Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақ қыздары әлем бойынша ең сұлу қыздардың көшін бастап тұрғанын бірнеше жыл бұрын данышпан ғалымдар ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Әр қыздың өзіне тән сұлулығы, кербездігі, көркемдігі бар. Барлық қыз өзінше сұлу, өзінше сүйкімді. Сұлулардың ішіндегі ең сұлуды таңдау оңай шаруа емес. Алайда қалалық мәдениет үйі Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжімен бірлесе отырып, шаһар көлемінде үздік жоба ұйымдастырған болатын.

15 наурызда Саран қаласы мәдениет үйінің «Детство» үлгілі би ансамблінің көркемдік жетекшісі, балетмейстер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Голева Ольга Демьяновна мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ бөлімінің меңгерушісі Күнеділова Ақмарал Дәріғұлқызының ұйымдастыруымен колледждегі ең сұлу студент қызды анықтап, қазақ қыздарының өзіне деген сенімділігін арттырып, талғамын жоғарылату мақсатында «Беу, қыздар-ай» студент- арулар байқауын өткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сұлулық сайысын ұйымдастырудағы басты мақсат- Саран қаласының жастары мен студенттерінің бос уақытын ұйымдастыру, жастарды эстетикалық дамыту және мәдени-этникалық құндылықтарға, қазақстандық патриотизмге баулу, сонымен қатар жастар арасында достықты, бейбітшілік пен келісімді насихаттау болды дейді.

Байқаудың беташар сөзі басты ұйымдастырушылардың бірі, қазақ бөлімінің меңгерушісі Күнеділова Ақмарал Дариғұлқызына берілді. Ақмарал Дәріғұлқызы шараның Наурыз мейрамына орай өткізіліп отырғанына, мақсаты-қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру, қазақ халқының  салт — дәстүріне байланысты әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу,жастардың кәсіби шығармашылық идеяларын қолдау, колледж студенттерін қаланың рухани өміріне араластыру екендігіне тоқталды.

«Беу, қыздар-ай 2023» шоу-бағдарламасына 16 жасқа толған, өз халқының мәдениеті мен өнерін білетін, тартымды сыртқы келбеті, әртістік қабілеті және сахнаға шығып өнер көрсетуге қызығушылығы бар 10 ару қатысып, бақтарын сынасты. Бағдарлама барысында қатысушыларға тақырыптар бойынша 6 шығу-дефилесі ұсынылды.

Арнайы шақырту алған қазылар алқасы Саран қаласы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Жүсіпбекова, Саран қаласы мәдениет үйінің «Детство» үлгілі би ансамблінің көркемдік жетекшісі, балетмейстер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ольга Голева, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Күнеділова, аталмыш колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Ернар Махаметчин, 2019 жылғы облыстық «Көктем аруы» байқауының 3 орын иегері,колледж түлегі,бүгінде Қарағанды қаласының № 15 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Әлия Сайлау, «Amanat» партиясы Саран қалалық филиалының кеңесшісі Айнұр Аяғанова, атламыш колледждегі «Жігер» студенттік парламентінің үйлестірушісі Әлішер Манаш қазылық жасап, қатысушы аруларға әділ бағаларын берді.

«Осы байқауға биыл колледжімізден ақылына көркі сай 10 аруымызды іріктеп алдық. Байқауды өткізудегі мақсатымыз- жастарды қоғамдық және мәдени өмірге тарту, эстетикалық талғамды қалыптастыру және адамгершілікке, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу, сонымен қатар жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамыту, өнерлі, белсенді аруларды көпшілікке үлгі ету», - дейді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Дариғұлқызы.

Қатысушылар байқауға бір айға жуық уақыт бойы дайындалыпты. Қыздарды осы шараға дайындауды өз жауапкершілігіне алып, оларға сахнада өзін-өзі ұстау, сөйлеу  мәдениетін үйреткен Саран қаласы мәдениет үйінің «Детство» үлгілі би ансамблінің көркемдік жетекшісі, балетмейстер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Голева Ольга Демьяновна екенін айта кеткен орынды болар.

«Сайыста қыздар өздерін таныстырып, өресінің биіктігін танытуға ұмтылды. Артынша шығармашылық шеберліктерін сынатты. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Таңдаған салалары да әр алуан. Десе де шама-шарқынша өз өнерлерін паш етті. Жарыста ой ұшқырлығы сыналып, білім деңгейлері тексерілді. Қыздарға қойылған сауалдарға жан-жақты, дәлірек айтқанда сауатты жауап беру талап етілді. Сәнқойлық сынаққа да өріс ашылды. Бұл кезеңде отандық дизайнерлердің қолынан шыққан сәнді көйлек үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Сыртқы сымбат сыналып, сахнадағы жүріс-тұрысқа да мән берілетін тур осы», – дейді Ольга Демьяновна.

Байқау ережесі бойынша, арулар сахнада шығармашылық, интеллектуалдық қабілеттерін көрсетті, сондай-ақ кешкі көйлек үлгісін таныстырды.

«Беу, қыздар ай» шын мәніндегі жастар шығармашылығының, өнер мен сұлулықтың, кәсіби шеберліктің сыны болды. Байқау барысында қатысушылардың өнері мен қабілеті, білімі мен сұлулығы сынға түсіп, бір-бірінен оза шауып тұрды. Төрт айналымнан тұрған жарыста жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. Шырқата салған әні мен әсем биі арқылы сахнаны шырайландырып жіберген арулардың қиялы да, ұшқырлығы да көрермендерді еріксіз сүйсінтті.

Қазылар алқасына жеңімпазды анықтау қиынға соққаны белгілі, себебі қыздардың бәрі сұлу, бірінен бірі өтеді. Дегенмен, өзінің ақылымен, көркімен ерекшеленген Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша білім алып жатқан БМ-9-20 тобының 3 курс студенті Ақзере Халиулла «Беу, қыздар-ай 2023» шоу-бағдарламасының ең сұлу бойжеткені атанды.

«Байқауға 3 аптадан астам уақыт бойы қызу дайындық үстінде болдым. Күнделікті дайындалдық, оңай болмады. Біраз қобалжыдым, уайымдадым, бірақ бәрі жақсы болды», - дейді «Беу, қыздар-ай 2023» байқауының тәжін жеңіп алған Ақзере Халиулла.

Ал қалған 9 қатысушы «Көрікті ару», «Талантты ару», «Білімді ару», «Кербез ару», «Парасатты ару», «Жайдары ару», «Рухты ару», «Қылықты ару», «Сымбатты ару» номинациялары бойынша марапатталды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА