Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Әлемді әлдилеген әйелді қазіргі әлеумет қай деңгейде қастерлеп, қай дәрежеде құрметтеп жүр? Адамдар арасындағы ұлы сүйіспеншілікті суреттеп өткен жазушы Әзілхан Нұршайықовтың да: «Жақсы әйелдің киесі болады…» деген сөзі бар. Ендеше әйелдер – иманынан қасиеттілер, тазалығынан тектілер, адалдығынан тәрбиелілер тарайтын қасиетті қауым.

Жаратушы Алла шеберлігімен әйел адамзатын еркектің қабырғасынан жаратса-дағы, бар құдіретін әйелге төккен екен. Яғни, жаратылысында әу бастан әйел заты күш-қуаттың көзі болып қаланған. Ерлі-зайыптылар уақыт өте келе біртұтас адамға айналса да, бәрібір екеуі екі қилы әлем. Өйткені еркек оттың, әйел ошақтың иесі. Біреуі түздің, біреуі үйдің адамы. Дегенмен бүгінгі таңмен таразылап, әсіресе қазіргі қазақ әйелдері ерекше құрметке лайықты жандар дер едім. Себебі қоғамды сүттей ұйытып отырған осы өзіміздің әйелдеріміз. Олар білімнің сан қилы түрлерін игеріп, іскер де шеберлер де атануда. Мемлекетіміздің жарты қызметін атқаруды да үлгеріп, отандық кәсіпті де ширатуда. Халыққа қажетті жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті де дамытып отыр. Қызмет таңдамай-ақ, талғамай-ақ, өнеркәсіп, алпауыт зауыттар мен кәсіпорындарда жұмысшылар қатарын құруда. Үйінің тірлігін де пысықтайды, атасы мен енесіне де қызметін аямайды, шиеттей бала-шағаны өмірге әкеледі де, оларды әрі тәрбиелейді де.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай қалалық мәдениет үйінде «Сіздер үшін, махаббатпен» атты салттанатты концерт өтті.

Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні сарандық аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Мерекелік кеште нәзік жанды әйел қауымын үлкен қуанышқа бөледі. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.

Мәдениет үйінің үлкен залында ұйымдастырылған мерекелік кешті құттықтау сөзімен ашқан қала әкімі Ержан Темирханов аяулы жандардың қоғамдағы орнын айрықша атап өтті.

«Әйелдер қауымы талай заманнан бері ер азаматтармен бірге тең дәрежеде еңбек етіп келеді. Ел басына күн туған шақта да ерлік үлгісін көрсете білді. Сан салада еңбек етіп, үлкен жетістікке жетіп келеді. Кәсіпке де бет бұрған нәзік жандылар жетерлік. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау саласының дамуына да үлес қосушы әйелдер қауымы көп. Отбасының ұйытқысы болып отырған әйелдерге де құрмет зор. Сіздерге қаламыздың дамуына қосқан өлшеусіз еңбегіңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне білек сыбана кірісіп жүргендеріңіз үшін әйел-аналарымызға алғысымыз шексіз. Еліміздің кемел келешегі үшін елдігімізді нығайтудағы қажырлы еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге береке-бірлік тілеймін»,-деді Ержан Оралұлы өз құттықтау сөзінде.

Мерекелік кеште құрметке бөленгендердің қатарында мұғалімдер мен дәрігерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері, кәсіпкерлер мен полиция қызметкерлері болды.

Қала басшысы көп балалы аналарды «Күміс алқамен», кәсіби салада жетістікке жеткен әйелдерді облыс әкімінің Алғыс хатымен, қала әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.

Атап айтқанда, көпбалалы ана Сепкрай Эльвира Мейрашқызына «Күміс алқа», - «Саран қаласының орталық ауруханасы» КМК жалпы терапевтік бөлімшесінің қызметкері Присяжнюк Валентина Михайловнаға, «Саранькоммунсервис» ШЖҚ КМК сорғы қондырғыларының машинисі Сальмина Вера Ивановнаға, «Саран қаласы әкімінің аппараты» ММ бас маманы Пылаева Наталья Алексеевнаға, «Саран қаласы әкімінің аппараты» ММ қызметкері Коломицева Татьяна Николаевнаға облыс әкімінің алғыс хаты табысталса, «Карал Пласт» Қазақстан-Германия бірлескен өндірісі ЖШС атқарушы директоры Косарева Марина Витальевна қала әкімі Ержан Темирхановтың Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ал Саран қаласы полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Әбдіқалықова Әлия Тұрсынқызы, «Саран қаласының Төтенше жағдайлар бөлімі» РММ бас маманы Алпысбаева Лаура Жағпарқызы, «ККК Бетон» ЖШС құрылыс бұйымдары мен материалдарының бақылаушысы Афанасьева Элла Сергеевна, «A. V. Group» ЖШС жарнама цехының және Полиграфия өндірісінің қоймашысы, бригадирі Джабаева Лейла Шыңғыс-қызы, Саран қаласының жеке баспана басқарушысы Иванова Елена Михайловна, «Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ география пәнінің мұғалімі Искакова Динара Кабдулкаримовна, «Оптимальный» ЖШС қаржы директоры Казакова Надежда Стаховна, «Galex Plus» Саран тігін-трикотаж фабрикасы» ЖШС шаруашылық меңгерушісі Каландарова Разия Шамшиевна, «№1 мектеп-лицейі» КММ математика пәінінің мұғалімі Медведева Наталья Викторовна, «AVI Group» ЖШС түптеушісі Митрофанова Наталья Александровна, Саран қаласы прокуратурасының аға прокуроры Мусаинова Мадина Ерғалиқызы, «KamaTyresKZ» ЖШС жетекші маманы Орлова Елена Андреевна, «№7 мектеп-интернаты» КММ математика пәнінің мұғалімі Рүстемова Маржан Рүстемқызы, «Саран қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ бухгалтері Сылтаубаева Еңлік Көшербайқызы, «Казцентрэлектропровод» ЖШС оптикалық сымдарды жинаушысы Смелянская Татьяна Витальевна, «Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ үйдегі әлеуметтік көмек көрсететін әлеуметтік қызметкері Торская Юлия Вячеславовна, Орталық қалалық кітапхананың медициналық-библиографиялық бөлімінің басшысы Түгелбаева Ботакөз Мұратқызы, Саран қалалық сотының сот отырысының бас маман-хатшысы Хасенова Әлия Исаққызы, Ақтас кентіндегі «Открытое сердце» еріктілер қозғалысының жетекшісі және негізін қалаушысы Шинкоренко Татьяна Петровна, «Дедов» ЖШС тауарлық-материалдық құндылықтар қоймасының меңгерушісі Шишкова Ирина Петровна қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Нәзік жандыларға арналған салтанатты шара Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА