Бүгін: 07.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазіргі кезде өркениеттері жаһандық дамудың әр түрлі кезеңдерін басынан өткізуде. Еліміздің тәуелсіздік болып қалыптасуының өзі де күрделі тарихи кезеңдерден өтті, қазір де әлеуметтік, саяси, мәдени тұрғыдан қиындықтар аз емес. Ең бастысы жастар мәселесі, олардың үлкен тұлға ретінде қалыптасуындағы рухани құндылықтар, ұлттық мәдениеттің әсері туралы сұрақтар ең басты мәселе болып табылады.

Бұл адамдар өз халқының салт-дәстүрлерін терең түсінеді және сақтауға тырысады. Ол ешқашан ескерткіштерді бұзып, кітаптарды өртемейді. Керісінше, қорғап қалуға ұмтылады. Мемлекетіміздің болашағы осындай кісілердің қолында. Қоғамның дамуы – мәдениетті адамдардың көбеюіне байланысты деп ойлаймын. Жастар қоғамдық бірлестіктері жасөспірім пен жас адамның тұлғасы қалыптасатын, қажетті көшбасшылық қасиеттер иемденетін, ұжымда жұмыс жасау, басты мәселені ажырата алатын, оларды шешудің тиімді жолдарды табу қабілеті қалыптасатын институт, зертхана болып табылады. Осыған байланысты мемлекет жастар қозғалысын тұрақты қоғамның факторы ретінде ғана емес, елдің ілгері дамуының ұтымды болашағы, демократиялық өзгерістердің қайтымсыздығының кепілі ретінде де қарастырады. Қоғамда ұрпақтар жалғастығы мәдени мұраларды игеру, қабылдау және оны шығармашылықпен дамыту арқылы жүзеге асады. Мәдени ақпараттар — салт-дәстүр, әдет-ғұрып, рәсім-рәміз, діл мен тіл, дін және өнер, білім т.б. руханилықтың белгілі бір деңгейін меңгерудің нәтижесінде мәдениет субъектісінің өзіндік санасының жанды буынына айналады. Яғни біздің алдыға қарай дамуымыз үшін өткенімізді біліп мәдениеттің не екенін түсінуіміз керек. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіміз – біздің басты байлығымыз. Қасиетті де киелі қазақ жерін, қазақ болмысын сақтап қалу – бүгінгі үлкен мәселенің бірі. Жаһандану дәуірінің өзіндік жақсылығы мен қиындығы қатар жүруде. ХХІ ғасыр адамы – адами қасиеті қалыптасқан, ұлтжанды, жаңа инновациялық технологияларды меңгерген, терең білімді, жаңалыққа құмар, бәсекеге қабілетті, салауатты өмір сүре алатын, шығармашыл тұлға болуы керек. Этномәдениет ата-бабаларымыздың тәрбиеге байланысты   ғасырлар қойнауынан сараланып жеткен іс-тәжірбие жиынтығы, қанша  уақыт өтсе де тат баспайтын адалдығы айнадай ұлттық қазына. Халқымыз өз ұрпағын ізгілікке  инабаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуді басты мақсат санаған. Олай болса, бүгінгі ұрпағымызды халқымыздың баға жетпес бай салт-дәстүрі негізінде тәрбиелеу, оларға ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін терең сіңіру қажет. Халық батыры Бауыржан Момышұлы  айтқандай «Өткенін білмеген, одан тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы-тұл, келешегі тұрлаусыз» деп атап өткен. Бала тәрбиесі – ұстаз бақыты. Ендеше, бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ үшін сапалы адам тәрбиелеуде аянбай еңбек етейік.

Н. Кернебаева,

КМҚК Саран Мәдениет үйі «Жас отау» ЭМҚБ жетекшісі