Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Ат», «Атау» мәселесі қашаннан өте даулы, өте қызықты екені белгілі. Алайда осы ат берудегі өзіндік мәселелері де шектен тыс қалған емес. Ал бүгінгі таңда бұл мәселе керісінше үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ат беруде қай тілде, қай елде болмасын көп жағдайда сол «ат», «атаудың» этимологиясына мән берері сөзсіз. Неге десеңіз, жер-судың аты – тарихтың хаты. Яғни, ұлттық ономастика — мемлекеттік идеологияның бір тірегі.

Жуырда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Саран қласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының бірлесе ұйымдастыруымен қала мекемелері арасында «Ұлттық ономастика – ел айнасы» атты қалалық байқау өткен болатын.

Ондағы мақсат - «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңын, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ қала тұрғындарын мемлекеттік тілді, төл тарихты білуге баулу, қазақ халқының көне салт-ғұрпын, дәстүрлі таным-түсінігін және көнерген сөздерді жаңғырту һәм сол арқылы Қазақстан халқының бірлігін насихаттау болды.

Ономастикалық тақырыптағы байқауға Саран қаласының мемлекеттік мекеме мамандары мен мемлекет меншігіндегі мекеме қызметкерлерінен құралған 5 команда қатысты. Атап айтқанда, олар қала әкімдігіне қарасты Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен Саран қаласының құрылыс бөлімінің «Жалын» құрама командасы, Саран қаласының полиция бөлімінің «Жігер» командасы, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының қызметкерлерінен құралған «Алаш» командасы, Саран қаласының жастар ресурстық орталығының қызметкерлерінен құралған«Жастар» командасы және шаһардағы өзге ұлт өкілдерінен құралған «Достық»  құрама командасы.

Ал сол командалардың топ мүшелерінің жауаптарын саралап, қорытынды шығарып, әділ бағасын беріп отырған сарапшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облысы бойынша Саран қалалық филиалының төрайымы Жарылғапова Береке Өмірзаққызы болды.

Байқау «Тұлғалар», «Тарихи орындар», «Көрікті жерлер», «Сыр сандық» атты төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде командалар ел тарихында орны ерекше тұлғалардың суреттері арқылы есімдерін анықтаса, екінші кезеңде ежелден келе жатқан түрлі күмбездер, мазарлар, ескеркіштер секілді нысандардың атау керек болды. Ал үшінші кезеңде еліміздегі өзен-көлдер, таулар секілді әдемі жерлердің, түрлі ғимараттардың суреттері арқылы атауларын дөп тауып айтса, соңғы төртінші кезеңде әр ұяшықта жасырын көнерген сөздің мағынасын ашып берді, мақал-мәтелдерді аяқтады, жұмбақтардың шешімін тапты.

Нәтижесінде Ақтас кентінің мәдени–сауық орталығының қызметкерлерінен құралған «Алаш» тобы І рынды қанжығаласа, Саран қаласы әкімдігі қызметкерлерінен құралған «Жалын» тобы ІІ орынды, ал Саран қаласының жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінен құралған «Жастар» тобы ІІІ орынды иеленді.

Иә, туған өлкеміздегі жер-су, елді мекен атауларының отаршылдық-тоталитарлық дәуірлерде қандай өзгерістерге түскені бізге тарихтан белгілі. Біз, бүгін, осы жер-су атауларының шығу тарихына тереңірек үңілсек, онда үлкен сыр жатқанын білеміз. Ендеше, ескі атауларды қалпына келтіру тарихи әділеттілікті орнату деген сөз. Міне, сондықтан да, Саран шаһарында, тіпті жалпы облысымызда ономастика мәселесіне үлкен мән беріле бастаған секілді. Оған дәлел бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан Ұлттық ономастика – ел айнасы» атты қалалық байқауы.

Пы-сы: Әлемге әйгілі саясаткер Уинстон Черчилль бірде: «Саясаттың да серті болады. Оның біріншісі – кешікпеу. Ұлттық мүдде ұтатын жерде ешуақытта кешікпеу керек. Шешімді тез қабылдаған жөн... Екіншісі – асықпау. Ұлттық мүддеге нұқсан келетін, я болмаса аяқасты етілетін жағдайда шешім қабылдауға ешуақытта асықпау керек. Сағыздай созып, сөзбұйдаға салып, оны келесі буынның үлесіне қалдырып кету керек», – деген екен.

Біз бәріміз осы сөзден міндетті түрде қорытынды шығаруымыз керек. Өйткені, бұл ұлт үшін, болашақ ұрпақ үшін аса қажет дүние!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА