Бүгін: 19.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.

Әңгіменің басынан-ақ тақырыптың аясы аян болған шығар баршаға. Иә, «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында сәуір айының 26 жұлдызында бірыңғай әскери формадағы жасөспірімдер мен шаһар тұрғындары жиналды. Мақсат – жас сарбаздарды әскерге салтанатты түрде шығарып салу. Сәрсенбінің сәтті күнінде 18 жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.

Жас сарбаздарды  шығарып салуға ата-аналары ғана емес туыстары да келді. Залда мерзімді қызметке шақырылушылар, 44803 ә/б әскери қызметшілері, қала ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, алғашқы әскери даярлық оқытушылары, қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері, сарбаздар жасағы, қаланың білім беру ұйымдарының кадеттері.

Болашақ сарбаздарды Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Төртбаева, Саран қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Жүсіпбекова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Токушева, жауынгер-интернационалист Василий Казимир, Саран қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы майор Юрий Кривоносов, 44803 әскери бөлімінің дивизиондар тобы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмысы жөніндегі орынбасары, подполковник Нұртай Майлыбаев құттықтады.

Мемлекеттік Әнұранмен басталған салтанатты шарада ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Төртбаева жас сарбаздарға сәттілік тілеп:

«Қазақ «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Әсілінде, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Қайсарлықтың көрінісі емес пе? Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. Сондай жас буындар бүгінде күзгі әскерге шақыру науқанына аянбай атсалысты. «Борышымды өтеймін» деген жас өрендер әскерге аттанбақ ниетте. Ендеше сәт сапар сіздерге», - деді.

Сонымен қатар, 44803 әскери бөлімінің дивизиондар тобы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмысы жөніндегі орынбасары, подполковник Нұртай Майлыбаев әскерге аттанғалы тұрған жастарға сәттілік тілеп, өз тілегін білдірді.

«Отан алдындағы борышты өтеу, бұл – әр азаматтың абыроймен атқаратын міндеті. Халқымыздың қаһарман ұлы ­Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген өшпес өсиет қалдырды. Бұл өсиет әр сарбаздың көкейге түйетін қағидасына айналуы тиіс. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауы, көк аспанымыздың жарқырауы да – сіздерге байланысты. Сіздер әскери міндетті адал орындау арқылы кейінгіге үлгі боласыздар. Әскери борышты өтеу –сіздер үшін үлкен сын. Сол сыннан сынбай, ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, абыроймен оралатындарыңызға сенім мол», – деді подполковник Нұртай Майлыбаев.

Одан кейін Саран қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Юрий Кривоносов та сарбаздарға сәт сапар тіледі.

«Құрметті әскерге шақырылушылар, бүгіннен бастап сіздер екі есе патриот боласыздар. Себебі Отанды қатты жақсы көресіздер, ал әскери киім киіп, ант қабылдаған кезде екі есе патриот боласыздар. Бүгіннен бастап өздеріңіз үшін ғана емес Отан үшін де жауаптысыздар. Қазақстандық сарбаз атағын абыроймен алып жүруді тілеймін», – деді өз сөзінде майор Юрий Кривоносов.

Ата-аналар да жылы тілектерін жеткізді.

«Абыроймен қызмет етіңіздер. Сіздер біздің мақтанышымыз болып есептелесіздер. Ұлымыз әскерге қатты барғысы келді. Мен оны қазіргі келбетінде көріп, мақтанышпен көзіме жас алып отырмын. Оған әскери форма қатты жарасады», – деді әскерге шақырылған жас сарбаз Адамжанов Айдынның анасы Гауһар Көкенова.

Тілек білдіруге Айдынның әкесі Алданыш Мусабеков те қосылды.

«Ұлымыз әскерге өзі қалап, аттанып барады. Оның мұндай шешіміне риза болдық. Ұлымның жанымнан ұзап бара жатқанына аздап мұңайып отырмын. Бір жыл тез өтеді деп үміттенемін. Балаларымыз өз міндетін ерлікпен орындасын. Әскер адамды тәуелсіздікке және жауапкершілікке бейімдейді», – деді Алданыш Адамжанұлы.

Мерзімді әскери қызметтен өту қаруды, күрделі әскери техниканы қолдану дағдыларын үйренуге ғана емес, сол сияқты адамның физикалық және рухани күшеюіне ықпал етеді. Әскерге шақырушылар сақадай сай болып дайындалып алған. Еңселері көтеріңкі, көңіл-күйлері жақсы. Себебі олар саяттауға емес, Отан алдындағы борышын өтеу үшін саналы түрде әскерге аттанып барады.

«Қазақстан республикасының әр азаматының міндеті – Отан алдындағы өз борышын атқару деп есептеймін. Өзім де сол міндетті абыроймен атқару үшін әскерге аттанып барамын. Әскери тақырыптағы фильмдерді көргенді ұнатамын. Әрқашан форма киюді, солдаттар секілді сымбатты, мінезді болуды армандайтынмын. Армандар орындалады», – деп өз ойымен Айдын Адамжанов бөлісті.

Шығарып салу іс-шарасы әскери әндердің концертімен аяқталды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА