Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ертеңгі келер күнді бүгінгіден де нұрлырақ қылуға еңбек етіп жүрген Саран қаласының балалар өнер мектебі ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс деп есептейді. Және осы бағытта ғасырлар қойнауында келе жатқан бабалар үнін жас өркеннің бойына сіңіріп келе жатқан жайы бар.

Саран шаһарының Жеңіс көшесі бойында орналасқан өнер ордасынан білім алып жүрген шәкірттер мен талапты балғындар қатары жыл санап артуда. Өткен аптада Саран қаласының мәдениет үйінде жыл сайын жаңашылдылығымен, кәсіби дайындығымен таңдандыратын өнер мектебі таланттарының есептік гала концерті болып өтті.

Еліміздің мәдениеті мен би өнерін дамытуға үлес қосып, қала, облыс көлемінде өткізілген іс-шараларға белсене қатысып, көптеген облыстық, республиклық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген өнер мектебінің шәкірттері мен ұстаздары Мәдениет үйіне келген қонақтарға өз өнерлерін паш етті.

Балалар өнер мектебінің ұстазы Абжатов Қабиден Хамитұлы жетекшілік ететін домбырашылар квинтетінің орындауындағы күй гала концерттің шымылдығын түрді. Одан кейін сахнаға Аханова Виктория Викторовна жетекшілік ететін флейташылардың кіші ансамблі көтеріліп, Томас Вернердің «Танец маленьких утят» композициясын орындап, көрермен қауымның көңілін бір серпілтті.

Ал Тулепова Сания Сапарбековна жетекшілік ететін «Тұмар» қобызшылар ансамблі халық әндерінен поппури орындап, көпшілік алдында өз өнерлерімен ерекшеленді.

Балалар өнер мектебінің ұстазы Аскаров Жандос Серикович жетекшілік ететін «Өркен» домбырамен ән айтатындар ансамблі Б.Ғизатовтың «Біз өмірдің гүліміз» атты әнін тамылжыта орындап, ән өнерінің тыңдармандарды тәнті етті.

Бұдан бөлек, балалар өнер мектебінің есептік концертін тамашалауға келген көрермен қауымның алдында Прадан Людмила Николаевнаның жетекшілігіндегі «Жұлдыз» хореографиялық ансамблі мың бұрала би билесе, Габдрахимова Ольга Николаевна жетекшілік ететін «Виола» ішекті аспаптар ансамблі Экспромт композициясын, ал Рыскелдинова Аманкүл Абилхановна жетекшілік ететін «Әуен» фольклорлық ансамблінің кіші тобы «Угәй-ай» халық әнін орындап, көрмендерін  таң қалдырды.

Көздің жауын алатын сәнді ұлттық нақыштағы костюмдер, әдемі би қимылы, әр элементке баса назар аударып, шеберлікпен орындау биді түрлендіріп, көрермендерін баурап алды. Бір-бірінен өткен әр концерттік нөмір кеш қонақтарының таңдайын қақтырып, ерекше әсер етті. Сонымен қатар, концерт барысында балалар өнер мектебінің басқа да шәкірттері мен ұстиаздары өз өнерлерін көрсетті.

Көп жылғы адал еңбегі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жоғары кәсібилігі және қол жеткізген жетістіктері үшін ««Жұлдыз» хореографиялық ансамблінің жетекшісі Прадан Людмила Николаевнаға Саран қаласының білім бөлімінің Құрмет грамотасы табысталды.

Концерттің соңында дәстүрлі гүл шоғын тапсыруға кезек берілді. Лық тола залды жинаған өнерпаздардың есептік концерті жақсы атмосферада, жоғары деңгейде өтті. Концертке жиналған қауым өнер мектебі шәкірттерінің шыңдалған шеберлігінің куәсі болды, ұлттық билер мен жалынды әуен-саз, әдемі өрнектелген ұлттық және заманауи костюмдер көпшіліктің көңілінен шықты.

Балғын жастардың өнеріне тәнті болғандар қошеметтерін аямаса, немересінің қуанышын көруге келген ақ жаулықты әжелеріміз шашуын таратты. Ойын баласының әуезді үнге құлақ түріп, әртүрлі музыкалық аспаптардың құлағында ойнауы көңілімізді жайландырып, ел ертеңі өнерлі жастың қолында болса, ұлт болашағына сеніммен қарауға болады деген ой сайрап тұрды санамызда. Көрермендер концерттен ен жақсы көңіл-күймен, оң эмоциямен қайтты.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА