Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Осымен төртінші жыл қатарынан Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі Қарағанды облысының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының дене шынықтыру оқытушылары арасында «Ең үздік дене тәрбиесі оқытушысы» облыстық байқауын өткізіп келеді.

Үстіміздегі жылдың 23 ақпанында қара шаңырақтың қабырғасында төртінші мәрте ұйымдастырылған облыстық байқауға аймағымыздың әр өңірінен келген 11 дене шынықтыру оқытушылары қатысты.

Ұймдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл байқаудың мақсаты - дене шынықтыру мұғалімдерінің шығармашылық бастамаларын қолдау, кәсіптік өсуіне ықпал ету, осы мамандықтағы мұғалімдердің мәртебесін көтеруге ат салысу, шығармашылықпен жұмыс жасайтын педагогтарды анықтау және оларды ынталандыру, дене тәрбиесі мамандары мен жастардың біліктілігін арттырып, педагогикалық шеберлігін шыңдау, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін ояту, педагогикалық идеялармен, шығармашылық нәтижелермен алмасу және педагогтардың өз тәжірибесіндегі жетістіктермен бөлісу, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, білімді, талантты, ой өрісі биік, жаңашыл идеясы бар, педагогикалық мәдениеті жоғары, жан – жақты дамыған мұғалімді  анықтау.

Үздіктердің үздігін анықтау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтананыта Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі директорының уақытша міндетін атқарушы Аққу Муфталовыа мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев қатысып, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

«Қош ке,лдіңіздер құрметті әріптестер! «Ең үздік дене тәрбиесі оқытушысы» байқауы менің өзімнің идеям және бастамам бойынша ең алғаш 2020 жылы өткізілген болатын. Ол кезде мен осы колледжіміздегі Дене шынықтыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған болатынмын. Міне, осы кезде мен өз әріптестеріме дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің құзіреттілігін көтеру, жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында сол 2020 жылы осы қара шаңырақта шымылдығы түріліп, бастау алған болатын. Бүгінде міне төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан аталмыш байқау дене шынықтыру пәндері оқытушылары арасындағы дәстүрлі іс-шараға айналып отырған жайы бар. Бұл кәсіби тұрғыдан аттестацияға жарамды және аттестацияға енген конкурс болғандық да, қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие конкурстардың бірі болып жатқан жайы бар. Сондықтан да барлық қатысушыларға сәттілік телейміз», - деді өз сөзінде колледж директорының міндетін атқарушы Аққу Муфталова.

Сонымен қатар, Аққу Құсайынқызының мәлімдеуінше, келесі жылы бұл конкурстың 5 жылдығы болмақ екен. Осыған орай, келесі жылы аталған конкурсты республикалық деңгейде ұйымдастыруды ұсынған екен Аққу Құсайынқызы әріптестеріне. Егер тиісті мекемелер қолдап, рұқсатын беріп жатса, онда келесі жылы бұл облыстық емес, республикалық байқау қылып өткізуді жоспарлап отырған көрінеді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің әкімшілігі.

«Барлық қатысушыларға тілейтінім тек қана сәттілік. Қорықпаңыздар! Саспаңыздар! Осы залда отырғандардың барлығы да өз әріптестеріңіз және осы мамандық бойынша оқып жатқан студенттер. Енді бүгін студент болса, ертең маман дегендей, олар да сіздердің болашақ әріптестеріңіз болып келеді. Ал бүгінгі байқау ойдағыдай өтеді деп үміттенемін. Ал әділ қазылар алқасы өздерінің әділ бағаларын береді деп ойлаймын. Ендеше, тек қана алға!», - деді өз құттықтау сөзінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Қарымсақұлы.

Ал кәсіби деңгейлері мен біліктілік дағдылары сыналған дене шынықтыру мұғалімдеріне Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Анар Оспанова, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Дене мәдениеті және спорт факультетінің спорттық педагогикалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Бағдаулет Тілеубек, «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері Әділ Нұрпейісов, Қарағанды қаласының № 65 жалпы білім беретін мектебінің дене шынықтыру оқытушысы Арман Көкенов, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінің дене шынықтыру пәні бойынша ПЦК басшысы Светлана Якунина қазылық етті.

Байқау үш кезеңнен тұрды. «Мен білікті маманмын» атты І кезеңде қатысушылар өздерінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Бұл кезеңде олардың материалды таныстыра алулары, үміткердің жетістіктерінің болуы, шығармашылық тәсілдемелері және ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану деңгейі бағаланды.

Ал «Менің сабағым» атты ІІ кезеңде оқытушылар сабақтың негізгі кезеңдері көрсетіле отыра өткізілген сабақ бойынша дайын бейнероликтерін ұсынды. Екінші кезеңде қазылар алқасы ұстаздардың педагогикалық технологияларды қолдануларын, сабақтағы студенттердің іс-әрекетін, педагогтың тәрбие жұмысын, педагогтың сөйлеу мәдениетін, әзірленген сабақ жоспарының деңгейін басты назарға алды.

ІІІ кезең «Пән бойынша тестілеу» деп аталды. Бұл кезеңде дене шынықтыру мұғалімдері өздерінің электрондық портфолиосын ұсынды. Бұнда қатысушының сауалнамасы, біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы сертификаттары, оқытушы қолданатын педагогикалық технологиялар туралы әкімшілік өкілінің пікірі, шәкірттерініңң жетістіктері, жалпы қызметінің нәтижесі және педагогтың кәсіби жетістіктері бағаланды.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Абай Құнанбаева атыңдағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы Баймолдин Ардан Өміртайұлы қанжығаласа, бірінші орынды «Шахтинск технологиялық колледжі» КМҚК дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Асан Әйгерім Мұхамедияқызы, екінші орынды, «Bolashaq» Қарағанды жоғары колледжінің оқытушысы Төлеуова Қарлығаш Мұхамедқалиқызы, ал үшінші орынды Теміртау жоғары политехникалық колледжінің дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Анарбеков Батырхан Анарбекұлы иеленді.

Жеңімпаз, жүлдегерлер «Үздік дене шынықтыру оқытушысы – 2023» естелік мүсіншесімен және медальдармен марапатталды. Барлық қатысушыларға ОӘО сертификаттары табысталды.

Дене шынықтыру пәніне маманданған педагог қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру бүгінде басты назарда. Білім мен білік бәсекелері дене шынықтыру мұғалімдерінің шығармашылық бастамаларын қолдау, кәсіби өсуге ықпал ету, осы кәсіптің мұғалім еңбегінің беделін арттыруды көздейтіндігімен бағалы. Мұндай сайыстардың оқушылар үшін де пайдасы зор. Өйткені, өзге ұстаздардың білім беру тәсілімен танысып, таңсық емес дүниелерге қанық болады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА