Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жыл сайын бұл мереке 15 сәуір күні аталып өтеді. Мәңгілік махаббат символына айналған Қозы мен Баян күнін алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған еді. Ол жастар ұйымдары, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттық ғашықтар күнін мерекелеуге шақырды. Дархан Мыңбайдың бастамасы көптің көңілінен шыққаны рас, бірақ мерекенің нақты датасы көпке дейін белгіленбей, әр өңір әртүрлі тойлай бастады. Мәселен, Таразда 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні, Семейде 11 наурыз – Баян күні, ал Қызылордада 19 мамыр – Қозы күні аталсын деп жан-жаққа тартты.

2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Ал 2012 жылы елордадағы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық «Ақсүйек» ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырды. Дәл сол жылы Көкшетаудың ерікті жастары да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлайтын жастардың саны біртіндеп артып келеді.

Бір қызығы, күні бүгінге дейін 15 сәуір қандай да бір құжатта белгіленбеген, сондай-ақ бұл күн ешбір тарихи оқиғаға негізделмеген. Ғашықтар күні көбіне мектептің жоғары сынып оқушылары арасында, колледж және ЖОО студенттері арасында аталып өтеді.

Осы атаулы дата қарсаңында қалалық мәдениет үйінде «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігі мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық коледжінің «Жігер» студенттік парламентінің бірлесе ұйымдастыруымен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» атты ғашықтар күніне арналған жұптар кеші өтті. Ұлттық ғашықтар күніне орай ұйымдастырылған байқауға колледж студенттерінен құралған 8 жұп қатысты. Махабббат тақырыбына арналған байқауда өздерін бір сәт Қозы мен Баян сезінген қыз-жігіттер 4 кезең бойынша бақтарын сынады. Шарада аталған оқу орнының студенттері махаббат жайлы өлеңдер оқып, әуезді әндер шырқап, өз сүйіктілеріне деген сезімдерін түрлі өнерлері арқылы паш етті.

Жастардың өнерін 5 адамнан тұратын қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында «Жас отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржамал Кернебаева, Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Динара Жупенова, Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Альбина Нұрмаханова, Аманат партиясынан Айнұр Аяганова және «Жігер» студенттік Парламентің президенті Серікбол Оразханұлы болды. Қазылар алқасы басты назарды жұптардың дайындықтарына, көрермен алдында өздерін ұстауларына аударды. Сонымен қатар, жұптардың бір-біріне деген көзқарасы, бірігіп тапсырмаларды орындаулары да ескеріледі.

«Ғашық жүрек сүйгені үшін бола алмайды жазалы, Адам азса ғашықтықтың жоқтығынан азады... Ғашық болу келсе кімнің қолынан, әлем соған сенеді. Құлай сүю –ерлікпен тең себебі!» деп ұлтымыздың ақиық ақыны Мұхтар Шаханов жырлағандай адал ғашық болып, ерліктерге жол бастар күн 15 сәуір елімізде «Ғашықтар күні» болып белгіленгеніне бүгінде бірнеше жылдың жүзі болды. Аталмыш мерекені атап өту жүрегі елім деп соққан әрбір ұлтжанды азамат үшін үшін маңызды», - деді бізбен тілдескен сәтінде «Жігер» студенттік парламентінің үйлестірушісі Әлішер Манаш.

Иә, жоғарыда айтып өткеніміздей, байқау 4 кезеңнен тұрды. «Тегімді менің сұрасаң...» атты бірінші кезеңде жұптар өздерін таныстырса, «Өнерге әр кімнің-ақ бар таласы...» атты екінші кезеңде әр жұп өзінің таңдауы бойынша қалаған өнерлерін ортаға салды. Бұл кезеңде үміткерлердің сахна мәдениеті, орындау шеберлігі және шығармашылық  талғамы сыңға түсті.

Ал «Кино – ұлт бейнесі» атты төртінші кезеңде интерактивті тақтада кинофильм үзінділері берілді. Жұптар Ссол фильмдерді тауып, авторын атады.

 «Үй тапсырмасы» атты соңғы төртінші кезеңде жұптар махаббат тақырыбы аясында топтық көрініс көрсетті. Қай тапсырманы алсаңыз да жастардың жан-жақтылығы көрініп тұр, шынайы махаббаттың үлгісін көрсете білді. 

«Инабатты, ибалы қазақ қыздарын көрдік. Сол нәзік жандыларды сыйлау үлгісін көрсеткен жігіттер де өте мықты. Жырларды қандай жақсы айтты. Түсініп жүрекпен оқыды. Салт-дәстүрден де білімдері жақсы. Риза болдық», - деді «Жас отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржамал Алдаңғорқызы. Бұл байқаудың әділдігін саралаған төрешілер пікірі.

Байқау қорытындысына сай Қозы Көрпеш-Баян Сұлу бейнесін сомдаған Әліби Макенов пен Іңкәр Шалқардың жұбы бас жүлдені қанжығаласа, Ерсін Бектеміс пен Айзада Дүйсенбай 1-орынды, Мейірбек Ергали мен Алтынай Марат 2 орынды, ал Мерей Ізбасар мен Дария Агзамованың жұптары 3 орынды иеленді.

Бұрын ақпан айында аталып өтіп жүрген халықаралық ғашықтар күніне балама ретінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаты мен сүйіспеншілігіне арналған мерекелі күнді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық коледжінің ұжымы жыл сайын жоғары деңгейде атап өтуді дағдыға айналдырған. Осы арқылы елімізде ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделген жаңа тұрпатты мерекеге айналдыруды үрдіске айналдырмақ. Енді оны ұлттық дәстүрлерімізбен жарастырып, одан әрі байыту, әрі қарай жалғастыру қоғамның, әсіресе, жастар қоғамының міндеті болып отыр.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор