Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Біздің Сарыарқа – жусанын жел тербесе жыр төгілген, қурайына құс қонса күй төгілген өңір. Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Иманжүсіптерден келе жатқан бұл дәстүр әлі де үзілген жоқ.

Иә, біз кейде «Дәстүрлі әндерді, әншілерді керек қылмаймыз. Оларға насихат жоқ» деп асыра сілтеп жібереміз. Мүмкін теледидарда насихат аздау шығар. Бірақ, аймақтарда дәстүрлі әндерге, дәстүрлі әншілерге арналған республикалық байқаулар өтіп тұрады. Атап айтсақ, Жүсіпбек Елебеков, Мәди Бәпиұлы, Нартай Бекежанов, Тайжан Қалмағамбетов, Әсет Найманбаев, Әміре Қашаубаев , Мұхит Мерәліұлы, Ғарифолла Құрманғалиев, Естай Беркімбайұлы атындағы және тағы басқа республикалық байқаулар өз кезегімен өткізіліп тұрады. Бүгінде үлкен өнер сахнасында жүрген біраз әншілер сол байқаулардан түлеп ұшқан. Олардың алды музыкалық білім беретін оқу орындарда дәріс беріп, қаншама талантты шәкірт тәрбиелеп, баулып шығарды. Бұл байқаулардың барлығының мақсаты бір. Атадан балаға мұра болып қалатын ән өнерімізді келесі ұрпаққа жеткізу, ән өнеріндегі тұлғаларымызды насихаттау және халыққа жаңа есімдерді, жас таланттарды таныстыру.

Қазақ халқының рухани қазынасымен, ұлттық мәдениетімен, дәстүрімен, өнерімен терең танысу және зерделі ұрпақты тәрбиелеу, сонымен қатар өскелең ұрпақтың халық әндеріне деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткен аптада Саран қаласының білім бөлімінің қолдауымен шаһардағы Балалар өнер мектебі Қарағанды облысының білім басқармасына қарасты «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп «Ән жайлауым – Сарыарқа!» атты ІІ облыстық  дәстүрлі ән орындаушылар фестиваль-байқауын өткізген болатын. Аталған байқау Саран қаласының Мәдениет үйінде өтті.

Байқауға Саран қаласынан өзге Қарағанды, Балқаш, Теміртау қалаларының, Абай, Қарқаралы, Ақтоғай, Бұқаржырау, Шет, Осакаровка аудандарының, Топар кенті мен Дубовка, Доскей ауылдарының өнер мектептері мен музыка мектептерінің дәстүрлі ән сыныбының білім алушылары қатысып, өз өнерлерін паш етті.

Дәстүрлі ән дәуренінің ашылу салтанатында Саран қаласының білім бөлімінің басшысы Бақтыбаев Арман Болатұлы мен «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы «Қызметтік сауаттылықты дамыту» зертханасының әдіскері Әділбаев Ардақ Маралұлы құттықтау сөз сөйлеп, айшықты шараның шымылдығын түріп берді.

Білім бөлімінің басшысы Арман Болатұлы – Мұндай байқаулар жас дарындарды шыңдауда әсте керек, – деді өз құттықтау сөзінде.

Ал «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы «Қызметтік сауаттылықты дамыту» зертханасының әдіскері Ардақ Әділбаев: «Мұндай байқауларды ұйымдастырудың негізгі мақсаты – ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі әндерді, халық әндерін бүгінгі ұрпаққа үйрету, насихаттау, оны қарай қарай жалғастыру. Бүгінгі таңда біздің орталық қазақстанда дәстүрлі ән өнерінде жүрген көптеген ағаларымыз бар. ал өсіп келе жатқан шәкірттер солардың ізін басады деген сенімдеміз», – деді өз кезегінде.

Фестиваль-байқауға қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты кіші, орта және үлкен топ болып үшке бөлінді. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Майралардың ізін жалғап келе жатқан дарынды, жезтаңдай жас әншілер сайыс барысында бірінен бірі асып түсіп жатты. Әр өңірден жиналған 91 өнерпаздың орындаған әндеріне Тәттімбет атындағы өнер колледжінің «Домбырамен ән салу» бөлімінің аға оқытушысы, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің жанындағы «Арай» ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аркенов Дауренбек Максутбекович; Мамандандырылған музыка мектеп интернатының «Домбырамен ән» бөлімінің оқытушысы Түсіпбек Азамат Қайыртайұлы; Тәттімбет атындағы өнер колледжінің «Домбырамен ән салу» бөлімінің оқытушысы Әбдіғалым Азат Әсетұлы баға беріп, әділ шешімдерін шығарды.

Әншінің бәрі дүлдүл, бәрі бұлбұл болса да, мәрені бәрі бірдей кеспейтіні белгілі.

Сонымен, кіші топ бойынша Топар кентінен келген Айсұлу Жанымхан бас жүлдені, ал оның жерлесі Айжан Серік бірінші орынды қанжығалады. Осылайша Топар кентінің дарынды  қос шәкірттері жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды Осакаров ауданынан келген Айтолқын Аскербек пен , Теміртау қаласының дәстүрлі ән орындаушысы Аяла Мәлік иеленді. Топар кентінің шәкірттері Нұрәлі Қалқаман мен Азиза Серік, Қарағанды қаласының өнерпазы әншісі Зере Қалкен мен Қарқаралы ауданының дәстүрлі ән орындаушы шәкірті Адина Зәрубай ІІІ орынды місе тұтты.

Орта топ бойынша жүлде иеленген қатысушылар келесідей. Бас жүлде  Балқаш қаласынан келген Ершат Абдибековтің қанжығансында кетті. Ал бірінші орынды Доскей ауылының шәкірті Аңсар Абдрахман, Ботақара кентінен келген Аңсаған Алқұлов, Теміртау шаһарынан келген Іңкәр Мұхамедқызы иеленді. Екінші орынды Топар кентінен келген Адия Салауатова, Айзере Төлеубек, Ботақара кентінің шәкірті Үміт Сейітхан, Қарағанды қаласынан келген Айданбек Мансұр, Нұрай Төлеуқұл, Осакаров ауданының өнерпазы Серикбол Аружан; Қарқаралыдан келген Балжан Нұрғабденова, Саран қаласының дәстүрлі ән орындаушысы Нұрсила Жаңғабыл иеленді. Ал  Қарқаралы қаласының шәкірттері Жекеева Іңкәр, Жарас Қайролла, Қарағанды қаласының шәкірттері Төлеубек Махамбет, Зейда Насыров, Әділет Серік, Абай қаласының шәкірті Мадина Хамитжанова, Саран қаласының шәкірті Алтынбек Зайтхан ІІІ орынды иеленді.

Үлкен топ бойынша бас жүлдені Қарағанды қаласынан келген жезтаңдай әнші Аружан Ошақбаева қанжығалады. Бірінші орынды Балқаш қаласынан келген Бекарыс Амангелді; Қарағанды қаласының шәкірттері Алтынбек Жиенбаев пен Ерасыл Қашаған иеленді. Екінші  орынды Теміртау қаласының шәкірті Абылайхан Байназаров, Қарағанды қаласынан келген Мөлдір Өтемісова, Төлеубек Ерсұлтан, Мансур Съезбек, Бектай Айым, Ботақара кентінің шәкірті Ербол Илла, Абай қаласының шәкірті Жандәулет Асатов, Балқаш қаласынан келген Айбар Айтқали иеленді.

«Азды-кемді кемшіліктерін елемейміз, өйткені алдағы уақытта дәстүрлі өтетін байқауға әлі талай таланттар қатысатын, көшті түзейтін болады», - дейді қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дауренбек Аркенов.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА