Бүгін: 26.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Наурыз айының 11 жұлдызында Ұлыстың ұлы күніне орайластырылған шахматтан блиц турнир өткен болатын.

Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығының «Белая ладья» шахмат клубы бірлесіп ұйымдастырған шара сарандық жасөспірімдердің шахматқа деген қызығушылығын оятуды, ойынға деген шеберлігін шыңдауды, бос уақыттарын тиімді өткізуге дұрыс бағыт беруді және салауатты өмір салтын насихаттауды көздесе керек-ті.

Шахматшылардың дәрежесі классикалық, рапид және блиц деп үш категория бойынша анықталатыны белгілі. Швейцариялық жүйеге сай 3 бірдей жас ерекшелік бойынша ұйымдастырылған блиц турнир өте тартысты деңгейде өтті.

«Белая ладья» шахмат клубының жетекшісі Николай Герасимовтың айтуына қарағанда, жалпы шахмат пен дойбы ойнау логикалық ойлауды дамытып қана қоймай, тапқырлық, шапшаңдық секілді қасиеттерді ұштауға мол мүмкіндік береді.  Сол себепті ұйымдастырушылар жарыстың пайдалы әрі нәтижелі болатынына сенімді.

Ойын барысында жас жеткіншіктер бар шеберліктерін салып, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, білектерін сыбанып келген жас шахматшылар жүлделі орын алуға ниетті еді. Бірнеше сағатқа созылған додада қателіктерге ұрынбай, қарсыластарын шаң қаптырғандардың мерейі өсті.

Нәтижесінде үлкен топта Егор Лукьянов бірінші орынды қанжығалап, жеңімпаз атанса, Максим Самойленко екінші орынға жайғасты, ал үшінші орынды Иван Заночин місе тұтты.

Ал кіші топта ақтық бәсекенің нәтижесіне сәйкес жоғары ұпай есебімен үздіктердің арасынан суырылып шыққан Ақылжан Алтын жеңімпаз атанса, Константин Таратарин екінші орынды, ал Самуил Ершов жүлделі үштікті жапты.

Қыздар арасында бірінші орынды Ирина Трещёва қанжығаласа, Алина Стрекалова екінші орынды иенленді, ал үшінші орын Дарья Михалёваға бұйырды.

Соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің грамоталары мен медальдары табысталды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ