Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Әр елдің, халықтың қанына сіңген тәрбие беру ерекшеліктері бар. Қазіргі әлемде үлкен қозғалыстар мен арпалыстар, күрестер мен теке-тірес толастар емес. Күнделікті хабаларлардың басым бөлігі жағымсыз сипатқа құрылған. Сол қайшылықтар мен дүрбелең үдерістердің арасында белсенді де белді орын алып отырған мәселе лаңкестік мәселесі.

Біреулер жеңіп, біреулер жеңілетін кескілескен ұрыс салатын дәуірлерден өткеніміз қашан. Қазіргі әрбір халық, әрбір ұлт өзінің мемлекетін құрып, тәуелсіздігін сақтап, әлемдік қауымдастықта жеке-дара мемлекет болып қалыптасу жолында күш-жігерлерін аямауда. Халықаралық келісімдер мен үлкен алпауыт одақтар осының кепілі іспетті қызмет атқаруда. Алайда лаңкестіктің де сипаты біртекті емес. Ол саяси ахуалға байланысты, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарға байланысты өзгеріп отыратындығын да көріп отырмыз. Әртүрлі арнайы құпия ұйымдардың, мемлекеттік саяси жоспарлардың араласуымен де кез-келген уақытта лаңкестік орын алуы мүмкін екендігін қазіргі саясаттанушылар жоққа шығармайды. Дегенмен, осындай бұлыңғыр себептермен қоса лаңкестіктің басты шарттарының бірі дінді, діни көзқарастарды жамылған діни-саяси экстремизм екені даусыз. Біреулер шынайы күресудің жолына түссе, енді берулер күрескен сыңай танытуда.

Ұлт қауіпсіздігін арттыру, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бұл тек қана мемлекеттік органдардың ғана алдында тұрған мақсат емес, қоғам болып күресетін үлкен қауіп. Бұл ретте ортақ мәселеге азаматтық қоғам, дін өкілдерінің де белсенді қатысып жатқанын атап өткен жөн. Әсіресе, жат ағым жетегінде кеткен азаматтармен жұмысты жандандыру – басты назарда.

Жастар арасында осындай рухани адасушылықтың алдын алып, ұлттық сананы қалыптыстыруда Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласы айрықша рөл атқарады. Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу бірінші кезекте тұруы тиіс.

Аталмыш бағдарлама бойынша, жаңғыру екі бағытта жүзеге асуы тиіс. Оның алғашқысы өткенді жаңғырту, өткеннің өнегесінен, құндылықтарынан, дүниетанымынан нәр ала отырып ұлттық кодты сақтау болса, екіншісі ұлттың дамуына кедергі болатын кертартпа әдеттер мен түсініктерден арылу. Алғашқысы рухани құндылықтарға бағытталса, екіншісі материалдық игіліктерге бағыттарған қадам болуы тиіс.

Өткеннің кертартпа әдеттері мен түсініктерінен арылу барынша қиын, әрі күрделі жағдай. Олай болатыны халқымыздың қанына біткен әдет-салттарының арасында ұлтты үмітсіздікке, кертартпалыққа, тоқпейілсуге, немкеттілікке итермелейтін сана аз емес. Тіпті «біз қазақ осындаймыз» деген сөзді көп жағдайда болымсыз сипатта қолданатынымыз жасырын емес. Сондықтан, адамдардың бір-біріне деген көзқарасы, сатқындығы, жалқаулығы, жатыпішерлігіне қатысты, тіпті бір кездері әдейі санаға сіңірген, жағымыз сипаттардан сананы сілку арқылы арылуға болады. Бірақ бұл ұзақ уақыт пен тұрақты тәрбиені қажет ететін үрдіс.

Руханиятқа қатысты алғашқы мәселе ретінде көтерілген ұлттық код, ұлттық мәдениеттің сақталуы біздің саламызға тікелей қатысы бар. Қазіргі кездегі кезек күттірмес өзекті мәселелердің біріне айналған шектен шығушылық, радикалдану, тіпті лаңкестікке баруға ұласып жатқан жаңсақ діншілдену жағдайында аса өзекті саналады.

Ұлттың руханиятынан сусындай алмаған, отбасында рухани тәрбиеден жырақ қалған қазіргі өтпелі, өлара шақтың кейбір замандастары діндарлану мен радикалдануды ажырата алмауда. Соның салдарынан бастапқы ниеті мен ойы дұрыс болғанымен, нәтижесі мен құндылық көзі қате болғандықтан тез адасып, тіпті қағынан жерініп, өзінің ата-анасына, ұлтына еліне қарсы ұстанымдарға еріп жатыр. Осы орайда өткен құндылықтарды жаңғырту, ұлт зиялылары мен ағартушыларының еңбектерін бағдар ретінде ұстану, өскелең ұрпақты тек заманауи біліммен ғана емес, рухани тәрбиемен де қаруландыру ел болашағының қазіргі талабы, болашақ руханиятының кепілдігі.

Әр елдің, халықтың қанына сіңген тәрбие беру ерекшеліктері бар. Ал дінде бұл тәрбие жүйесі өте сапалы дәрежеде құрылған және өзіндік түсініктерімен ерекшеленеді. Еуропалық үлгідегі тәрбиелеу жүйесінде тәрбие беруден көрі білім беру бағыты басым. Ал мұндай білім мен ғылымның белгілі дәрежеде кемшілігі болады. Себебі, шығыстық дүниетанымда тәрбиесіз берілген білімнің қоғамға оң ықпал етпейтіндігін әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы және қоғамға опат әкеледі» десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы «тәрбиесізге берілген білім оққа айналады, яғни адамзат үшін қатер тудырады» деген тұжырым жасаған.

Осыған байланысты қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қаншама ұлт руханияты түгенделген болатын. Алайда, оны тек кітапханалар мен арнайы мамандардың сөресінде сақтамай, жаппай ел жастарының рухани бағдарына айналдыру ұлттық кодты жаңғырту үшін қажет шаруа. Олай болмағанда қазіргі ел жастарының рухани бағдары сан алуан сала мен бағдарға бөлініп барады. Біреулері өркениеттілікке жету үшін батысты үлгі тұтып, киімін киіп, салтын ұстап жүрсе, енді бірі имандылық жолын іздеп, әр ағымның артынан еріп адасып жүр. Сондықтан ең алдымен мектеп қабырғасынан бастап жастарға рухани бағдар болатын құндылықтық мәні бар пәндерді қалыптастыру заман талабы.

Тұжырымдай келгенде, біздің руханиятымыз бен елдігіміздің өзегінде терең тәрбие құндылығы жатуы тиіс. Мұны біз ұлттық код ретінде сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыруымыз қажет. Демек, әр кезеңде рухани жаңғырып, жаңарып отыруға мұқтажбыз десек, қазіргі кезеңде бұл міндетке айналып отыр.

Мұхамедқали қажы Саликов,

Саран қалалық орталық мешітінің бас имамы