Бүгін: 07.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Наурыз айының соңында Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы болып табылатын Қарағанды облысы бойынша кәсіби даму институты қалалық білім бөлімімен бірлесіп Саран қаласындағы мұғалімдерге арнап Қарағанды облысының педагогтерін курстан кейінгі қолдау көрсету аясында әдістемелік күн өткізген болатын.

Ондағы мақсат - педагогтердің пәндік және әдістемелік құзыреттіліктерін дамыту дейді шара ұйымдастырушылары. Аталмыш семинардың шымылдығы Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаевтың алғы сөзімен түрілді. Содан кейін Білім берудің қоғамдық-гуманитарлық мазмұны кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Г. Ибрагимова сөз алып, қатысушыларды педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының 2023 жылға арналған жоспарымен таныстырып өтті. Одан кейінгі сөз кезегі аға оқытушы С. Ташетова мен бас әдіскер Н. Филиноваға беріліп, олар қала педагогтерін мұғалімнің тәжірибесіндегі зерттеулер жайында, Action Research және Lesson Study туралы және басқа да көптеген пайдалы мағлұматтармен таныстырды.

Айта кетейік, аталмыш семинардың I блогы орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналып ұйымдастырылған болатын. Бұл бөлімде аға оқытушы Р. Саттибаева «Географиялық номенклатураны меңгерту әдістерін» көрсетсе, аға оқытушы А. Сыздыкова  «HTML тілінде Web-құжаттарды жасау әдістерімен» таныстырды. Ал аға оқытушы М. Кисабекова мен Жумабек Ташенев атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Г. Жакудина Саран шаһарының бастауыш сынып мұғалімдеріне бастауыш мектепте дивергентті міндеттерді шешу жолдарын көрсетсе керек-ті.

Бұдан бөлек, аға оқытушы У. Майбасова мұғалімдерді «Бастауыштағы жиын және логика элементтері» тақырыбындағы тапсырмаларды орындау тәсілдерімен таныстырса, аға оқытушы С. Ташетова «Комбинаторлық» есептерді шешу әдістерін көрсетті.

Ал семинардың II блогы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналды. Осыған орай қаланың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне Білім берудің қоғамдық-гуманитарлық мазмұны кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Г. Ибрагимова «Ойын шеберханасы» атты шеберлік сыныбын өткізді. Семинар рефлексия және іс-шараны қорытындылаумен мәреге жетті.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ