Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

1941 жыл 22 маусым... Қаншама адамның балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғысына тұспа-тұс келді. Оларды ешкім жас, кәрі деп қараған да, аяған да жоқ. Есесіне олар Отан үшін отқа түсуден тайынбады. Биыл сол сұрапыл соғыстағы жеңіске 78 жыл толмақ.

Сұрапыл соғыс жылдарында неше мыңдаған есіл ерлеріміз қаза тауып, қаншамасы өзінің бір мүшесін қалдырып, мүгедек болып оралды, миллиондаған халық тылда еңбек етті. Жеңіске жету жолында қан төгілді, жан берілді. Бүгінгі материалымызда соғыс күндеріне оралып, ерлік көрсеткен жерлестеріміз турасында сөз қозғаймыз.

Соғыс басталысымен мыңдаған қарағандылықтар әскери комиссариаттарға келіп, өздерін Қызыл Армия қатарына алуға өтініш білдірді. 1941 жылдың соңына қарай облыстың әскери комиссариаттарына 25 мыңнан астам өтініш түсті, оның 10 мыңын қарағандылық қыздар жазған еді. Соғыс жылдары майданға барлығы 59935 адам жіберілді.

Қарағандылықтар Отан үшін өшпес ерлік көрсетіп, жан қиярлықпен айқасты, Олар Ленинградты, Сталинградты қорғады, Курск шайқасына қатысты. Украинаны, Чехословакияны, Молдавияны, Румынияны, Венгрияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етті. Солардың ішінде біздің де жерлестеріміз бар.

Абильсеитов Титобай Көшенұлы. 1925 жылы 3 наурызда дүниеге келген. 1944 жылы желтоқсанда әскери училищені аяқтап, 120 милиметрлік 592 СП 203 СД миномет батареясының взводын басқарған.

1945 жылы 5 сәуірде Чехословакия аумағында граната сынықтарынан ауыр жарақаттанған. « ...жерде жатқан кезімде, басымнан жарты метр қашықтықта граната сол жағымнан жарылды. Жарылыстың әсерінен есімнен танып қалдым. Содан санитар батальонында жатқанымда менің денемнен жиырмаға жуық ұсақ сынықтарды алып шыққан екен», - деген естелігі келтірілген Титобай Көшенұлының «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа аманат» атты Саран қаласының Екінші дүниежүзілік соғысындағы ардагерлеріне арналған кітабында.

1960 жылдан бастап Титобай Көшенұлы Саран қаласының халықтық сотында төраға қызметін атқарған.

Ал екінші арадагеріміз – Малшыбеков Білал Бетжанұлы. Білал Бетжанұлы 1918 жылы дүниеге келген. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тумасы. Білал Бетжанұлының қызы Роза Білалқызының әкесі туралы естелігіне сүйенетін болсақ, Білал Малшыбеков 1939 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақыртылады. Әскери қызмет еткен жері - Қиыр шығыс. Себебі осы жылы сол аймақта Жапон мемлекеті тарапынан өте ауыр соғыс қимылдары жүріп жатса керек-ті. Білал Бетжанұлы басында 71 саяси артиллериялық полкінде, одан кейін 157 атқыштар полкінде, ал соңында 39 гвардиялық атқыштар корпусында санитариялық нұсқаушы болған. Соғыстан 1946 жылы қайтып оралады. Соғыстан кейінгі жылдарда Саран қалалық қаржы бөлімінде инспектор болып қызмет жасаған. Ол жерде 1978 жылға дейін еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шығады. Бірақ Білал Бетжанұлы үйде құр бос жатпас үшін, іле-шала тура сол зейнетке шыққан жылы мемлекеттік банкке инкасссаторлық қызметке тұрады. Ол жерде 1982 жылға дейін еңбек еткен екен.

1982 жылы Білал Малшыбеков қызмет барысында жол апатынан қайтыс болады. Инкассаторлар келе жатқан авкөлік аударылып, алған ауыр жарақаттарына байланысты Білал Бетжанұлы жан тапсырады.

«Әкеміз көп сөзді адам еместін. Соғыс туралы бізге ешқашан тіс жарып айтқан емес. Біз әкеміздің соғыста болғаны туралы тек азғандай фотосуреттерден қарап, білген болатынбыз. Отбасымыз үлкен болатын. Бір шаңырақ астында әкем мен анам, 8 бала болдық және екі әжеміз де әке-шешелеріміздің қолында болды.

Әкеміз бізді сөзбен емес, көбіне өнегелі іс-әрекетімен тәрбиелеп өсірді. Бізге үнемі жақсы оқыңдар деп айтып отыратын. Сәйкесінше біз де әке-шешемізді ренжітпеуге тырысатынбыз.

Марқұм әкем ұзақ жылдар Саран қалалық қаржы бөлімінде салық инспекторы болып қызмет етті ғой. Анамыз бізге: «50 жылдары салық тек Саран қаласында емес, Абай және Абай қаласына қарасты кенттер мен Тентек кентінде де (қазіргі Шахтинск қаласы) жиналатын. Яғни ол салықты осы Саран қалалық қаржы бөліміндегі салық инспекторлары жинады. Себебі ол кездері бұлардың бәрі Саран қаласына қарасты болатын. Сонда әкелерің салықты осы қалалар мен кенттерді автобустың жоқтығынан жаяу аралап жүріп жинайтын», - деп кезінде үнемі айтып отыратын.

Соған байланысты болар, бұрынғы қаржы бөлімінде істеген әріптестерінің айтуына қарағанда, әкем марқұм ұжымдастарының арасында зор құрметке ие болған адам екен.

Сондықтан да әкеміздің жұмыстағы әріптестерімен, отбасы мүшелерімен, өз араларындағы жақын достарымен жасаған адамгершілік қарым-қатынасын біз күні бүгінге дейін өзімізге үлгі тұтып, өмірлік ұстаным етіп келе жатқан жайымыз бар», - дейді әкесі жайлы есіне алған Роза Білалқызы.

Бізге ең маңыздысы – кешегі Ұлы дала батырларының тіккен ерлік туын құлатпай, асқақ ұстаған осы заманғы қазақ батырларын жас ұрпақ қастер тұтсын, ардақтасын деген ізгі тілекті жүзеге асыру. Өйткені, қазақ қанынан жаралған жас ұрпақтың Отан үшін от кешкен аталары мен апаларының есімдерін әрдайым қастер тұтып жүргендері абзал! 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германияның Кеңес Одағына опасыздықпен басып кіргеніне биылғы жылы 78 жыл толмақ. 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны – ащы шындық. Олардың басым көпшілігі ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың ерлік рухын асқақтатты. Біз бүгін тілге тиек еткен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жерлес ардагерлеріміз соның айғағы.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ