «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп халыққа қызмет етудің, Отаншылдықтың айнасы бола білді. Халық батыры Бауыржан Момышұлы: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтықтың символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан – ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі – тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы - батыр халық»,- деген екен.

Жаңа қазақстандық патриотизм – ұлт рухының айнасы, өлшемі. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа Қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпы ұлттық құндылықтарда жатыр.

Ж. Жаяубаев,

«Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары

гуманитарлық-техникалық колледжі» КМҚК  директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,

Саран қалалық мәслихатының депутаты