Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Мемлекеттік қызметші өзінің  қарапайымдылығымен,  жоғары білімімен, әділдігімен үлгі болатын, азаматтармен жұмыс барысында  сыпайылық  танытып, елінің  мүддесіне қызмет ететін Қазақстан Республикасының  азаматы.

Мемлекеттік қызметшіге қойылатын ең басты талап – мемлекет пен халық мүддесінің алдындағы жауапкершілігі. Жауапкершілік болған жағдайда халықтың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімі артып, қоғам мен мемлекет арасында мықты көпір орнатуға өз әсерін тигізетіні сөзсіз.

Сондықтан, мемлекеттік қызметші өзінің жауапкершілігін, мәртебесін сезіне отырып, әдеп нормалары шегінен шықпауы тиіс және ең бастысы халыққа қызмет ететінін  естен шығармауы керек.

Өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін мемлекеттік қызметшілер  Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Мемлекеттік қызметшілер арасында жиі қолданылатын жауапкершіліктің бір түрі - ол тәртіптік жауапкершілік.

Өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамай, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қызметтік әдепті бұзып, Қазақстан Республикасының  заңдарында белгіленген мемлекеттік қызметте шектеулерді сақтамағаны үшін мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылады.

Аталған фактілер орын алған жағдайда, тәртіптік теріс қылыс жасау фактісі жан-жақты зерделенеді және кейбір кезде қызметтік тергеу-тексеру жүргізілуі мүмкін.

Сонымен қатар, тәртіптік жауапкершілікке тартудың тәртібі және мемлекеттік қызметшінің осыған байланысты құқықтары мен міндеттері айқындалған. Аталған талаптарды сақтау міндетті болып табылады. 

Мемлекеттік қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартылуына байланысты барлық материалдармен міндетті түрде таныстырылады, оған қызметтік тексеру рәсіміне жеке өзінің қатысу құқығы беріледі.

Қарастыру нәтижесі бойынша мемлекеттік қызметші тәртіптік теріс қылық жасау дерегі расталғанда, ол заңнамаға сәйкес тиісті жауапкершілікке тартылады.

Бұл ретте, мемлекеттік қызметші жүктелген тәртіптік жазасымен  келіспеген жағдайда мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға немесе сотқа шағымдана алады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдардың тәртіптік практикасына тұрақты түрде талдау жүргізеді.

Талдау көрсеткендей, 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы тәртіптік жауапкершілікке тартылған адамдардың саны 11% және оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 72% азайған.

Көбінесе мемлекеттік қызметшілер азаматтармен қарым – қатынаста дөрекілік фактілеріне жол бергені, әдепсіздік танытқаны, яғни теріс                іс – әрекеттерімен қоғам тарапынан сынға ұшырағаны үшін жауапқа тартылады.

Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен  халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшінің әдепсіз әрекетін  алдын алуға бағытталған шараларды  жүзеге асыруда.

2016 жылдан бастап «Әдеп жөніндегі уәкіл» институты енгізілген болатын және аталған уәкілдің функциясы ұжымда беделді және басшылық лауазымдағы мемлекеттік қызметшілерге жүктелген. Бұл институттың басты мақсаты мемлекеттік қызметтегі тәртіпті нығайту болып табылады.

Әдеп жөніндегі уәкілдер де аталған бағытта жұмыстарын күшейтулері  қажет.

Әдептілік, ар-намыс – адамдықтың белгісі. Тұрпайы мінез, жат қылық – надандықтың белгісі.

Сондықтан,  «Мен мемлекеттік қызметшімін» деген кез келген азаматтың әрекеті, тәртібі мінсіз болуы  қажет.   Әрбір мемлекеттік қызметші  Әдеп кодексін,  «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарының талаптарын сақтап, мемлекеттік қызметті адал атқаруы керек.

Өз кезегінде, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану кезінде бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне жүгінуге болады (Қарағанды қ., Н.Назарбаев даңғылы, 39, тел. 8 (7212)50-40-75).

А. Наурызбаев,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті  басшысының орынбасары,Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының  меңгерушісі