Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халық әпсанасы. Ежелден бірлікті тірлігінің арқауы еткен қазақ берекенің бастауын ынтымақтан іздеген. Тарихи шегініс жасап, өткенге көз жіберсек, егеменді еліміздің қарышты дамуы, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезе теңестіруі бірліктің, сол бірлік арқылы келген тұрақтылықтың арқасы екенін ұғамыз. Демек, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне ерекше көңіл бөлетініміз бекер емес.

Иә, бізді өзгеден ерек ететін қанымызға сіңген қонақжайлық қасиетіміз. Ұлтымыздың осынау дархан пейілімен мақтануымызға да әбден болады. Біреуге көмектесу, риза ету, алғысын алу жақсылыққа жетелемесе жамандық тудырмайды. Оған тарих та куә. Алысқа бармай-ақ кеңестік дәуірде біраз халыққа зобалаң тиіп, қанша жұрт атамекендерінен алыстады. Біздің елімізге жер аударғандар мен олардың ұрпақтары халқымыздың көңіл жомарттығын көріп қазірге дейін ризашылықтарын білдіреді.

Аузынан қазақ халқына, қазақ ағайындарына деген алғаусыз алғысы түспейтін жанның бірі – Саран қалалық орталық ауруханасының Хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Касанов Нуралы Жамалидинович.

Ол 1983 жылы 2 қарашада қазақтың қаймағы бұзылмаған шырайлы Шымшаһарға қарасты Түлкібас ауданында дүниеге келген. Нуралы қазаққа бауырлас, қандас, туыстас халық болып келетін түрік ұлтының өкілі. Отбасында 5 бала болып өссе керекті. 3 ұл екі қыз. Бас кейіпкеріміздің балғын балалық шағы сол Түлкібас ауданында өтеді. Сол жердегі орыс тілді орта білім беретін мектепті тәмамдаған соң, 2000 жылы Нуралы бала кезгі арманының ізімен осы Қарағанды қаласындағы медициналық университетке оқуға түседі. Аталған жоғары оқу орнында 7 жыл бойы оқып, «Емдік іс» мамандығы бойынша тәмамдап шығады.

Содан бірнеше жылдар бойы Қарағанды қаласында, Шымкент шаһарында алған мамандығы бойынша еңбек етіп жүреді де, 2012 жылы осы Саран қаласының орталық емханасына жалпы тәжірибе дәрігері болып жұмысқа орналасады. Ол қызметте сегіз ай жұмыс жасап, кейін орталық ауруханның хуриргия бөлімшесіне ординатор болып қызмет ауыстырады. Содан аталмыш мамандық бойынша 4 жыл қатарынан еңбек етеді де, 2016 жылы Хирургия бөлімшесінің меңгерушісі зауазымына дейін көтеріледі. Міне, осы лауазымды қызметте бас кейіпкеріміз күні бүгінге дейін адал еңбек етіп келе жатқан жайы бар.

Бүгінде Нуралы Касанов отбасын құрған. Екі бірдей қыздың әкесі. Әйелі болгар ұлтынан. Айта кетерлігі, ол кісі де осы медицина саласының тізгінін ұстаған жандардың бірі. Екі қызының үлкені мектеп жасындағы оқушы болса, кенжесі балабақшаға барады.

«Әкем де, шешем де түрік ұлтынан. Отбасында 5 бала болып өстік. Екі ағам да осы медицина саласында еңбек етеді. Бір ағам осы Қарағанды қаласындағы облыстық туберкулезге қарсы диспансерде қызмет етсе, екінші ағам Шымкент қаласына қарасты Түлкібас ауданындағы бір медициналық мекемеде жақ бет хирургі болып жұмыс жасайды.

Ал маған келетін болсақ, мен 2012 жылдан бастап осы Саран қаласының орталық ауруханасында еңбек етіп келе жатқан жайым бар. Оған дейін облыстық онкологияда жұмыс жасадым, Шымкентке қайтып, ол жақта да мамандығым бойынша біршама уақыт еңбек еттім. Бірақ тағдыр дейміз бе, әлде бір жаратқанның қалауы бсолай болды ма, Қарағандыға қайта оралып, қазір міне Саран шаһарында жұмыс жасап, осында отбасын құрып, өмір сұріп жатқан жайымыз бар.

Мен түрікпін, әйелім болгар ұлтынан. Сондықтан бізді интернационалды отбасы деуге де болады. Десек те, мен қызмет етіп жатқан бөлімшенің ұжымы ұйымшыл. Бірнеше ұлт өкілдері жұмыс жасайды. Ешкім сен өзге ұлтсың деп, өзектен теуіп жатқан жоқ Құдайға шүкір. Оның үстіне қазақ пен түрік түбір бір түркі халықтары емес пе. Біздің ортақ ата-бабамыз түрік болған. Сондықтан да қазақ пен түріктің арасында анау айтқандай айырмашылықтар жоқ шығар деп ойлаймын. Сол себепті де, қазақтың салты – менің салтым, қазақтың тілі – менің тілім.

Оған қоса, өзім орыс тілді мектепте оқығаныммен, бала кезден қазақшаға судай болып өстім. Иә, біріншіден, ол араласқан ортаға байланысты, екіншіден, мектепте де қазақ тілін оқып өстік қой. Ал, үшіншіден, қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандық тан да, қай мемлекетте өмір сүрсең, сол елдің мемлекеттік тілін білуің керек деп есептеймін өз басым.

Оның үстіне, кезінде қазақ даласы өзге ұлт өкілдерін жатсынбады, керісінше бауырына басты. Ол тарихты білмейтін жан шығар қазақстанда. Сондықтан да осы қазақ елінде тұрып жатқан қай өлт өкілі болмасын, қазақтарға құрметі зор, алғысы шексіз болуы керек деп ойлаймын. Ал мен өз басым осында туылдым, осында өніп-өстім. Сондықтан да мен өзімнің туған еліме, туған жеріме, туған халқыма қызмет етудемін және  ете де беремін», - дейді кейіпкеріміз.

Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан  артық  ұлт өкілдеріне ортақ отан болып тұр. Сол себепті де 1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні болып есептеледі. Әрі бұл күн, Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Еліміздің барлық өңірлерінде дерлік  1 мамыр тойланады. Мақсаты, ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып,  татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттау.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірілігі күні мерекесіне орай сарандықтарға қандай тілек айтар едіңіз деген сауалымызға:

«Ең бастысы, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы бұзылмасын. Елміз аман болсын, Президентіміз аман болсын.

Жоғарыда айттым ғой, тағы қайталап айтамын. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда әрбір өзге ұлттың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Сол бір зұлматты кезеңдерде бір үзім нанын бөліп беріп, алақандай баспанасына кіргізіп, бізді паналатып, бауырына басты. Сөйтіп, өзге елді, басқа халықты сүюдің керемет үлгісін көрсетті. Міне, осындай мейірімділік пен әлеуметтік ынтымақты көздейтін бірлік пен татулық мерекесінде барша қазақстандықтарды, жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын», - деп ағынан жарылды Нуралы Жамалидинович.

«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ