Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінде Техникалык және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтары арасында спорт саласы бойынша аймақтық кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Оған Қарағанды, Саран, Теміртау қалаларының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан дене шынықтыру пәнінің 6 оқытушылары қатысты. Аймақтық байқауды Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының мұрындық болуымен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі ұйымдастырды.

               Ондағы мақсат техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының спорт саласы бойынша үздік педагогтарын анықтау, дене шынықтыру оқытушыларының шығармашылық бастамаларын қолдау, кәсіби өсуге жәрдемдесу, осы кәсіптің оқытушылық еңбегінің беделін арттыру болды дейді байқауды ұйымдастырушылар.

               Бұдан бөлек, аталмыш байқау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының дене шынықтыру оқытушыларының кәсіби дайындық деңгейін анықтауды, окытушылардың беделі мен имиджін арттыруды және кәсіби шеберліктің озық тәжірибесін таратуды, талантты, шығармашылықпен жұмыс істейтін дене шынықтыру пәнінің окытушыларын анықтауды, білім алушылардың жоғары сапалы білімі мен дағдыларын қамтамасыз ететін инновациялық технологиялар мен оқыту әдістерін енгізуді және таратуды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының дене шынықтыру оқытушыларының кәсіби шеберлігін жетілдіруді көздесе керек-ті.

               Ал байқауға қатысушы облысымыздың техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының дене шынықтыру пәндерінің оқытушыларына сайыс барысында спорт-педагогикалық пәндер кафедрасының профессоры, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Дене шынықтыру және спорт факультетінің Биология ғылымдарының кандидаты Бөдеев Марат Тұрымұлы, академик  Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Дене мәдениеті және спорт факультетінің Дене тәрбиесі кафедрасының аға оқытушысы Қарынбаева Маржан Жайлаубайқызы, Қарағанды қаласының № 65 ЖББМ дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Кызкенов Арман Есенжолұлы, Қарағанды қаласының № 86 ЖББМ ККМ дене шынықтыру мұғалімі педагог- зерттеушісі Көпжасаров Серік Ғалымжанұлы, «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім беру өңірлік ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Нұрпейісов Әділ Жанатұлы, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Дене мәдениеті және спорт факультетінің Спорттық педагогикалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Педагогика ғылымдарының магистрі Тілеубек Бағдаулет, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің дене шынықтыру оқытушысы, педагог-зерттеуші Асланиди Галина Валерьевна қазылық етті.

Байқау «1 тур – «Тестілеу», «II тур – «Заманауи дене шыныктыру сабағы», «III тур – «Өз ісінің шебері» (Жаттығудың техникалық орындалуы), «IV тур – Президенттік тест нормативтері бойынша «Спорт түрлерінен жарыс» атты төрт кезеңнен тұрды.

Бірінші «Тестілеу» кезеңінде дене шынықтыру пәнінің оқытушылары «Қазақстанның спорт тарихы», «Дене тәрбиесі пәнінің мазмұны», «Оқыту әдістемесі» сынды тақырыптар бойынша компьютерлік тестілеуден өтті. Тестте берілген тапсырмалардың саны 50 болса, оларды орындауға берілген жалпы уақыт 100 минутты құрады.

Екінші «Заманауи дене шыныктыру сабағы» кезеңінде байқауға қатысушылар өздеріне бейтаныс топта өткізді. Әр сабаққа берілген уақыт 45 минутты құрады. Сабақты өткізгенге дейін оқытушылар қазылар алқасына оқу сабағының жоспарын ұсынып, сабақты аяқтап болғаннан кейін өзі берген сабақ барысына талдау жасады. Талдауға берілген уақыт әр оқытушыға қазылар алқасының тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беруді қоса есептегенде 5 минуттан аспады.

Үшінші «Өз ісінің шебері» кезеңінде қатысушылар баскетбол, волейбол, футбол, гимнастика (акробатикалық жаттығулар) бойынша орындау техникасын ауызша түсіндіре отырып, практикалық дағдыларын паш етті. Сонымен қатар, олар жеңіл атлетика түрлері туралы ауызша айтып берді. Бұл кезеде әр қатысушыға 30 минут уақыт берілді.

Ал Президенттік тест нормативтері бойынша «Спорт түрлерінен жарыс» атты төртінші кезеңде дене шынықтыру пәнінің оқытушылары 60 метрге жүгіру, орнынан ұзындыққа секіру, асық ату, ерлер кермеге тартылу, ал әйелдер шалқалап жатып денені көтеру, дартс, баскетбол добын сақинаға дәл түсіру сынды тапсырмаларды орындады.

Байқау барысында қатысушылар теориялық және практикалық дайындықтарын, кәсіби біліктері мен дағдыларын, оқу-тәрбие үрдісіндегі инновациялық тәсілдерді пайдалану дағдыларын, жоғары еңбек мәдениетін және кәсіби-педагогикалық лексиканы меңгергендіктерін көрсете алды.

Нәтижесінде Абай Құнанбаева атыңдағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Дәулетбай Мұрат бас жүлдені қанжығаласа, «Мирас» Теміртау көпсалалы колледжінің оқытушысы Ілиясов Мирас Мейрамұлы 1 орынды иемденді. Ал Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Искаков Медет Серімұлы екінші орынды місе тұтса, Қазіргі заманғы көпсалалы колледжінің оқытушысы Қазыкенов Бағдат Серікбекұлына 3 орын бұйырды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор