Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Азаматтардың еңбек құқығының негізге алынатын кепілдіктері, атап айтқанда, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау, еңбегі үшін нендей де бір кемсітусіз сыйақы алу, еңбек қауіпсіздігі жағдайлары, демалу және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалу құқықтары Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Әрине, азаматтардың еңбек құқықтары сақталуын қамтамасыз ету прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Олардың еңбекақысын төлеуге қатысты конституциялық құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады.

Осы мақсатта, үстіміздегі жылдың 21 ақпанында Саран қаласының прокуроры Жанқозы Нақышев қалалық орталық емхананың ұжымымен кездесті. Ондағы мақсат – еңбек ұжымындағы қызметкерлер тарапынан қойылған еңбек даулары, жалақы төлеу жүйесі және өзге де өзекті мәселелер бойынша туындап жатқан мәселелердің бар-жоғын анықтау және оларды заң шеңберінде шешуге ықпал ету.

Кездесудің мақсаты туралы баяндаған Саран қаласының бас прокуроры Жанқозы Олжабайұлы еңбек ұжымына арнаған сөзінде қазіргі таңда еліміздегі құқыққорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және заң қабылдау саласында болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарға тоқталып, қызметкерлердің өздерін толғандырған түрлі сауалдарын беріп, оларға қалалық прокуратура мамандарынан толыққанды жауап алу мүмкіндіктері барын айтты.

«Саран қаласының прокуратурасында кезекші прокурорлар азаматтарды кез келген уақытта қабылдайды. Дегенмен, біз азаматтарға өзіміз келіп, қала тұрғындарымен бірге қаладағы кәсіпкерлермен, кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарымен арнайы кездесіп, талап-тілектерін тыңдап жатырмыз. Бұл өз кезегінде біздің прокуратура тарапынан бастау алып отырған игі бастаманың ең басты мақсаты болып табылады.

Өздеріңіз де білетіндей, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ең басты маңызды мәселені – адамның құқығы деп белгіледі. Адамның құқығын қорғау, заң үстемдігі. Адам құқығы мен қызметіне сай жалақы алу керек. Жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалуы керек. Сондықтан бүгін сіздерге арнайы келіп, Заңды қадағалайтын орган ретінде осы мәселені қозғап отырмыз. Біз бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек», – деді Саран қаласының прокуроры Жанқозы Нақышев.

Иә, расымен де, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында азаматтардың еңбек құқықтарының қорғалуын қатаң қадағалауды тапсырды. Бұл ретте азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау – қалалық прокуратураның тұрақты бақылауында тұрған негізгі мәселелердің бірі. Ал аталған іс-шара соның айғағы іспеттес.

Жиын барысында қаланың прокуроры Жанқозы Олжабайұлы қалалық орталық емхананың басшысы Ермолаев Иван Евгеньевичке азаматтардың еңбек құқықтарын қатаң түрде сақтауды ұсынды. Азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының басты назарында және бұл бағыттағы жұмыстар үнемі жүргізілетіндігі туралы тілге тиек етілді.

«Бүгінгі қалалық прокуратура ұйымдастырып отырған қалалық орталық емхананың еңбек ұжымымен кездесуінің басты мақсаты – аталған ұйым қызметкерлерінің назарына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына жаңадан енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтыруларды жеткізу, аталған салаға байланысты өзгерістерді құқықтық насихаттау болды. Мұндай қала тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен және кәсіпорын басшыларымен кездесулерді ұйымдастыру – қалалық прокуратураның күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Ол алдағы уақытта да өз жалғасын табады», – деп мәлімдеді Жанқозы Нақышев.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА