Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран шаһарында жас робототехниктер тағы да бас қосты. Тек осы жолғы жарыс «RoboLand 2023» VIII Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестиваліне іріктеу болды.

Оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамыту, инженерлік дағдыларды қалыптастыру, білім беру робототехникасы мен бағдарламалауды танымал ету, мықты командаларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған шара сәуір айының 20 жұлдызында қалалық мәдениет үйінде өтті. Оған шаһардағы сегіз жалпы білім беретін мектептердің оқушыларынан құралған 21 команда қатысып, өз-ара бақсынасты. Барлығы 40 адам.

Жалпы «ROBOLAND» фестивалі – Қазақстандағы алғашқы және ірі робототехникалық жоба, сонымен қоса, техникалық шығармашылық пен жаңа технологиялардың ең ауқымды форумы болып табылады. Бұл сайыс 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Бес номинацияда Қарағанды облысы мен Қазақстанның қалаларынан 30 команда жарысты. Бір жылдан кейін ол Халықаралық атанып, Қазақстан, Ресей және Сербиядан 200-ден астам команда қатысты. Жыл сайын фестиваль ауқымы кеңейе бастады. 2018 жыл сайыс рекордты болды: 32 номинация, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Польшадан келген 1 500 бала мен жасөспірім. Алғаш рет STEM Robot Mouse санатында мектеп жасына дейінгі балалар жарысты.

Ал «ROBOLAND» фестивалін өткізудегі басты мақсат – білім беруді дамыту, оқушылар арасында ғылыми-техникалық шығармашылық пен робототехникаға деген қызығушылығын арттыру, ынталандыру және танымал ету; робототехникалық бұйымдарды жасау арқылы өзекті мәселелерді шешуге жастарды тарту.

Арманшылдар алаңқайына арналған қалалық іріктеу сайысы 6 санат бойынша өтті. Атап айтқанда, олар - «Робогеометрия», «Роботты жина», «Роботтар басқаратын шағын футбол», «Сумо», «Шығармашылық категория» және «ROBOTMOUSE» сынды санаттар. Айта кететін бір жайт, қалалық сайыстарда жылдан-жылға ұсынатын санаттардағы тапсырмалар да күрделеніп келеді. Мұндай қадам жарысқа осымен бірнеше рет келіп отырған қатысушылардың жаңа технологияларды дамытып, игеруі үшін жасалып отыр дейді шараны ұйымдастырушылар.

– «ROBOLAND-2023» VIII Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінің іріктеу жарыстарына қатысу үшін бүгін қаламыздың сегіз білім беру ұйымынан 40 бала жиналды. Жарыстың алты санатына 21 команда қатысады, олардың ішінде ең кішкентай қатысушылардың командалары - мектеп жасына дейінгі балалар. Барлық балалар бұл жарыстарға алдын-ала дайындалды, барлығы жеңіске жетуге бел буып келген, десекте ең мықтылар жеңімпаз болатыны түсінікті. Бұл іріктеу жарыстары біздің қаламызда жыл сайын «ROBOLAND» халықаралық фестивалі қарсаңында өтеді. Оларға қатысу балаларға баға жетпес тәжірибе мен ең жақсы мотивация береді, тек техникалық шығармашылық дағдыларын ғана емес, сонымен қатар көшбасшылық қасиеттерін, өз жобасын ұсына білуді дамытады, балаларға басқа да ынталы робототехниктерді көруге көмектеседі, – дейді қалалық Жас техниктер станциясы директорының міндетін атқарушы Т. Насекина.

Ал Саран қаласының білім бөлімінің әдіскері Дәурен Бейсен ұсынылған жұмыстардың балалардың өз қолымен жасалуына мән берілетінін атап өтті.

– Әлбетте, балаларға ұстаздары бағыт-бағдар беріп отырады. Дегенмен, роботтехникасы білім беру үдерісіне жатады, ал RoboLand болса нәтиже көрсететін шешуші сын, – дейді білім бөлімінің әдіскері. Өз сөзінде ол Қарағанды облысының робототехниканың дамуы бойынша ел көлемінде бірінші орында келе жатқаны туралы да тілге тиек ете кетті.

Осылайша бағдарламалау мен инновациялық технологияның тілін жетік меңгерген жеткіншектер ой жарыстырды. Аталмыш іріктеу кезеңінің қорытындысында «Робогеометрия» категориясы бойынша 1 орынды Данил Якунин мен Серегин Евгений, 2 орынды Макар Машинский мен Мухаммад Микаев иеленді.

«Роботты жина» категориясы бойынша Бейбіт Қажымұрат пен Асылбек Амантай 1 орынды, София Поспелова мен Никита Гоголев 2 орынды, Карина Медведьева мен Иван Прихотько 3 орынды иеленді.

«Роботтар басқаратын шағын футбол» категориясында 1 орын Горбунов Данил мен Кунабаев Арсеннің қанжығасында кетсе, 2 орын Романенко Дмитрий мен Мишутин Романға бұйырды, ал Щербаков Никита мен Тарасик Влад 3 орынды місе тұтты.

«Сумо» категориясында 1 орынды Макаренко Алексей жеңіп алса, 2 орынды Ворошилин Максим, 3 орынды Баринов Артем иеленді.

«Шығармашылық категория» санатында Сон Иван мен Шатульская Дарья 1 орынды, Башеев  Мансур 2 орынды, Братухин  Елисей 3 орынды иеленді.

Ал «ROBOTMOUSE» санатында 1 орынды Никитина Кира мен Путько Матвей жеңіп алса, Форостьянов Платон мен Шмидт Эмилия 2 орынды, Олещук Арина мен Хосоенова Амина 3 орынды иеленді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА