Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БҰЛ АЙТУЛЫ МЕРЕКЕНІҢ ТАРИХЫ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХЫМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ. ОЛАЙ ДЕЙТІНМІЗ, 1992 ЖЫЛДЫҢ 18 ҚАЗАНЫНДА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА ӨТКІЗІЛГЕН «БҮКІЛ ӘЛЕМДІК РУХАНИ КЕЛІСІМ КОНГРЕСІНЕ» ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ БІРАУЫЗДАН ҚОЛДАУЫМЕН, АТАЛМЫШ КҮН – «РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІ» БОЛЫП ЖАРИЯЛАНҒАН ЕДІ.

Егемендігін алған күндерден бастап әлемге тыныштық пен бейбіт өмірді сүйетіндігімен танылған Қазақстан халқы үшін бұл мерекенің орны ерекше екендігі сөзсіз. Сондай-ақ, қазақ елі осы қасиетін дәлелдеп те келе жатыр. Осы мереке аясында күні бүгінге дейін қаншама үлкен іс-шаралар өтті. Бір ғана «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі»-нің өзі 6 мәрте ұйымдастырылып, әлем халқын бейбітшілік пен татулыққа шақырып, барша адамзатты ортақ мекеніміз жер шарының жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек етуге үндеумен келеді.

Дініміз Исламда да ең басты құндылық – адам, адамның өмірі, бізді қоршаған бар әлемнің қауіпсіздігі, ешкімнің де жазықсыз жапа шегуіне жол бермеу екендігі бесенеден белгілі. Сондай-ақ, ешкімнің сеніміне, жеке өміріне, өзіндік құпияларына, ары мен намысына қол сұғуға да жол жоқ. Алланың сөзі – Құранда «Кімде-кім (жазықсыз кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған) бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Ал, кімде-кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады (Мәидә сүресі, 6-аят)», - деп, бір адамның жанын қиюдың – бүкіл адамды өлімге тіккендей екендігін, ал, бір адамға өмір сыйлау, бір жазықты адамға кешірім жасау, бір адамның ардақты өміріне қол сұқпау – бүкіл адамзатқа осындай жақсылық жасағандай болатындығын айтады. Себебі, жер бетінде миллиардтаған адам бар десек, әрбір адамның өмірі, сенімі, көңіл-күйі – басқа барлық адамның өміріндей қадірлі, солардың барлығының көңіліндей ардақты, бәрінің сеніміндей құнды.

Бұл күннің «Рухани келісім күні» деп аталуындағы бір мақсат – әлемде орын алып жатқан қақтығыстар мен жанжалдарға тосқауыл қойып, адамзат баласын татулыққа бастау екендігі белгілі. Ендеше, осы жанжалдар мен қақтығыстар не үшін болып жатады?! Соған кішкене тоқталып өтейік. Мұның бір себебі – байлық пен билікке қол жеткізу десек қателеспеспіз. Ал, сол байлық пен билік – қаншама жанның өмірін қиып, қаншама көздің жасына қалуға тұратындай құнды нәрсе ме?! Тумысы бір, өсуі бір, осы өмірдегі бар қажеттіліктері ұқсас, бір аспанның астында, бір Жер ананың құшағында өмір сүріп жатқан бір ата, бір анадан тараған адамзат баласының тыныштығын кетіруге тати ма өзі?!

Әрине, олай емес екендігі анық. Олай болса, «Су таудан асса да, талдан аспайды. Адам адамнан асса да, Құдайдан аспайды», - деген халық даналығын жадымыздан шығармағанымыз жөн. Жарты әлемді жаулаған небір патшалар мен қолбасшылар да билігін мәңгі ұстап тұра алмады. Мәңгілік билік – тек қана Жалғыз Жаратушінікі.

Қашан да, «Байлықты қолдың кірі, билікті – өткінші мансап», - деп қана білетін, «Ешкімге соқтықпай жай жатқан, ешкімді басынбаған, алайда, басынан да сөз асырмаған, доспын деп келгенге – құшағын ашқан, дегенмен, дұшпанның қорлығына да бас имеген» көңілі дархан, дана халықтың заңды ұрпағы, «Бір адамның себепсізден-себепсіз көңілін қалдыруды – Қағбаны құлатқаннан да ауыр күнә», - деп санайтын мұсылман үмметінің бір бөлшегі болып табылатын – біздің, әлем халқын татулыққа шақыруға толық құқығымыз бар деп ойлаймын. Біз – әлемде «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заман орнауына мүдделіміз.

Мұхамедқали қажы Саликов,

Саран қалалық орталық мешітінің бас имамы