Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын ай. Исі мұсылман жамағат таңның атысынан күннің батысына дейін ауыз бекітіп, Жаратушыға жаппай құлшылық етеді.

Қасиетті Құранда айтылған Рамазан айының ерекшелігі сол, бұл мезгілде жасалған кез келген игі істің, Жаратушыға жақындататын жақсы амалдың сауабын санау мүмкін емес. Сондықтан Рамазан – айлардың сұлтаны саналады.

Биылғы Рамазан айы 23 наурызда басталды. Ал Айт мерекесі 21 сәуірге, қасиетті Қадыр түні 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түнге сәйкес келеді. Пітір-садақа мөлшері Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің шешімімен жан басына шаққандағы мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Дәстүр бойынша мешіттерімізде ауызашар дастарханы жайылып, 22 наурыздан бастап жамағатпен тарауық намаздары оқылып жатқанын хабарлаймыз.

Алла Тағала ниетіміз бен амалымызды қабыл етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей!

Он екі айдың сұлтаны – рамазан құтты, берекелі болсын! Қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! Әумин!

Мұхамедқали қажы Саликов,

Саран қаласы орталық мешітінің бас имамы