Бүгін: 07.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ӨҢІРДІҢ ҚАДАҒАЛАУШЫ ОРГАН ӨКІЛДЕРІ ҚАЗІР ЖҰРТШЫЛЫҚҚА ЖАҚЫН БОЛУ ҚАҒИДАТЫН ҰСТАНУДА. ОСЫ ОРАЙДА ҚАЗАН АЙЫНЫҢ 26 ЖҰЛДЫЗЫНДА САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ НАҚЫШЕВ ЖАНҚОЗЫ ОЛЖАБАЙҰЛЫ БАСТАҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ӨКІЛДЕРІ «ЗАҢ КЕРУЕНІ» АКЦИЯСЫМЕН АҚТАС КЕНТІНЕ АТ БАСЫН БҰРЫПТЫ.

«Заң керуенінің» құрамында Саран қаласы әкімінің орынбасары Оспанов Ералы Серікұлы, Саран қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Төртбаева, Саран қаласының ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және жер қатынастары бөлімінің басшысы Дастан Әрнешев, Саран қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Марғұлан Анаев, Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Марина Щегай, Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова, Саран қаласы полиция бөлімінің бастығы, полковник Рустам Кулькеев және де мемлекеттік органдардың өкілдері бар.

Ақтас – Саран қаласына қарасты бірден бір кент. Тұрғындар саны 8 мыңнан асып жығылады. Осы себепті қадағалаушы орган өкілдері игілікті шараны осы кенттен бастауды жөн көрген. Акцияның мақсаты – жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, прокуратураның құқық қорғау рөлін іске асыру, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту үшін азаматтық қоғам мен құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру болды.

Шара барысында ақтастықтар мамандарға шешілмей жүрген проблемаларын жеткізіпті. Атап айтқанда, акция барысындағы қоғамдық қабылдаулар аясында тұрғындар құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың басшыларына сұрақтар қойып, оларға толық жауаптар мен түсініктемелер ала алды. Сонымен қатар, Саран қаласының прокуроры Жанқозы Олжабайұлының тарапынан кент тұрғындарына заңдылықты нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралары туралы да тілге тиек етілді.

Бұдан бөлек, «Заң керуені» акциясы аясында Ақтас кентіндегі тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар араланып, жеке қабылдау, əлеуметтік нысандардың жағдайын білу, тұрғындармен əңгімелесу, елді мекеннің жалпы жағдайын зерделеу жұмыстары да жүргізілсе керкек-ті.

«Бірінші кезекте, біз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен проблемалары әлеуметтік шиеленіс ошақтарының өңірлік карталарына енгізілген азаматтардың санаттарын қамтуды мақсат етіп отырмыз. Мүмкіндігінше азаматтарды толғандыратын мәселелердің дереу осы жерде шешілуін қарастырамыз.

Ондай мәселелердің қатарында мемлекеттік қызметтерді алу, консультациялар алу, нақты қылмыстық іс бойынша сарсаңның жолын кесу және т.б. мәселелер болуы мүмкін. Яғни, атап айтатын болсақ, арнаулы әлеуметтік қызметтерді, жәрдемақыларды, жеңілдіктерді, тегін дәрілік заттарды тағайындау, мүлікті тіркеу, мұрағаттық анықтамаларды беру, салықтарды есептеудің дұрыстығы және т.б. үшін құжаттарды ресімдеу.

Акция нәтижелері бойынша талдау жүргізіледі, іс-шаралардың нақты жоспары әзірленеді, халық көтерген негізгі проблемалық мәселелерді шешуге жауапты органдар анықталады», - деді акция барысында бізбен тілдескен Саран қаласының прокуроры Жанқозы Нақышев.

Иә, айтып өткеніміздей, акция асяында әр мемлекеттік органдардың басшылығы азаматтардың жеке қабылдауын жүргізді. Жеке қабылдаудан түскен барлық өтініштер тіркеліп, толымды жауаптар берілді.

Мәселен, акция барысында құқыққорғау органынының өкілдеріне Ақтас кентінің бір тұрғыны өз мәселесімен жүгінді. Аталған азаматтың өз аузынан алынған ақпаратқа сүйенсек,  бүгінгі күнге дейін 16 жылдан астам уақыт ол Қарқаралы ауданында орналасқан бір қыстақта малшы болып жұмыс жасаған екен. Осынша ұзақ уақыт аралығында із-түссіз, хабар-ошарсыз кеткендіктен оны  Саран қалалық соты 2017 жылы қайтыс болды деп шешім шығарады. Бірақ 2022 жылдың көктемінде аталған азамат Ақтас кентіне қайта оралып, белгілі бір мемлекеттік мекемеге қызмет алуға жүгінеді де, сол жерде базадан өзін қайтыс болғандардың қатарынан тапқан ол, жаңағы мәселемен сотқа жүгінеді.

Содан азаматтың өтініші бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Саран қалалық соты 2017 жылғы шыққан шешімінің күшін жою туралы екінші бір шешімді шығарады. Десекте, аталған Ақтас кенті тұрғынының құжаттары әлі қалпына келтірілмеген екен. Заң керуені акциясына келіп, құқыққорғау органдарына жүгінуіндегі мәселесі де, осы құжаттарын қайта қалпына келтіруге көмек сұраса керекті аталған азамат. Қазіргі уақытта бұл мәселе жан-жақты қарастырылу барысында.

Қосымша зерделеуді және тексеруді талап ететін бірқатар сұрақтар бақылауға алынды. Кері байланыс тәртібінде қарау нәтижелері жақын арада арыз иелерінің назарына жеткізілетін болады.

Жергілікті тұрғындар ашық диалог форматында өткен акцияға оң баға беріп, тұрақты негізде ведомстволар осындай кездесулерді жиі өткізуіне ниет білдірді. «Заң керуені» акциясы келесі кезекте де өз жалғасын табатын болады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ