Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«WorldSkills» – «Әлемдік бағыт» деген мағынаны білдіретін әлемнің 80 мемлекетіне таралған Халықаралық қозғалыс. Еліміз бұл қозғалысқа 2014 жылдан бастап енген.

WorldSkills – жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру және дәріптеу, кәсіптік білім берудегі техникалық, қызмет көрсету және құрылыс салалары бойынша қатысушылардың дайындығын, кәсіптік біліктілігін, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениетін, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды іс жүзінде қолдана алу біліктілігін сынау бағытындағы қозғалыс.

Аталмыш конкурс болашақ мамандардың білімі мен білігін арттыруда елеулі үлес алатыны айқын дүние.

Өткен аптада Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжі базасында техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары студенттері арасында WorldSkills кәсіби шеберлік байқауының аймақтық чемпионаты өтті. «Мектепке дейінгі тәрбие» және «Бастауыш сыныптарда білім беру» құзіреттілігі бойынша өткен бірнеше модульдік кезеңдерді қамтыған байқауда Қарағанды облысының 6 қаласынан, 8 оқу орыннан, барлығы 11 қатысушы өз білімдері мен таңдаған кәсібіндегі шеберліктерін ортаға салды. 

Ал қатысушылардың жұмысын Қарағанды облысының 10 тәжірибелі эксперті бағалады.

Іс-шара «Сапалы білім беру «Білімді ұлт» ұлттық жобасын іске асыру аясында WorldSkills International құзыреті бойынша WorldSkills Kazakhstan Ұлттық қозғалысын қолдау және жұмыс кәсіптерін таныту мақсатында өткізіледі.

Чемпионаттың мақсаты – жұмысшы мамандығының беделін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту болды.

Қазақстан бойынша өткізілетін республикалық чемпионатқа жалпы Қарағанды облысы 2015 жылдан бастап қатысып келеді. WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионаты жыл сайын жастар арасында танымал бола түсуде. Сондай-ақ, жыл сайын мамандар бағалайтын кәсіби құзыреттер саны артып келеді: 2015 жылы олардың жетеуі болды, ал бүгінгі таңда Қарағанды облысының Worldskills чемпионаты 52 құзыреттілік бойынша өткізілуде, ал оған қатысып жаьқан  колледж студенттерінің саны 350-ге жетті.

Екі күнге созылған аймақтық чемпионатта барлық қатысушылар шеберлік пен біліктілік дағдыларын көрсете алды. Бір қызығы биылғы жылғы байқауда жеңімпаз және жүлдегер орындар болған жоқ. Ұйымдастырушылар іс-шара мәреге жеткеннен кейін чемпионатқа қатысқан барлық студенттерге сертификаттар табыс етті.

Жеңімпаздар биылғы жылдың маусым айында өтетін WorldSkills Kazakhstan - 2023 республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына қатысады. Ал Халықаралық чемпионат 2023 жылдың қыркүйегінде Польшада өтеді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА